Ақпараттық портал

МӘУЛІТ АЙЫ МҮБАРАК БОЛСЫН!

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Бүкіл әлемді жаратқан Алла тағалаға сансыз мақтаулар, мадақтар болсын. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед салаллаһу әлайһи уасалламға, ол кісінің от басына, бүкіл мұсылман жұртшылығына Алланың игілігі мен сәлемі болсын!
Құрметті мұсылман бауырлар! Қадірлі Шулықтар!
Күллі мұсылман әлемінің асыға күткен қасиетті мерекесі – Мәуліт айы құтты, баянды болсын! Әр біріңіздің шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға тыныштық, кәсіптеріңізге береке, істеріңізге сәттілік тілеймін. Барша әлемнің Жаратушысы Алла тағала егеменді еліміздің, тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын жарқын, көк байрағымыздың әрқашанда биік болуын Алла нәсіп етсін.
Адамзат тарихында ең ұлы – сүйікті Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келген мәуліт күні жөнінде Алла тағала Құран Кәрімде «Ей, адамдар ! Сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келеді. Сендер тауқыметке ұшырасаңдар – Оған ауыр тиеді. Ол сендердің тура жолда болғандарыңды қалайды, мүміндерге құштар, өте жанашыр» («Тәубе» сүресі, 128 — аят), — деген.
Ол Құрайыш тайпасынан, оның ішіндегі Бани һашим әулетінен шыққан. Туылған жері дініміз үшін ең қасиетті орын саналатын һәм Алла тағаланың нұры жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдуллаһ, оның әкесі
Әбдүлмүттәліп, оның әкесі Һашим, оның әкесі Абдулманап. Анасының есімі Әмина. Пайғамбарымыз ата-анадан жалғыз. Өйткені, әкесі перзенті өмірге келмей тұрғанда дүние салған, анасынан да пайғамбарымыз 6 жасында айырылған. Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) милади жыл санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі күні дүниеге келген.
Мәуліт – араб сөзі, қазақша «туылған күн» деген мағына береді. Бұл атау Алла тағаланың ең сүйікті пендесі, Адамның (ғ.с.) Иса (ғ.с.) пайғамбарға дейінгі Алла тағала елшілерінің соңғысы әрі сардары Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келуінің құрметіне берілген. Сондықтан да әр жылы Рабиул — әууал айында Алла тағала өзінің сүйікті пайғамбары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үметті етіп жаратқанына сансыз шүкірлік етіп, Оған (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауаттар айтып, Мәулітті Ислам әлеміндегідей мерекелеу бізде де дәстүрге айналып келеді.
Мұсылмандар бір істі жақсы деп санаса, ол іс Алланың алдында да жақсы. Себебі хадис-шарифте Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылмандар жақсы көрген іс, Алла тағала алдында да жақсы болады», — делінген имам Ахмад риуаятында.
Жүнайд Бағди: «Кімде кім Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында да иманды», — деген.
Хасан әл-Басри (р.а.): «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мәулітін оқытуға жұмсаған болар едім», – деген. Жалалуддин ас – Суюти (р.а.): «Бір үйде немесе мешітте Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер қоршап алады, олардың барлығына Алла тағаланың рахметі жауады және үйіне нұрмен оралады. Себебі, періштелер Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мәуліт оқығаны үшін ол адамға салауат айтып тұрады», – дейді.
Пайғамбармызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтудың артықшылығы жөнінде хадис-шәріпте Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Киямет күні маған ең жақын адам – Маған ең көп салауат айтқаны» «Имам Термизи». «Қасында Менің атым аталып, Маған салауат айтпаған адам — анық сараң» делінген. «Имам Термизи». Бүкіл ғаламға мейірім ретінде жіберілген елшінің есімін ардақтау, сүннетіне амал ету һәм оған салауат айту – сауапты іс. «Салауат» сөзі – истиғфар, кешірім сұрау, дұға, береке, намаз секілді мағыналарды қамтиды.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өз үмбетіне: «Кімде-кім таңғы және кешкі уақыттарда маған арнап он рет салауат айтып, сәлем жолдаса, қиямет күні менің шапағатыма бөленеді», – деп өсиет қалдырған.
Бұл айда атап өткізудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбардың іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтауға шақыру.
Шарапаты мол мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамда пайғамбар өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Бұл мерекеде Алла Тағаладан адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың, қайырымдылықтың арта түсуін тілейміз. Мәуліт мерекесінде айтылған салауатымыз бен құлшылық, дұға-тілектеріміз қабыл болғай!
Талғат Кәрібайұлы,
Төле би мешітінің бас имамы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.