Ақпараттық портал

Талпыныс барда бағындырар белес көп

Қазіргідей барлығы қолжетімді заманда өзін дамытуға, қызығушылығын оятуға, тұлға болып қалыптасуға, бойындағы талантын ашуға, әрі оны шыңдауға тынбай еңбек етіп жүрген жандарды сирек кездестіресіз. Дейтұрғанмен талантын талабымен ұштастыруда табандылық танытып жүргендер де жоқ емес. Абайша айтқанда, жас бала анадан екі түрлі мінезбен туса, біреуі ішсем, жесем, ұйықтасам деп тән қалауын жасайды, ал енді бірі көрсем, білсем, үйренсем деген жан қалауын жүзеге асырады. Әлбетте, жан қалауын бірінші орынға қоятын жандар ғана өзегін жарып шыққан баласын да өнерге баулып, бойындағы талантын тап басып танып, ары қарай шыңдалуына барлық жағдайды жасап бағады.
Еліміздің көшін алға сүйреп, түрлі байқау-жарыстарда топ жарып, халықаралық деңгейге дейін танылып жүрген өнерлі өрендердің артында жаттықтырушысы, жетекшісі, яки ата-анасы тұратыны ақиқат. Әр оқушы білім, спорт, өнер жағынан танылып, абыройымызды асырып жатса, “бәрекелді” деп арқасынан қағып, қолдап-қоштағымыз келіп тұрады. Сондай мақтауға лайық ауданның жас өрені-Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінің 8 сынып оқушысы Асылжан Абдуалиева. “Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу” демекші, алғыр қыздың арынын аңдаған ата-анасы Асылжанды қызығушылығы бойынша спорт мектебіне алып барады. Асылжан өзі ғана емес, ағасы Алдиар Оңланбекпен бірге таеквондоға қатысады. Талмай шынығып, дайындалғанның арқасында бір үйдің қос перзенті спорт саласында ауыз толтыра айтарлық жетістіктерге жетеді.
Мәселен, Алдиар Оңланбек «Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясы» қоғамдық бірлестігінің «Көк» түсті белбеу мен 4-ші ГЫП дәрежесінің иегері болса, Асылжан Абдуалиева «Жасыл-көк» түсті белбеу мен 5-ші ГЫП дәрежесінің иегері. Бұл нәтиженің артында қос өреннің спорттағы толағай жетістіктері жатқаны айдан анық. Еңбектің дәмін татып, жетістікке қол жеткізген күннен-ақ әр адамның тынысы ашылып, жан-жақты болуға талпынатыны рас. Ағайынды Алдиар мен Асылжан Құрманғазы атындағы балалар саз мектебінің үздік куәлік иегерлері екендігін де атап өтпеске болмайды. Алдиар қазіргі таңда Торайғыров университетінің жоғарғы колледжінің архитектура мамандығы бойынша грант иегері. Бұл да еселі еңбектің еленгендігі.
Сөз басында Асылжанды мақтауға лайық оқушы деп бекерге айтқан жоқпыз. Талдырмаш қыз бала күнінен-ақ қатарларының алды болуға, даралануға дағдыланып, әр жетістікке жеткен сайын масаттанбай, өзін шыңдап отырудан жалыққан емес. Бір бойына білімді дарытып, спортпен шұғылданып, өнерге икемделіп жүрген Асылжанның бұл күндері би арқылы белестерді бағындырып жүргенін де байқадық. Аудандағы арыны мықты, маңдайалды би студиясы-Арналдың абыройын асқақтатуға үлес қосып жүрген Асылжан халықаралық сахналарда мың бұралып би билеп, жетістіктер қоржынын толықтырып жүр. Өзінің орындауындағы «Күміс сыңғыры» деген жеке биімен Астана қаласында өткен «Бала шабыты» халықаралық конкурсында Гран при, Қызылорда қаласында өткен халықаралық би байқауында Гран при, Ташкент қаласында өткен халықаралық байқауда І дәрежелі дипломмен марапатталып, ауданның абыройын асқақтатты.
Осы тұста ауданға келгелі төрт жылдың төңірегінде талай өнерлі өрендердің талабын шыңдап, таланты арқылы танылуға еңбек етіп жүрген «Арнал» би студиясының жетекшісі Айнұр Мәлікті атап өтпеске болмайды. Жуырда ғана Асылжан Абдуалиева мен Айнұр Мәлік «Jambyl tv» телеарнасының «Рауан» таңғы бағдарламасына қатысып, жетістіктерімен бөлісіп, ауданның мәртебесін көтерді. Бұған қоса, «Арнал» би студиясының бітіруші түлегі Асылжан «Жыл бишісі» номинациясымен марапатталды.
Текті халқымыздың бай сөздік қорында «Тамшы тас теседі» деген нақыл сөз бар. Шын мәнінде тамшыдай болса да тұрақты әрекет еткен жанның ісінің өнімділігі болмақ. Қазіргі күні қоғамға пайдасы бар, мәдениетті, білімді, тәрбиелі ұрпақ өсіру-әр ата-анаға жеңіспен пара-пар. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген ұстанымды ту ететін халқымыз қай заманда болмасын бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөліп отырған. «Егер сен алдыңа бір жылдық мақсат қойсаң егін ек, бірнеше жылға мақсат қойсаң – ағаш отырғыз, ғасырларға мақсат қойсаң – ұрпақ тәрбиесімен айналыс» деген ұлағатты сөз тағы бар. Міне, соның үдесінен шыға білген Асылжан мен Алдиардың әжесі Абдуалиева Мейіркүл мен Абдуалиева Айгөйлектің еңбегі елеуге тұрарлық. Ал, сол ата-ананың артқан үмітін ақтап, сенімінен шығуға барын салып жүрген, бос уақытын тиімді пайдаланып, замандастарының алды бола білген ағайынды Асылжан мен Алдиар үлгі етуге тұрарлық.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.