Ақпараттық портал

Еңбек елеусіз қалмайды

Өткен аптада өңірімізде “Мәдениет – асыл қазынам” атты ауданның мәдениет күндері ұйымдастырылған болатын. Биыл екінші мәрте өткізіліп отқан ауқымды шараға шулықтар бұл жолы да тыңғылықты дайындалған. Бірер сағатта өте шыққан шараның дайындығына бір ай уақыт жұмсалғанын көпшілік біле бермейді.
Өңір намысын өз намысы санаған түрлі саланың қызметкерлері “Локомотив” стадионында алтын уақытын, жүйкесі мен жұмысын сарп етіп, міндеттерін мінсіз атқарды.
Осыған орай аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың төрағалығымен арнайы жиын өтіп, асқан ауызбіршілік танытқан шулықтарға шынайы алғысын білдіріп, ұзын саны 65 адамды марапаттады.
-Өздеріңіз жақсы білесіздер, өткен айдың соңында «Мәдениет – асыл қазынам» атты ауқымды шараны абыроймен өткіздік. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Айта кету керек, ауданның мәдениет күні жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Ербол Шырақбайұлы да қатысып, өз бағасын берді.
Халқымыз «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп бекер айтпаған. Бұл шараға көптеген жандар атсалысып, өздеріне жүктелген жауапкершілікті көтере білді. Бұл басқосудың мәні сол еңбек адамдарына алғыс айтып, құрмет көрсету болып отыр. Өңір намысын абыроймен қорғағандарыңыз үшін сіздерге мың алғыс! Мемлекет басшысы күні кеше бұқараға жол тартқан Жолдауында еңбек адамын құрметтеу, өнегесін тарату, ұрпақты еңбекке баулу керектігін айтты. Қымбат уақытын қиып, бірнеше күн стадионнан табылған шулықтар барлық құрметке лайық, – деді Бақытжан Оразалыұлы өзінің құттықтауында.
Мұнан кейін марапаттау рәсімі өтіп, бірқатар азаматтар “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.