Таңдандырған талайды тал шыбықтай бұралып
Өнерге құлаш ұрған өреннің құштарлығын оятып, бойында бір бұлқынып тұрған бұла күшті әсемдікке икемдеп, би өнерінде із қалдыруға жетелеген ұстазды биікке көтере білетін ел бар. Біртума дарын иесі болу бір бөлек те, таланттардың тал бойындағы өнерін тап басу бір бөлек. Би десе ішкен асын жерге қоятын қаракөздерге берері мол өнер есігін ашқан күннен бері толайым жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқан “Арнал” би студиясының арыны асау толқындай. Бір абыройын асырып жазбаққа бекініп, бір мақаланың нүктесін қойып бітіре бергенде тағы бір жетістігімен сүйіншілеп тұратынын айтпасқа болмайды. Шу жерінің биші қыздарын Қазақстанның түкпір-түкпіріне танытып қана қоймай, көршілес елдерге де өнерін паш етіп жүргені мақтауға әбден тұрарлық. Айнұр Мәліктей тал шыбықтай бұралған, өз ісінің хас шебері, қабілеті мен тәжірибесі ұштасқан жанның тәлімін алған шәкірттер топ жарған сайын қуанышымыз еселене береді.
Олар жуырда ғана Өзбекстан Республикасының мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен өткен «Zhuldyz Art Kazakhstan» атты халықаралық конкурс – фестивальға қатысып, жүлделі орынға ие болып қайтты. Кейде дәл қазақ халқындай кез келген ұлттың биін нақышына келтіре орындай алатын халық жер бетінде жоқ шығар деген ой келеді?! Үндінің де, өзбектің де, орыстың да, қытайдың да ұлттық билерін билегенде таңданбай қоймайсың. Ал, осы үнділер біздің “Қамажай”, “Қаражорға” сынды ұлттық билерімізді айнытпай билей алар ма екен?! Төрт жылға жуық талмай еңбек етіп келе жатқан “Арнал” би студиясының қоржынында бірнеше ұлттың билері бар.
«Арнал» би студиясының өнерпаздары Өзбекстан төрінде өткен халықаралық байқауда “Тұлпар”, “Ұйғыр”билерімен бас жүлдені иеленді. Ал, Сәрсенбай Ұлжан Саматқызы “Аққу”биімен бас жүлде, Еркін Еркеназ Талғатқызы «Ерке Сылқым» биімен І-орын, Еркін Диана Марданқызы «Білезік» биімен І-орын, Абдуалиева Асылжан Айболовна «Күміс сыңғыры» биімен І-орын, Мүсіреп Парасат Русланқызы «Үкілі Қыз» қазақ биімен І-орын, Еділ Айша Рүстемқызы «Қарлығаш» биімен І-орын, Берік Айбике Айтбекқызы «Ерке қыз» биімен І-орын, Карбекова Айлин Өмiрзакқызы «Raka Raka Dum» атты ұйғыр биімен І-орын, Сауыт Айым Мұратқызы «Сырғалым» биімен І-орынды қанжығаларына байлап қайтты. Жекелеген билерден кілең бас жүлде, І-орындарға ие болу дегеніңіз нағыз сүйіншілер жетістік емес пе?! Бұған қоса орта топтың биші қыздары “Айгөлек” биімен, үлкен топтың биші қыздары “Кесе” биімен І-орын иеленсе, орта топ “Буын” биімен ІІ-орынды жеңіп алды.
Болашақтың баянды болмағы бала санасына егілген білім нәрі мен тәлім-тәрбиеге байланысты. Білім мен тәрбиені тел емдіре жүріп, өнерге әуесі бар ұрпақты баптау үшін тер төгіп жүрген жандардың еңбегі бағалауға тұрарлық. “Өнерге әркімнің-ақ бар таласы, сонда да солардың бар таңдамасы” деп Абай атамыз айтпақшы, барлығы дерлік өнер қазанында қайнамаса да, ішінен шыққан таңдаулылары Шара Жиенқұлова сияқты апаларымыздың жолын қуса игі. Биге ынтасы бар қаракөздерімізді қанатының астына алып жүрген “Арналдың” алар асуы, басар белесі, бағындырар қамалы әлі алда.
Айғаным Асқарбек.