Ақпараттық портал

Жаңа кітап жарық көрді

“Ақын болсаң жарқыным, алысқа аттан, күнделікті тірлікке бой суытпа” деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай, шын ақын деген бұйығы өмір сүретін, саяқ қана жүретін, жақындағыдан алысты барлайтын, тоқпақ жалды топтың ортасында жүрсе де кей сәттері жалғыздықтан тыныш табатын жан болса керек.

Сондай жандардың бірі, көп көзіне іліге бермейтін, таудай биік қалпы болса да мақтанға бой алдырмайтын, “ақынмын” деп бәлсінбейтін Тампылбай ақын дер едік. Талай жылдар іргелес жатқан екі ауданның мүйізі қарағайдай “Мойынқұм таңы” мен “Шу өңірі” газеттерінде қызмет еткен Тампылбай Молдақұловты қос ауданның азаматтары жақсы біледі. Жалғанда жауһар жырларынан ғана өмірдің байлауын тапқан талантты ақынның жақында ғана “Мойынқұмның шуағы” атты өлеңдер жинағы жарыққа шықты.
3 бөлімнен тұратын жинақтан нағыз ер азаматтың болмысын көруге болатындай. Ат төбеліндей ғана ауылының табанына тиген ыстық топырағын, танауын жарған жусанының иісін, жел қозғаған изенінің ызыңын жанымен сезінген ақын алдымен туған жерінің тамашасын жырлайды. Кейінгі екінші бөлімінде желігі басылмаған жігіттік шақтың алабөтен күй кештірген бал сезімдерін паш етсе, үшінші бөлімінде даланың кеңдігі мен жусан иісі жақсылардың құшағында екенін аңғартып, арнау жырларын төгілтеді.
Ендеше кез келген жанның сезім пернелерін дөп басатын шуақты жырлары бар “Мойынқұм шуағына” бөлеген Тампылбай әріптесімізді төл кітабының жарыққа шығуымен шын жүректен құттықтаймыз!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.