Сынақ куәгерлеріне құрмет көрсетті
Өткен ғасырда халқымыз небір қиын-қыстау, қысталаң күндерді бастан өткеріп, қасіретті тағдыр кешті. Әрбірінің санымызды кемітіп, жанымызды сыздатқаны тағы да белгілі. Солардың ішінде Абай туған топырақта ядролық қарулар сыналып, соның салдарынан адамдар өліп, ауруға ұшырап, шұрайлы жерлерін у басты. Сондықтан да 29 тамыз – еліміз үшін қасірет пен үміт астасқан тарихи күн болып саналады.
Осыдан 75 жыл бұрын Семей жерінде алғашқы жарылыс болды. Араға 42 жыл салып, 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойылды. Бұл оқиға халықаралық тұрғыда жоғары бағаланып, Қазақстанның ұсынысымен осы күн Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы бірлескен іс-қимыл күні деп жарияланды.
Атаулы күнге орай аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында алқалы жиын өтіп, оған Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев төрағалық етті. Сондай-ақ жиынға сынақ өткізген жылдары әскери борышын өтеп, зардаптарын жоюға атсалысқан шулықтар шақырылды.
Ең алдымен Найман Кенжеханұлы жиылған қауымға жылы лебізін жеткізіп, сын сағатта көрсеткен ерліктері мен ерен еңбектері үшін алғыс білдірді.
-Бүгін сіздермен Семей полигонының жабылған және Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күні қарсаңында жиналып отырмыз. Әлемдегі ең ірі ядролық полигонның жабылғанына биыл 33 жыл толып отыр. Ал, 2009 жылы Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Ассамблеясы 29 тамызды халықаралық күн деп жариялап, ерекше маңыз берді. Осылайша еліміз әлемге өзін бейбітсүйгіш, мейірбан мемлекет ретінде танытты. Мұндай бастама көтеріп, сауапты істі жасаған Тұңғыш Президент еңбегін атап өтпеске болмайды. Оны Мемлекет басшысы «Осы батыл әрекет әлем тарихында жарқын бет ретінде мәңгі қалатынына күмәнім жоқ» деп бағалаған болатын. Өздеріңіз жақсы білесіздер бұл сынақтың зардабын халқымыз 40 жыл бойы тартты. Себебі 468 мәрте ядролық қарудың сынағына куә болу кімге де болса оңай емес. Сол сынақтардың салдарын жоюға отандастарымыз, оның ішінде жерлестеріміз де атсалысты. Біз жүрек жұтқан ағаларымыздың ерлігін әрдайым жоғары бағалап, жас буынға үлгі етеміз,-деді аудан әкімінің орынбасары.
Мұнан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, Семей даласындағы сынақ куәгерлеріне ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табыс етілді. Сонымен бірқатар аға буын өкілдері аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов пен “AMANAT” партиясы аудандық филиалының төрағасы Б.Ниязбековтен тиісті марапаттарын алды.
Байжан Емберді.