Шеберлікті шыңдаған байқау
Ілгергі даналар қол бастаудан гөрі, сөз бастау қиын деген екен. Сондықтан той-жиын, салтанатты іс-шараларда дауысы анық, сөзі нық, сымбаты келіскен тізгіншілердің маңызы зор. Мәжілістің мәні де жүргізушілерге тікелей байланысты.
Осыған орай Шу аудандық мәдениет үйінде “Үздік жүргізуші-2024” атты аудандық іс-шара жүргізушілеріне байқау ұйымдастырылды. Шу қаласы мен ауылдық округтерінен онға жуық үміткер қатысқан байқау үш кезең бойынша әділқазы алқаларымен бағаланды. Қатысушылардың әлеуетін Мәдениет саласының үздігі Нұрболат Іңкәрбеков пен режиссер Марлен Азаматов, осы жолдардың авторы бағалады.
Ұйымдастырушылардың сөзінше байқаудың басты мақсаты – Мәдениет саласының қызметін насихаттау, мәдениет жұмысын жандандыру, мәдениет қызметкерлерінің кәсібилігін арттыру, облыстық және республикалық, халықаралық деңгейдегі мемлекеттік іс-шараларды, мерекелерді, мәдени іс-шараларды кәсіби жүргізе білетін жас маманды халыққа таныстыру, өнерінің дамуына қолдау көрсету.
Қатысушылар алғашқы “Сәлем – сөздің анасы” кезеңінде өздерін таныстырса, “Көркем сөздің шебері” атты келесі кезеңінде көркем шығармадан, драмадан немесе ақындардың шығармашылығынан үзіндіні мәнерлеп оқыды. Соңғы “Сөз мәнері” сайысында бақ сынаушылар берілген сценарийлер бойынша сөз тізгінін алды.
Көрерменмен тікелей тілдесетін жүргізушілер сынында Алға ауылынан келген қатысушы Аяулым Жақсылық жеңіс тұғырынан көрініп, бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ шулық Ерлан Сатыбалды екінші орынды еншілеп, Абай ауылының тұрғыны Қарлығаш Нұражиева мен қонаевтық өрен Темірлан Әбдіғапар үшінші орынды өзара бөлісті. Байқауда бағын сынаған өзге де қатысушыларға белсенділігі үшін бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
– Бүгінгі байқау – игі дәстүрге айналған шара. Біздің төл жобамыз. Мұндағы мақсат – өңірдегі жас жүргізушілерді анықтау, оларға қолдау көрсету әрі шығармашыл мәдени ортаға тарту. Биылғы сынға 10-ға жуық қатысушы қатысып, бақ сынап отыр. Әрбірінің әлеуеті зор деп нық сеніммен айтуға болады,-дейді аудандық Мәдениет үйінің директорының м.а Г.Мақсұтова.
Байжан Емберді.