Күзгі сақтық шаралары қандай болмақ?
Жаздың ыстық күндерінен жақсы естеліктер ғана қалды. Күз мезгілінде депрессия, тұмау және әлсіздік болмас үшін бірнеше ережені сақтаңыз. Тұмау және суық тиюдің алдын алыңыз. Әрине, кез келген аурумен күрес оның алдын алудан басталады. Халық арасындағы «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қанатты сөз де осындайда айтылса керек-ті. Яғни, аурудан сақтанудың бірден-бір жолы – қолды жиі жуу, сұйықтықты көп ішу, дұрыс тамақтанып, уақтылы ұйықтап, иммунитетті нығайту. Және таза ауамен тыныстап, салауатты өмір салтын қалыптастырған жөн. Егер ауру ошағы анықталса, міндетті түрде медициналық бетперде киіп, үй-жайда жиі ылғалды тазалау жүргізіп, желдетіп, науқасты оқшаулау керек. Науқастың жасына қарай толыққанды тамақтандырып, сұйықтықты, әсіресе ыстық шай, жылы сүт, сілтілі минералды суларды көбірек ішкізу қажет.
Тұмауды дәрісіз емдеудің де жолдары бар. Ең алдымен сұйықтық ішу. Себебі денеде су жеткіліксіз болған кезде мұрын бітеліп, дұрыс жұмыс істемейді. Танаудың ішіндегі шырыш құрғап, қалыңдап, мұрынның бітелуіне әкеп соқтырады. Мұрында осындай қалың маңқа пайда болғанда вирустар мен бактерияларға жол ашылады. Мұндайда мұрынды тұз ерітіндісімен шаю керек. Лимон, таңқурай қосып, ыстық шай, ыстық сорпа ішу тұмаудан, суық тиюден арылуға өте пайдалы.
Қазіргі кезде иммунитетті нығайтуға көмектесетін билогиялық белсенді қоспалардың түр-түрі бар. Бірақ оның атауы айтып тұрғандай оларды тек негізгі тамаққа қосымша ретінде ғана қолдану керек. Үнемі зиянды өнімдер жесеңіз, мұндай қоспа ішкеннен ағзаға ешқандай пайда болмайды. Сондықтан ең алдымен тамақтану мәзіріңізді дұрыстап алған жөн. Кез келген қоспа немесе дәрі ішудің алдында дәрігермен кеңесуді ұсынамыз. Сондай-ақ дәріханаларда түрлі пайдалы шөптер сатылады. Олардан дәмді әрі пайдалы шайлар немесе қайнатпалар дайындауға болады. Сонымен қатар жыл мезгіліне қарамастан ас мәзіріңізде күнделікті көкөністер мен жемістердің болуын қадағалаңыз.
Адам көп жиналатын жерге жиі бармауды ұсынамыз. Отбасылық демалысты көбірек табиғат аясында немесе саябақта өткізіңіз. Қоғамдық орындарда маска тағып, қолды сабынмен жиі жуыңыз. Кешкісін үйге келген соң мұрын мен ауызды тұзды сумен немесе шөп (мысалы, түймедақ) тұнбасымен шаю артық етпейді.
Б.Сматулла,
Жамбыл бөлімшелік көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы.