Ақпараттық портал

Балалар арасында бұзақылық неге өршіп барады?

Жуырда Шу қаласындағы № 40 мектеп-лицейдің мәжіліс залында аудандық полиция бөлімі басшылығының ұйымдастыруымен, Шу аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Лашынбаев, ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Қ.Иманбаев, криминалды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Н.Боромбаев, жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналары, мектеп мұғалімдері қатысқан жиын өтті. Мақсат – бүгінгі қоғамда жиі көрініс беріп отырған жасөспірімдер арасындағы қылмыстық істердің алдын алу, болдырмау, оқушылардың қылмыстық істерге бой алдыруы кезінде оларға заң аясында қандай тәртіптік шаралар қолданылатындығын немесе қандай заңды жауапкершілікке тартылатындығын, ата-аналардың өз міндеттерін лайықты орындамауына қатысты тәртіптік шаралар жөнінде
жан-жақты түсіндіру болды.

Бұған дейін өткізілген осыған ұқсас тақырыптардағы жиындар тек ата-аналармен өткізіліп келген болатын. Бұл жолы оқушылардың арнайы шақырылып, қоғамда орын алып жатқан қылмыстық оқиғалар мен оған кінәлі тұлғаларға қандай жаза қолданылатындығын тиісті органдар өкілдерінің өз аузынан естігендігі екі жақ яғни, құқық қорғау саласы қызметкерлері үшін де, ата-аналар үшін де оң шешім болғандай.
Алғашқы болып сөз кезегін алған аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Дінмұхамед Лашынбаев әуелі көпшілікке өзін таныстырып, кездесудің мақсатын түсіндірді. Кездесуді ұйымдастырудағы басты себеп – жуырда Меркі ауданында жасөспірімдер арасында болған қылмыстық оқиға. Яғни, 9-сынып оқушысы өзі шамалас баламен өзара ерегісіп, келіспеушілік нәтижесі бір баланың өлімімен аяқталады. Ақырында 9-сыныптың оқушысы адам өлтірді деген айыппен қамалып отыр. Екіншіден, жыл басталмай жатып, Сарысу ауданында топтасқан балалар төбелесіп, соңында екі жасөспірім пышақталып, ауруханаға жатқызылған. Ал, біздің ауданымызда жақын күндерде, нақтырақ айтқанда 3-қыркүйек күні «Тоғай» мөлтек ауданы мен № 40 мектеп-лицейдің оқушыларынан құралған 50-ге жуық бала топтасқан төбелес ұйымдастыруға әрекеттенген. Абырой болғанда, оқиға дер кезінде тиісті органдарға хабарланып, балалар үйлеріне қайтарылған. Осыған ұқсас оқиғалар жиілеп бара жатқанын айтқан Д.Лашынбаев ата-аналарды бала тәрбиесіне селқос қарамауға шақырды.
-Өткен жылы жыл бойы жасөспірімдер арасындағы электрондық темекі мәселесімен күресіп келдік.Мүмкін электрондық темекі жаман әдеттің бастамасы шығар. Кейін оны қолданған бала ішімдікке де, есірткіге де бой алдыруы ғажап емес. Белсенді қарсылықтың нәтижесінде үкімет электрондық темекіні заңға қайшы әрекет ретінде қарастырып, оны сату бойынша заң аясында жауапкершілік енгізді. Енді, биылғы жылы төбелестен көз ашпадық.
Құрметті ата-аналар, тәрбиенің бастауы отбасында. Сол себептен, әр баланы жіті қадағалап, тәртібіне ерекше көңіл бөлген жөн. Оқу жылының басында сіздердің алдарыңыздан өтіп, соңғы рет ескерту жасап отырмын. Егер, алдағы уақытта балалардың арасында жағымсыз жағдайлар орын алатын болса, ешкімге аяушылық танытпаймын. Осыны есте сақтаңыздар, -деді полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы.
Сондай-ақ, осы жиынға өзінің қызметкерлерін балалармен таныстыру үшін арнайы ертіп келгендігін айтып, инспекторларды орнынан тұрғызып, көпшілікпен таныстырды және оқушыларға алдағы уақытта осы азаматтардың қолына түскендерге аяушылық болмайтынын, сол себептен қазірден бұзақылыққа бармау қажеттігін, егер беймезгіл уақытта немесе бұзақылықпен тұтылған жағдайда бұл азаматтар өзара оқу-жаттығу немесе түсіндіру жұмыстарын жүргізбейтіндігін, бірден темір тордың арғы жағына тоғытатындығын ескертті. Өйткені, айтуынша балалық деп аяушылық танытқан сайын жасөспірімдер арасындағы қылмыс қанат жайып бара жатқан көрінеді. Сол себептен, келешекте ешкімнің басынан сыйпамайтындығын, бірден қатаң шараға ойысатындығын да назардан тыс қалдырмады. Жасөспірімдерді бұл азаматтардың қолына түскеннен гөрі дәл осы азаматтар секілді тәртіп сақшысы болуға тырысуға үндеп, оның ең басты ұстанымы жақсы оқу мен тәртіпті болу екендігін жеткізді.
Полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы жиналған көпшілікті пайдаланып, өзге де өзекті мәселелерді алға тартты. Солардың бірі – интернет алаяқтық. Айтуынша, банк қызметкері, полиция қызметкері болып хабарласқандарға алданып қалып жатқандар жоқ емес. Арасында түрлі заттар сату , пирамида бойынша да орын алатын алаяқтық әрекеттер бар. Сондықтан, оңай олжа жоқтығын ескеріп, мұндай сәтте бірден «102» нөміріне хабарласуға шақырды. Оған дәлел ретінде өз ауданымызда аудан әкімдігінің бөлімінде жұмыс жасайтын жергілікті кіші қызметкердің милиондаған ақшаға алданып қалғандығын алға тартты. Тіпті, тексеріп келгенде мұндай алаяқтардың Украина, Ресей, тағы басқа сырт елдердің азаматтары болып шығатындығын да мәлімдеді.
Полиция бөлімі қызметкерлерін алаңдатқан тағы бір жаға ұстатарлық мәселе – жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік. Өкінішке орай, бұған қатысты қылмыстық әрекеттер біздің ауданымызда да кезігіп отыр. Мысалы, соңғы факті бойынша айтар болсақ, 9-сынып оқушысының 28 апталық жүктілігінің анықталуы. Қай мектеп екенін атап көрсетпеуді жөн көрген полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушының аузынан бұл оқиғаның ауыл мектебінде кезігіп отырғанын естігенде біз де жаға ұстап қалдық. Ауылдық жерде мұндай жайттар көрініс беріп жатса, қалалық оқушылар арасындағы жағдай не болмақ деген ой туындады.
– Бұл жастағылар жыныстық қатынастың соңы неге апаратынын түсінбеуі де мүмкін.Қыз бала жыныстық қатынасқа өз келісімі бойынша барғандығын айтқанымен, соған қарамастан онымен бірге болған бала алты жыл, сегіз айға сотталып кетті. Мұндай кездесудің мектеп қабырғасында болмайтыны айдан анық. Сондықтан бұл отбасында ата-ана тарапынан қадағалау жоқ деген сөз. Бұл тұста ескеретін жайт, мұндай әрекет ұлдардың зорлығынсыз немесе қыз балаға күш көрсетуінсіз орын алатын болса да, жігіт кінәлі адам ретінде заң аясында жауапқа тартылады.
Бұл осында отырған барлық ата-аналарға қатысты. Өйткені, қазіргі балалар барлық теріс қылықтармен интернет арқылы таныс. Ерте есейгісі келеді, өзіне сай емес істерді жасап көргісі келеді. Сол себептен, отбасында бала тәрбиесіне немқұрайдылық болмауы қажет,-деді Д.Лашынбаев.
Жиынға қатысқан жергілікті прокуратура қызметкері, прокурордың көмекшісі Бахадыр Нұрлыхан Мұратұлы да көтерілген мәселе төңірегінде балаларға қажетті кеңесін айтып, саналы азаматтар қатарынан көрініп, соған лайықты қоғам мүшесі болуға үндеді.
Жиын соңында оқушылар да құқық қорғау органдары өкілдерінің ескертпелерін жадыларында ұстап, теріс әрекеттерге бармау жөнінде келісімге келгендей болды.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.