Ақпараттық портал

Петр Норкинге арналған бұрыш ашылды

Ағымдағы жылғы қыркүйек айының басында ауданымыздың тумасы, ҚР-ның Құрметті журналисі, Шу ауданының Құрметті азаматы, «Шу өңірі» – Шуская долина» газетінің фототілшісі Норкин Петр Палладиевичтің
75 жасқа қараған шағында өмірден озғаны көпке мәлім.
Бұл туралы сол тұста газет бетінде де жарияланған болатын. Жуырда, нақты айтқанда 16 қазан күні ардагер әріптесіміздің жарық дүниемен қоштасқанына 40 күн толды. Осыған орай, аға буын өкілдерінің ықпалымен Петр Норкиннің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, ақпарат саласының жетілуіне қосқан елеулі еңбегі ескеріліп, аудандық мұражайдан белгілі фототілшіге арналған арнайы бұрыш ашылды.

Салтанатты рәсімге аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Ержан Өмірәлиев пен Мелис Бейсембаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ерболат Досымбаев, жергілікті қауымдастық өкілдері, аудандық газет ұжымы, Петр Норкиннің жақын туыстары қатысты.
Шараның жүргізушілері П.Норкиннің өмірі мен шығармашылығы, оның қоғамға сіңірген еңбегі мен қол жеткізген жетістіктері жайлы қысқаша баяндап өткен соң, сөз кезегі айтулы азаматтың адамдық болмысы мен биік тұлғасы жайлы сөз қозғаған қонақтарға берілді.
-Мен Петр Палладиевичпен мектептің үшінші сыныбынан таныспын. Петя кең пейілді, ашық адам болды. Әрдайым жаңашылдыққа ұмтылып тұратын. Ол суретке түсіру ісін жанына жақын тартып, мұны өмірінің өзегіне айналдырды. Біз оның түсірген суреттері республикалық, бүкілодақтық басылымдарда жарияланған кезде қатты қуанып, шынайы мақтан тұттық.
Бүгін де біз Петр Норкиннің шығармашылық өміріне арналған арнайы бұрыштың ашылу рәсіміне жиналып отырмыз. Мұнда оның қызмет барысында қолданған жеке бұйымдары, фотоаппараттары, марапаттары мен бірқатар көрнекті суреттері қойылды. Аудандық газетте қызмет еткен жарты ғасыр уақыт ішінде ол бүкіл аудан аумағы мен өзге өңірлерді аралады, туған өлкеміздің тарихына терең үңілді, өңірдегі басты оқиғаларға қатысты суреттерді түсіріп, өз архивінде сақтады. Өзінің өткен өмір жолында шығармашылыққа толы мол мұра, жоғары бағаланатын жарқын із қалдырды.
Аудан өміріне зор еңбек сіңірген Петр Норкиннің рухы жұмақта шалқысын. Баршаңызға амандық пен мол қуаныштар тілеймін,-деді өз сөзінде Ерболат Досымбаев.
Мұнан кейін бұрыштың ашылуының белгісі ретінде символикалық лента қиылып, көпшілік қауым мұражайға Петр Норкиннің туыстары ұсынған экспонаттармен танысуға мүмкіндік алды.
Дәл осы күні түс мезгілінде Петр Палладиевичті еске алу асы ұйымдастырылып, дастархан басында оның достары, әріптестері және жақын туыстары есімі аталған абзал азаматтың жарқын бейнесі жадыларында ұзақ сақталатындығын айтып, білікті фототілші жайлы естеліктерімен бөлісті.

Руслан Искаков.

Leave A Reply

Your email address will not be published.