Ақпараттық портал

Азия чемпионы атанды

Газетіміздің жуырдағы сандарының бірінде ауданның жас спортшысы, нақты айтқанда грэпплингтен талай сындарда бақ сынап, оның басым бөлігінде жеңіс тұғырынан көрініп жүрген Мейірлан Сауытбек жайлы жаза отырып, оның 6-8 қыркүйек күндері аралығында Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатына үлкен дайындықпен аттанғандығын да мәлімдеген болатынбыз.

«AIGA ASIAN CHAMPIONSHIP – 2024» деп аталған бұл сайысқа ұлт ерекшелігіне қарамастан, 4 жастан жоғары қызығушылық танытқан барлық спортшылар қатысты. Нақты айтар болсақ, 6-қыркүйекте 4-11 жас, 7-қыркүйекте 12-17 жас, 8-қыркүйекте 18-19 жас және одан жоғары жастағы спортшылар арасында өткен жарыс барысы арнайы ереже аясындағы талаптарға сәйкес жүргізіліп, қатысушыларға ереже талаптарын орындау қатаң ескертілген екен.
Қуантарлық жайт, халықаралық дәрежедегі бұл сайыста да жерлесіміз тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. 12-13 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 63 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Мейірлан бес қарсыласпен бетпе-бет келді. Нәтижесінде, оқ бойы озып шығып, жарыс жеңімпазы деп танылды. Естеріңізде болса, алдыңғы мақала желісінде соңғы үш жыл ішінде жалпы саны он тоғыз диплом, алты грамота еншілегендігін жазған болатынбыз. Бұл жолы да арнайы диплом және медальмен марапатталған жас спортшының қоржынындағы диплом саны осымен жиырмаға жетті.
Тағы бір айта кететін жайт, Мейірланға ағымдағы жылдың мамыр айында панкратион және грэпплинг бойынша Қазақстан Республикасының бірінші спорттық разряды беріліп, куәлігін қолға алды.
Енді, кейіпкеріміздің осы жылы өткізілетін әлем чемпионатында бақ сынап көру жоспарының іске асатын уақыты да таяп қалғандығы байқалады. Алдағы әлем чемпионатында да Мейірланның мерейі үстем болып, жеңіс жалауын желбіретуіне тілекшіміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.