Цифрлық қоғамда қауіпсіз кеңістік құру – өте маңызды
Бұл күндері жастың да, жасамыстың да қолынан аядай алақанға әлемді сыйдырған ұялы телефонды көретін заманға жеттік. Әу баста уақыт үнемдеуді, алыстан ат арылтып, айлап, жылдап алар хабар-ошарды бір сәтте жеткізуді мақсат еткен телефон бүгінде сол алтын уақытты «өлтіретін» құрылғыға айналғаны қынжылтады. Шексіз мүмкіндіктер сыйлайтын интернеттің кей сәттерде шексіз еркіндіктің ерсі қылықтарына, есіртетін арбау дүниелеріне алдандыратыны
жасырын емес.
Соның бірі, қазір көбінің құлағына сіңісті болып кеткен кибербуллинг термині. Әсіресе, өскелең ұрпақтың санасын шырмауықтай шырмап, шатастырып, шалыс бастырып, аяғы суицидпен аяқталып жатқаны өзегіңді өртейді. Сондай сәттерде болашағымыздың жалғасы болған балаларымызды кесапат пен кеселіне ұрындырмай қоймайтын интернет әлемінен қалай қорғаймыз деп ойымыз он саққа жүгіретіні жасырын емес. Кез келген кеселмен үздіксіз күрестің арқасында ғана нәтиже шығатыны белгілі. Мемлекеттің басым міндеті балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау болып қала бермек. Біздің ауданда да киберқауіпсіздік шаралары ұдайы жүргізіліп, өскелең ұрпақ мәселесі күн тәртібінде күнбе-күн талқылануда.
Осы орайда Шу ауданы білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында кибербуллингтің алдын алу бойынша қандай шаралар жүргізіліп жатқанын білу үшін бөлім басшысы Тұрар Дүрмановпен сұхбаттасқан едік.
-Тұрар Мұханбетханұлы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарында қандай жұмыстар жүргізілуде?
-Шу ауданы білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дабыл түймесінің, бейнебақылау жүйесінің, турникеттердің және лицензияланған күзеттің міндетті болуы жөніндегі талаптар күшейтілуде. 2024 жылы 24 млн 700 мың теңгеге 32 мектептің 456 дана және 10 балабақшаның 160 дана аналогтық бейнебақылау камерасы цифрлық бейнебақылау камерасына ауыстырылып, аудандық полиция бөліміне қосылып, Ж.Баласағұни, Қ.Сәтпаев, М.Ғабдуллин, Ш.Уәлиханов, Т.Әшімбаев, С.Естемесов, К.Әзірбаев, Әл Фараби, М.Дулатұлы, Д.Қонаев, М.Х.Дулати, Жамбыл, Домалақ ене, Амангелді, Алға, Мойынқұм, Жайсан, Абай, Б.Момышұлы атындағы орта мектептеріне 2 млн 709 мың 991 теңгеге дабыл батырмалары орнатылды. Сондай-ақ, Шу қаласында және Төле би ауылында орналасқан 15 мектепке 16 млн теңгеге «Алғыр» ЖШС-і ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін күзет агенттігі қызметін көрсетуде. 2023 жылы «Жібек жолы» мектеп-лицейі, А.С.Макаренко, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, М.Мақатаев, Е.Бекмаханов, №40, Ғ.Мұратбаев, С.Сейфуллин, Төле би, Абай /қ/, Т.Рысқұлов атындағы мектептерге турникет орнатылған, Ағымдағы жылы Д.Қонаев және М.Әуезов атындағы орта мектептеріне турникет орнатылды. 2025 жылы мектептер мен балабақшаларды 100 пайыз цифрлық бейнебақылау камераларымен қамтып, кезең-кезеңімен турникет, дабыл батырмаларын орнату жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
-Қазіргі таңда білім саласында буллинг, кибербуллингтің алдын алу мақсатында жоспарға сай жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын білеміз. Осы тұрғыда сіздер қандай жұмыстарды жүргізіп жатырсыздар?
-Бесіктен белі шықпаған баладан бастап қолына ұялы телефон ұстатып қойғанымыздың арты жақсылыққа апарып жатпағанын жақсы білеміз. Баланың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына білім беру ұйымдары бар күшін сарқуда. Түрлі бағдарламаларды жүзеге асырып, тәрбие бағытындағы іс-шаралармен қамтып, баланың қауіпсіз ортада білім алуына жан-жақты жағдай жасалуда. 2024-2025 оқу жылының қыркүйек айында 5-11 сынып оқушылары арасындағы қауіпті ойындар ойнайтын баланы анықтау мақсатында «СЕН және ВИРТУАЛДЫ ӘЛЕМ» сауалнамасы гугл формада алынды. Нәтижесінде, 8 сынып (62 оқушы, 3 пайызы) оқушылары «Красный дельфин» ойынын (мен өзім де ойнаймын), 8 сынып (46 оқушы, 2 пайызы) оқушылары «Обама 2021», «Синий кит» ойындарына (иә), 8 сынып (431 оқушы, 21 пайызы) оқушылары «Скулбой» ойынына (иә) деп жауап берген. Сауалнаманың қорытындысы бойынша аудан мектептеріндегі 5-8 сынып оқушылары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жоғарыда аталған ойындар балалардың өміріне қауіп төндіріп қана қоймай, арты суицидпен аяқталып жатқанын көріп, жанымыз түршігуде.
Биылғы оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарында апта сайын сынып сағаттары аясында «Қауіпсіздік сабақтары» өтуде, сабақ кезінде интернеттегі тәуекелден қорғану, өзін-өзі сақтау дағдыларын дамыту және түрлі қауіп-қатерлер жағдайында дұрыс әрекет ету тақырыптары қамтылуда. Сондай-ақ балалар мен ата-аналар және педагогтар үшін психологиялық, құқықтық және әдістемелік кеңес алуға болатын психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Бала қауіпсіздігі ата-ана, педагог, әрбір ересек адам үшін басымдыққа ие болуы тиіс. Баламен ашық диалог құру, оның өміріне ұдайы қатысып отыру, цифрлық құрылғыларды бақылау және баламен қауіпсіздік тақырыбында әңгімелесу – бұл проблемалардың алдын алуға көмектесетін негізгі қадамдар.
Қазіргі таңда жасөспірімдер YouTube, TikTok, Instagram секілді түрлі әлеуметтік желілерін жиі қолданады. Виртуалды кеңістік қызықты әлем болғанымен, бала үшін көптеген қауіп-қатерге толы. Әлеуметтік желіде баланың қандай онлайн платформаларды, парақшаларды көретінін қадағалап, мұқият тексерген жөн. Өйткені, ересектерге арналған жарнамалар, тыйым салынған ақпарат психологияға кері әсерін тигізіп, балаға зиян болуы мүмкін. Балаларға арналған неше түрлі қызықты мультимедиялық онлайн-ойындар мен ондағы ақпараттардың жас шамасына сай келетінін міндетті түрде тексерген жөн. Сонымен қатар, виртуалды желіде ата-ана бақылауын бағдарламалық қамтамасыз етуге болатынын әр ата-ана білгені абзал. Интернеттегі алаяқтық әрекеттеріне алданбас үшін балаға сақтық шараларын үнемі түсіндіріп отыруымыз керек. Осыған байланысты Шу ауданы білім бөліміне қарасты жалпы білім беру ұйымдарында түрлі бағыттағы іс-шаралар өткізілуде. Баланы тәрбиелеудің негізгі құралы-өзімізді тәрбиелеу екендігін ескерсек, бала санасына сәуле құяр игі шаралар жер-жерде жүзеге асуы әбден қажет.
-Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Айғаным АСҚАРБЕК.