Тіл мәртебесін арттыруда атқарылған істер ауқымды
5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі. Бұған дейін (1998 жылдың 20 қаңтарынан бастап) 22 қыркүйекте атап өтілетін мереке, Үкімет басшысының 2017 жылғы «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» қаулысымен 5 қыркүйекке ауыстырылған болатын. Атаулы датаның өзгеру себебі – «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты. Бұл күні барша қазақстандық қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тілдер мерекесін тойлайды.
Мақсат – көпұлтты елдің тұтастығын сақтау,
қазақ тілін дамыту және қолданыс аясын кеңейту, жас ұрпақтың бойында өз халқының да, елде тұратын басқа ұлттардың да мәдениеті мен дәстүрлеріне құрметпен қарауды қалыптастыру болып табылады.
Осыған орай елімізде тіл саясаты орнығып, оның аясында үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Ел тағдырына қатысты мұндай игі істен біздің ауданымыз да шет қалған жоқ. Бұл бағыттағы маңызды міндеттерді жүзеге асырып отырған аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұсынған мәліметке сүйенсек, бірқатар оңды істерді аңғарамыз.
Мысалы, ауданымызда тіл саясатының іске асырылуы және ономастика, атау беру мәселелерінің жай-күйі туралы айтар болсақ, аудандағы 618 көше атауының 110-ы немесе 17,7 пайызы жер-су атымен, 89-ы немесе 14,4 пайызы дәстүрлі атаулармен, 419-ы немесе 67,7 пайызы кісі есімімен аталады. Атауы ескірген көшелер мен қайталанатын атаулар айтарлықтай көп болмаса да, бұл бағыттағы тиісті жұмыстарды жүзеге асыру алдағы күндердің жоспарында тұр.
Аудандағы атаулары қайталанатын және атаусыз 7 мектепке нақты атау беру бойынша жұмыстар жүргізіліп, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 11 сәуірдегі №204 қаулысы негізінде ауыстырылған болатын. Олардың ішінде Дінмұхамед Қонаев, Алаш арыстары – Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Жансүгіров, Шерхан Мұртаза секілді ұлы тұлғаларымыздың, Кенен Әзірбаев, Құрманғазы секілді ұлы өнер тарландарының есімдері бар.
Бұл жұмыс өткен жылы да жалғасын тауып, 1 кітапханаға, 7 атауы жоқ мекемеге (№40 мектеп- лицейі, Оқушылар сарайы, Өнер мектебі, Техникалық шығармашылық орталығы, Балалар-жасөспірімдер орталығы №1, 2, Балалар-жасөспірімдер туризм-өлкетану орталығы), 4 елді мекен атауымен аталатын (Еңбекші, Мойынқұм, Жиенбет, Жайсан), 1 атауы қайталанатын (Алға) мектепке атау беру жұмыстары жүргізіліп, ономастика комиссиясына қарауға құжаттар ұсынылды. Аудан әкімінің орынбасары төрағалық ететін аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің, аудандық мұрағаттың, Шу аудандық баспасының қызметкерлерінен және ардагерлер ұйымының мүшелерінен құралған аудандық ономастика жөніндегі жұмысшы топтың 4 отырысы өткізілді.
Тіл оқыту курстары жөнінде айтар болсақ, бұл бағытта Тілдерді оқыту орталығының аудандық бөлімшесі жұмыс жасап келеді. Биылғы жылы қазақ тілін оқыту курстарына 65 тыңдаушы тартылып, 5 топ құрылды. Топ құрамындағы тыңдаушылардың барлығы өзге ұлт өкілдерінен құралған.
Облыс әкімі мен аудан әкімдері арасында жасалатын келісімге сәйкес тіл саясатын жүргізуге 1 нысаналы индикатор енгізілген. Көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің пайдалану дәрежесі басты нысанға алынады. Көрнекі ақпараттарға бланкілер, маңдайшалар, сондай-ақ хабарландырулар, түрлі жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, ас мәзірі, нұсқағыштар, аншлагтар, тағы сол сияқтылар жатады. Бұдан өзге кітапханашылардан «Тіл жанашырлары», 18 адамнан тұратын «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» қоғамдастық бірлестігі құрылған. Бүгінгі күнде ол Әділет департаментіне тіркеліп, жұмыс жүргізуде.
Тіл мәртебесін арттыруда рейдтік шаралардың рөлі ерекше. Бұл тұста ағымдағы жылы тиісті мамандармен 1617 көрнекі ақпарат зерделеніп, 259 көрнекі ақпарат түзетілген. Сол секілді көше атаулары жазылған тақтайшалардың дұрыс жазылуы мен бірыңғай үлгіде ілінуі де көшелеріміздің көркін келтіріп, тарихи-мәдени танымдық тәрбие беретіні анық. Аншлагтарды өзгерту, жаңғырту – жергілікті әкімдіктердің құзырында.
Аншлагтарды жаңарту жұмысы 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді. 2023 жылы Шу қаласы бойынша 5,0 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылып, 1600 аншлаг ілінді.
Бүгінге дейін Шу ауданындағы аншлагпен қамтылған көшелер саны 87,7 пайыз, аула бойынша 84 пайыз.
Мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі Казтест жүйесі бойынша тест тапсыру жұмысын ұйымдастыру арқылы айқындалады. Ағымдағы жылы осы жүйе аясында білім саласының қызметкерлері және 2 мемлекеттік қызметші тестілеуден өтті. Тіл мәдениетін көтеру мақсатында түрлі форматта іс-шаралар өткізілуде. «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық» айлығы жарияланып, ауылдық округтердегі тұрмыстық қызмет көрсету орындарына зерделеу жүргізілді. «Көркем тіл – сауатты жарнама» акциясы ұйымдастырылып, 5 жарнамалық агенттік басшыларына 2022 жылдың 22 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген көрнекі ақпаратқа қатысты заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндірілді. «Ономастиканың өзекті мәселелері» тақырыбында ауылдық округ мамандарымен семинар өткізілді. Өзге ұлт өкілдері арасында “Тіл – ұлтаралық қатынас құралы” атты байқау, “Абай оқулары” байқауы, «Мен қазақша сөйлеймін» және «Менің көшемнің тарихы» атты акциялар ұйымдастырылды. «Шерхан оқулары» мен Қазақстан халқының тілдері күніне орай онкүндік іс-шараларын ұйымдастыру бүгінгі күннің еншісінде.
Өздеріңіз байқағандай, тіл мәртебесін көтеру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту жолында бөлім тарапынан бірқатар маңызды істер атқарылуда.
Ендігі міндет – елімізде өмір сүріп жатқан әр саналы азаматтың өзі тұрып жатқан елдің туған тіліне құрметпен қарау дағдысын қалыптастыруға барынша ықпал ету. Бұл міндеттің жүзеге асуы көп болып қолға алып, баршамыз бір мақсатқа ойысқанда ғана мүмкін болмақ. Осы жолда баршамызға сәттілік серік болсын.
Динара Батырхайирова