Ақпараттық портал

Шәкіров шәкірттерінің шыңы алда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында еліміздің ендігісі туралы сөз қозғаған болатын. Сонымен қатар, осы мәжілісте “Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе, қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес” –
деген еді.
Болашақ ғалымдардың болмысы мектеп қабырғасында қалыптасатыны белгілі. Ішкі ізденісін ғылыми жұмыстарға жұмылдырған оқушылар Шу өңірінде де бар. Оның ішінде біз С.Шәкіров атындағы орта мектептің бірқатар оқушыларына тоқталғымыз келіп отыр. Олардың көздеріндегі отты Тамыз кеңесіндегі көрмеден байқаған болатынбыз.

Кеңес Одағы батырының атын иемденген орта мектепті бүгінде осы мектептің 1999 жылғы түлегі Құндызай Иманқұлова басқарып отыр. Біз мектеп басшысына мән-жайды түсіндіргеннен кейін, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Әсел Шайсұлтанқызына шәкірттердің жұмысымен таныстыруды тапсырды.
Оқу ошағы басшыларының айтуынша, оқушылардың ғылыми жұмыстармен шұғылдануына барынша көмек көрсетіледі әрі білікті ұстаздардың басшылығымен жұмыстар толықтырылып, тиісті бағыт-бағдар беріледі.
Қазіргі таңда еліміз зарарсыз электр қуатын өндіру туралы бас қатырып, түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Бұл мәселе келешектің де еншісіне қалары анық. Сонда осы мектептің 11-сынып оқушысы Аруна Еркіннің жобасы қолдау табады деген сенімдеміз. Себебі, Аруна өзінің жетекшісі Данияр Жарқынбаевпен «Жел энергиясы көздерін тиімді ұйымдастыру» тақырыбында ғылыми жобаны жетілдіріп келеді. Жас ғалым былтырдан бастап осы жобаны қолға алған. 2023-2024 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасында өтетін республикалық ғылыми жобалар конкурсының аудандық кезеңінде І-орынды иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алған. Сондай-ақ облыстық кезеңде өз жұмысын таныстырып, ұйымдастырушылар тарапынан грамотамен марапатталған.
– Біздің жобаның мақсаты – желі жоқ елді мекендерге жасанды жел тудыру, желден энергия мен қуат алу, баламалы энергия көздерін шаруашылықта қолдану. Туған өлкемде құрылғы орнатып, халықты энергия көзімен қамтамасыз ету,-дейді Аруна Ғалымқызы.
Физика пәнінің мұғалімі Данияр Садықұлының тағы бір шәкірті – Санжар Әсімханов. Сәду Шәкіров атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы «Жылу энергиясының биологиялық әсері» тақырыбында ғылыми жоба авторы әрі ағасы Әділеттің төл жобасын жалғастырып жүр. Оның сөзінше, жобаның көздеген мақсаты – жылу энергиясы арқылы үй құстарының жұмыртқасын басып шығаруын дамыту және олардың санын көбейту. Сол арқылы Шу ауданынан құс фабрикасын ашу.
Жоғарыда аталған ғылыми жоба 2021-2022 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық ғылыми жобалар конкурсының аудандық кезеңінде І-орынды иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алып, ІІІ-дәрежелі дипломға ие болған.
Болам деген баланың бетінен қақпай, белін буу керектігін бұрынғылар айтып өткен. Сондықтан талпынысы зор, талабы таудай жас ғалымдарға қолдау көрсету аға буынға жүктелген міндет. Елімізге технократтар керектігі жөнінде академик Асқар Жұмәділдаев та дабыл қағып жүр.
«Толқынды толқын қуады» дегендей, бұл мектепте келешектің кісілері аз емес екен. Әмина Әшімбекова солардың қатарынан. Осы мектептің 10-сынып оқушысы «Дыбыс сепараторын құрастыру және оны экологиялық бағытта пайдалану» тақырыбында ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Оған ғылыми жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі Айнұр Сәулебаева өз септігін тигізіп келеді. Жас ғалымның жұмысы 2022-2023 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылар арасында өткен республикалық ғылыми жобалар конкурсының аудандық кезеңінде І-орынды еншілеп, облыстық кезеңге жолдама алған. Алайда, облыстық кезеңнен мадақтама қағазымен оралған. Батыл қыз 2023-2024 оқу жылында «Үздік экологиялық ұйым» атты экология бағытындағы ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңінен І-орынды иеленіп, облысқа жолдама алғаны оның зор ынтасын байқатады.
-Шәкіртімнің жобасы шыны қалдықтарын адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі уақытта жаяу жүргіншілер жолағының анық көрінуі үшін пайдалануды көздейді. Қазіргі уақытта әлем елдерінде шыныны қоқысқа тастамау тәжірибесі енгізіліп жатыр. Әминаның да алға қойған мақсаты – қайта өңдеуге жарамайтын шыны қалдықтарына екінші өмір сыйлау. Мысалы, шыны зауыттары қайта өңдеу мақсатында тек іріктелген шыныларды ғана қабылдайды, ал қайта өңдеуге жатпайтын шыны қалдықтары қоқыста қалып жатады. Сол себептен, болашақта шыны қалдықтарын дыбыс сепараторын пайдалану арқылы үгітіп, туған өлкеміздің экологиялық тазалығын қамтамасыз ете отырып, одан тұрмыстық жағдайға қажетті түрлі бұйымдарды жасауды көздеп отыр,-дейді ұстазы Айнұр Ержанқызы.
Сонымен қатар, 10-сынып оқушысы Ұлжан Таңатардың «Түбір астынан санды калькуляторсыз шығару әдістері» тақырыбында ғылыми жобасы адамды қызықтырмай қоймайды. Себебі пәндердің патшасы саналатын математика ойды ұшқырлыққа баулиды. Ол өзінің жетекшісі Дана Тұрсынбаевамен бірге осы тақырыпты 2023 жылдан бастап зерттеп келеді. Жеткен жетістіктері де жоқ емес. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша 2-7 сынып оқушылары арасында өтетін республикалық «Зерде» ғылыми жобалар конкурсының аудандық кезеңінде Ұлжан ІII-дәрежелі дипломмен марапатталған.
-Түбір астынан сандарды, оның ішінде көп таңбалы сандарды калькуляторсыз түрлі әдістер арқылы оңай шығарып үйрену жобамның негізгі мақсаты. Түбір астынан калькуляторсыз шығарудың тиімділігі математика сабағында тақырыпты жеңіл ұғынуға көмектеседі және сандарға арифметикалық амалдар қолданғанда есепті тез шығаруға септігі тиеді. Алдағы уақытта бұл жұмыстың нәтижесін сабақтарда қосымша материал ретінде пайдалануға болады,-дейді Ұлжан Таңатар.
Еліміз білімді һәм өнерлі сәулетшілерге зәру. Себебі көптеген ғимараттар шетелдік мамандардың сызбасымен салынған. Сәду Шәкіров атындағы орта мектебінің 7-сынып оқушысы Әбілмансұр Қалидың талпынысына қарап, бізге заманауи талапқа сай сәулетші болады деген үміт ұялады. Оның «Менің арманымдағы мектеп» тақырыбындағы ғылыми жобасы сөзіміздің дәлелі болмақ. Ол ғылыми жетекшісі, география пәнінің мұғалімі Айнұр Ниязбековамен бірге былтырдан бері аталған жобаны зерттеп келеді. Онымен қоймай, 2023-2024 оқу жылында «Фабрикалар идеясы» атты ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңінен ІІ-дәрежелі дипломмен марапатталғанын атап өткен жөн.
– Менің жобамның мақсаты – идеалды мектеп ауласының негізгі параметрлері мен сипаттамаларын анықтау және оның білім сапасын жақсартуға және оқушылардың әл-ауқатына әсерін бағалау болып табылады. Бұл жоба мен көргім келетін мектеп ауласы туралы. Мектеп ауласы – оқушылар уақытының көп бөлігін үзіліс пен дене шынықтыру сабақтарында өткізетін орын. Менің идеалды мектеп аулам жайлы және ынталандыратын білім беру ортасын жасайтын бірқатар мүмкіндіктерге ие болады,-дейді болашақ сәулетші өзінің жұмысын таныстырып.
Жетекшісінің сөзінше, Әбілмансұр өзінің білім алып жатқан мектебінің баламалы күн энергиясын орнату арқылы энергияны үнемдеу, волейбол, футбол, шахмат, тынығу алаңдарын қамтитын «Менің арманымдағы мектеп» макетін жасаған.
Сөзі сенімді, көздері жалынды жастарды расымен Мағжан ақын сенген буын деп бағалауға болады. Себебі, әрбір деталіне жанын салған олар көрмеге келген меймандар алдында мүдірмей сөйлеп, өздерінің жобаларының өміршең екенін паш етті. Сондықтан, біз Шәкіров мектебінің шәкірттерінің шығар шыңы алда екеніне кәміл сенеміз.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.