Әлдиханның әлеміне бойлады
Шу аудандық тарихи-өлкетану музейінде көрнекті балалар жазушысы, дарынды журналист, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әлдихан Қалдыбаевты еске алуға арналған іс-шара өтті. Қазақ журналисі, жазушы Әлдихан Қалдыбаев биыл 85 жасқа толар еді.
Жамбыл облысы, Шу ауданы, Кербұлақ ауылының тумасы жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Қызылорда облысы, Арал қаласындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған. Сондай-ақ, Жамбыл облыстық радиохабар және телевидение комитетінің редакторы, әдеби қызметкер, кейін Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінің мәдениет және тұрмыс бөлімінің меңгерушісі болды. Аталған басылым «Ақ жол» деп өзгертілген тұста бас редактор қызметін атқарды.
Әлдихан Қалдыбаев «Жасыл дөңгелек», «Екі тентек», «Әшірбек су тасушы», «Байшан солдат», «Шаншар ата», «Аю — менің досым», «Өзен жағасы», «Солдат болу оңай ма?» атты адамгершілікті қуаттайтын, тағылымды, сезімді толқытатын балаларға арналған кітаптар жазды.
Музей қызметкерлері жазушының жары Бану Тасболатоваға арнайы барып, жазушының жеке заттарын, кітаптарын алып, Шу өңірі залынан арнайы Әлдихан Қалдыбаевқа бұрыш жасақтады. “Балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаев” тақырыбына ұйымдастырылған іс-шараға Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Шу ауданының Құрметті азаматы Ахметжан Қосақов, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Әуесхан Келгенбаев және кітапханашылар қатысты. Ахметжан Қосақов ағай көрнекті тұлғаның өмір жолына тоқталып, мұндай тағылымды шараның өткенге құрмет, келешекке тәлім екендігін атап өтті. Әуесхан Келгенбаев ағай да өз ойын ортаға салып, жазушының шығармаларына тоқталып, естелік әңгімелерімен бөлісті. Музей қызметкерлері музей көруші көпшілік оқырманды дарынды журналист, балалар жазушысы Ә.Қалдыбаевқа арналған көрмемен таныстырып, шығармаларына жете тоқталды. Қалдыбаевтың аяулы бейнесі оны білетіндердің қалың оқырманның есінде мәңгілікке сақталады.
Аида Берденова,
аудандық музей меңгерушісі.