_Өңірдің тазалығы – ауданға абырой
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм” атты бағыт-бағдары айқын кезекті Жолдауында «Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс»,-деп атап өткен болатын.
Бүгінгідей ақпараттық технология арындап дамыған заманда өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа тәрбиелеудің тетіктері жан-жақты қарастырылуда. Отанға деген сүйіспеншілік ең алдымен өскен ортаңның тазалығына көңіл бөлуден басталады. Былтырғы жылы Шу ауданының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында «Таза Қазақстан» акциясы ойдағыдай жүзеге асып, оған оқушылар да атсалысты. Ағымдағы жылдың көктемінен бастау алған бұл игі бастама өз жалғасын табатынын Ел Президентінің Жолдауындағы сөзінен аңғарамыз.
Жалпы Шу ауданының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында «Наурыз тұжырымдамасына» сәйкес «Тазару күні» бекітіліп, барлық мекемелер өз аулаларын тазартып, тал-дарақтар отырғызды. Мұнан кейін мамыр айында «Тоқта вандал!» экологиялық акциясы мен «Түлектердің ағаш егу» челленджі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Жамбыл облысының 85 жылдығына орай «Игі іс» жобасы аясында, еңбек адамына құрмет көрсету мақсатында «Бір күн егіс даласында» акциясы өткізіліп, оқушылар диқандар мен шопандардың шаруасына қолғабыс етті. Бұған қоса, «Игі істер марафоны» жобасы аясында «Мейірімділік апталығы» өткізіліп, оқушылар арасында «Айналамызды қоқысқа айналдырмайық!», «Табиғаттың көркі-әсем гүлдер» атты челлендж ұйымдастырылып, өткізілді. «Таза Қазақстан» акциясына алдағы уақытта да үлес қосып, өскелең ұрпақты еңбекқорлыққа, мейірімділікке, жанашырлыққа тәрбиелеу ісін жалғастыра береміз.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының “Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек” деген сөзі бүгінгінің басты ұраны болып отыр. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ісі биік мінберден түскен емес. Адамзат күш жарыстырып емес, ақыл жарыстырып алға басатын мына заманда ұстаздың қаншалықты деңгейде білімді де білікті, талапшыл да парасатты болуы керектігі өздігінен белгілі.
Айғаным АСҚАРБЕК,
аудандық білім бөлімінің әдіскері.