Ақпараттық портал

Деструктивті діни ағымдардың алдын алу – қоғам тұрақтылығының негізі

Қазіргі уақытта деструктивті діни ағымдармен күрес қоғам үшін маңызды әрі өзекті мәселеге айналды. Дәстүрлі діннен алшақтап, теріс пиғылды топтардың ықпалына түсіп жатқан азаматтарымыздың саны артып отырғаны алаңдатарлық жағдай. Мұндай ағымдар діни сауаты төмен, санасы қалыптаспаған жастар мен азаматтарды өз қатарына тартып, олардың рухани және адами құндылықтарына нұқсан келтіруде.
Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырмасымен бұл бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Соның бірі – жақында өткен “Деструктивті діни ағымдардың ішкі құрылымы” және “Деструктивті емес діни ағымдардың белгілері, сақтану жолдары” тақырыптарындағы кездесулер. Бұл іс-шараға республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі Нұрәлі Бақытұлы арнайы шақырылып, өз тәжірибесімен бөлісті.
Кездесудің басты мақсаты – деструктивті діни ағымдардың алдын алу, қоғам мүшелерінің, әсіресе жастардың діни сауатын арттыру және ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу. Бұл тек діни емес, сонымен бірге рухани тәрбиенің маңызды бөлігі болып саналатыны сөзсіз.
Жиын барысында қатысушылар деструктивті ағымдардың қоғамға тигізетін зардабы мен олардың идеологиясын ажырату жолдары туралы кеңінен талқылады. Нұрәлі Бақытұлы мұндай ағымдардың ішкі құрылымы мен тактикаларын түсіндіріп, олардың ықпалына түспеу үшін қандай сақтық шараларын қолдану керектігіне тоқталды.
Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар берілді. Әсіресе, жастар арасында діни сауаттылықты арттыру, ақпараттық технологияларды дұрыс пайдалану және отбасы тәрбиесінің маңызы жайлы мәселелер қызу талқыланды.
Деструктивті діни ағымдардың ықпалын азайту үшін:
• Діни білім беру жүйесін жетілдіру;
• Ұлттық құндылықтарды насихаттау;
• Жастармен жұмыс істеудің жаңа әдістерін енгізу қажет.
Қоғамдағы әрбір азаматтың бұл мәселеге бей-жай қарамай, өз үлесін қосуы – тұрақтылық пен бейбітшіліктің кепілі. Сондықтан, діни сауаттылықты арттыру, рухани құндылықтарды насихаттау бағытындағы шаралар үздіксіз әрі жүйелі түрде жалғасуы тиіс.
Деструктивті ағымдармен күрес – бұл тек мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Мұндай іс-шаралар қоғамның діни, рухани және ұлттық тұтастығын сақтауға септігін тигізеді. Ұлт болашағы үшін осындай бастамалардың жалғасын табуы – уақыт талабы.
“Jastar” дамыту орталығы
қоғамдық бірлестігі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.