Тұрғындарды толғандырған мәселе түбегейлі шешіле ме?
Бұрнағы жылдары еліміздің түкпір-түкпірінде құрылған қоғамдық кеңестердің бүгінде атқарып отырған қызметі мен маңызы өте зор. Себебі, бұл – мемлекеттің қарапайым халық алдында есеп беруін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудың бір бағыты болып табылады. Мәселен, аудандағы қоғамдық кеңес мүшелерінің тұрақты басқосулары – өңіріміздегі шешімін күткен өзекті мәселелерді талқылау, ауылдық округ әкімдері және мекеме басшыларының атқарған жұмыстары жөнінде толыққанды есептер алу, қолға алуы тиіс шараларды белгілеп беріп, қажет жағдайда сын айтып, белсенділікке шақыруға, аудан әкімдігінің де қаулыларын қарап, қоғамдық кеңестің мақұлдауымен іске асыруға бағытталған.
Қоғамдық кеңес ең әуелі, билік пен халықтың арасын алшақтатпаудың бірегей жолы екенін айта кету керек. Мәселен, аудандық қоғамдық кеңес құрылған уақыттан бастап, жергілікті жердің қоғамдық өміріне белсене араласып, маңызды мәселелерді билік органдарымен бірлесіп шешуге үлес қосып келеді. Әсіресе, жергілікті халықтың, тіпті билік өкілдерінің қолы жетпей жүрген мекеме басшыларының, әртүрлі серіктестіктер мен мердігерлердің жұмысына зерделеу жасап, олардан есеп алу да тұрақты үрдіске айналған. Дәл осындай басқосу ағымдағы аптада «AMANAT» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында өтіп, аталмыш жиынға аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, аудандық мәслихат хатшысы Жасұлан Әбенов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Досымбаев, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімдігіне қарасты ауылдық округ әкімдері мен бірқатар бөлім басшылары және қоғамдық кеңес мүшелері қатысты. Сондай-ақ, аудан аумағында құрылысы жүріп жатқан «АГТС Шу» нысанына жауапты «StroyGazCompany» ЖШС-нің өкілдері де шақырылды.
Кеңес отырысының күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жадыра Каликов баяндама жасап, үстіміздегі жылы атқарылған жұмыстарды атап өтті. Дәлірек айтқанда, ағымдағы жылы ауданда атқарылған жол жөндеу жұмыстарының жай-күйіне тоқталып, келесі жылдың жоспарын да тілге тиек етті.
– Тұтастай алғанда, аудан бойынша жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 844 шақырымды құрайды. Оның 118 шақырымы республикалық, 112 шақырымы облыстық мәндегі жолдар екенін де айта кеткен жөн. Ал, ағымдағы жылы жалпы саны 92 көшені құрайтын 28 жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Оның ішінде аудандық маңызы бар 17 жолдың 4-уіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, «Ауыл–Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 26 шақырымды құрайтын 11 жобаның да жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен қаражат қарастырылып, Шу қаласы мен Жаңақоғам, Далақайнар, Тасөткел, Мойынқұм, Төле би ауылдарының үзын-саны 39 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – дейді бөлім басшысы.
Басқосудың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «StroyGazCompany» ЖШС директорының өндірістік және коммерциялық қызмет жөніндегі орынбасары Темірлан Жамантай баяндама жасады. Қазіргі кезде Д.Қонаев ауылының маңында автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы жүргізілуде. Оқырмандарға түсінікті болуы үшін айта кетейік, кейінгі жылдары ауданымыздағы көгілдір отынға қатысты бірқатар мәселелер туындай бастады. Ол – аудан орталығынан шеткері жатқан елді мекендерге газдың қысымы жетпей қалуына қатысты болып отыр. Әуелгіде газдың келгеніне қуанған тұрғындар кейіннен «Бақсақ – бақа екен» дегендей, орнатқан газымыздың сиқы осы ма деген пікір білдіріп, оған жергілікті билікті кінәлап жатқандары да бар. Рас, көгілдір отын бола тұра аудан орталығындағы 4 мыңнан аса ауланың тең жартысы газға қосыла алмай отыр. Күн суытқан сайын бұл мәселе тұрғындар үшін мазасыз мүйіске айналып отырғанын жасыра алмаймыз. Дейтұрғанмен, бұл мәселені шешудің бір ғана жолы бар екенін тұрғындар да жақсы түсінуі тиіс. Ол – жоғарыда аталған станцияның құрылысын аяқтау. Міне, осы мәселенің жай-жапсарын жеткізу мақсатында аталмыш станцияның құрылысына жауапты серіктестік өкілдері қоғамдық кеңестің отырысында баяндап, құрылыстың мерзімін атап өтті.
– 2022-2023 жылдары станцияның құрылысына қажетті құрал-жабдықтардың қымбаттауына байланысты құрылыс тоқтап қалды. Бүгінде бұл жұмыстар толығымен реттеліп, қазіргі таңда жұмыс қайта жанданды. Ал, құрылысты толық аяқтау келесі жылдың соңына жоспарланып отыр, – дейді Т.Жамантай.
Өз кезегінде аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерболат Досымбаев станцияның құрылысын келесі жылдың аяғына дейін емес, одан ертерек аяқтау бойынша ұсыныс білдіріп, тапсырыс беруші тарапқа жеткізу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, кеңес барысында Төле би ауылдық округінің әкімі Арнұр Рахимкулов баяндама жасап, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселелер бойынша нақты ұсынымдарды қабылдады. Аталған ұсыныстар қоғамдық кеңестің жіті бақылауында болмақ.
Ерғали Қартайған.