Ақпараттық портал

Жасөспірімдер жас әдетке неге үйір?

Күн санап құбылып, әр жыл сайын өркендеу үстінде өтіп жатқан бүгінгі қоғамның жақсы және жағымсыз жақтарын қатар көруге болады. Өркениет көшінен қалмау жолындағы игілікті істер жүзеге асырылғанымен, кейбір келеңсіз көріністер де сол қоғаммен қатар дамып келеді. Мысалы, ақпараттық технологияның қарыштап дамуынан еңбектеген баладан еңкейген кәріre дейін қолдарындағы ұялы телефонмен ғаламтор, түрлі әлеуметтік желілер арқылы сан түрлі оқиғалар мен іс-әрекеттерді еркін көре алады. Мұның ішінде бала тәрбиесіне кері әсер ететін, ересек адамдардың өзін теріс жолға бұрмалайтын жағдайлар да кезігіп жатады. Яғни, ғаламтордағы сұрыпталып, сүзгіден өткізілмеген көріністер баланың психологиясын бұзып, жағымсыз әдетке жол ашып беруі ғажап емес. Сол себептен, әркімнің өз-өзінің ұстанымын дұрыс арнаға бұрып, салауатты өмір сүруге ұмтылуының маңызы зор. Өйткені, салауатты өмір салты жарқын өмірдің кепілі болмақ.

Бұл тұста ел үкіметі де қол қусырып, қарап қалған жоқ. Әр өңірде Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары, емхана жанынан профилактикалық, психологиялық-әлеуметтік көмек көрсету бөлімдері ашылып, мұндай орындар өмірде психологиялық тұрғыдан қиын жағдайға тап болған жандардың өмірін дұрыс бағытқа нұсқау мақсатында қызмет көрсетуде. Дәл осындай орын бірнеше жылдан бері біздің ауданымызда да өз жұмысын жүйелі жүзеге асырып келеді. Нақты айтар болсақ, қалалық емхананың профилактикалық, психологиялық-әлеуметтік көмек көрсету бөлімі бірнеше жылдан бері жергілікті халықпен қоян-қолтық жұмыс жасауда. Өткен жылдан бері осы бөлімнің меңгерушілік міндетін қолға алған Оспанова Есен Әлмешқызының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда мұнда үйдегі әлеуметтік қызмет, әлеуметтік-психологиялық қызмет, жедел әлеуметтік қызмет, жартылай тұрақты қызмет, әлеуметтік-медициналық қызмет, әлеуметтік және тұрмыстық қызмет, әлеуметтік және еңбек қызметі, әлеуметтік-педагогикалық қызмет, әлеуметтік-құқықтық қызмет және мүгедектігі бар әлеуметтік қызметтерді алушылардың, оның ішінде мүгедек балалардың коммуникативті әлеуетін арттыру қызметтері көрсетіледі. Сонымен қатар, бұл бөлімде өмірлік қиын жағдайға тап болған және алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдардың әлеуметтік осал санаттарының тізбесі жасалған. Оған сәтсіз отбасылар (жанжалды, дағдарысқа ұшыраған), аз қамтылған және кедей отбасылар, жұмыссыздар, тұрмысы төмен әрі көп балалы отбасылар, күнкөріс деңгейі кедейшілік шегінен төмен әрі толық емес отбасылар, психикалық бұзылыстары бар науқастар, онкологиялық ауруға шалдыққандар, АҚТҚ жұқтырғандар, жүктілікке ұрынған жасөспірімдер мен жас аналар, девиантты мінез-құлқы бар балалар мен жасөспірімдер, сондай- ақ өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінен кейін девиантты мінез-құлық қалыптасқан адамдар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандар (балалар, жасөспірімдер, ересектер), мүгедектер, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер, маргиналдық санатқа жататын жандар (маскүнемдік пен нашақорлықтан зардап шегетін, түрмеден босатылған адамдар), тұрақты тұрғылықты жері жоқ жандар, мигранттар мен босқындар, жетімдер мен тастанды балалар, балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тартылған балалар жатады. Жоғарыда аталған көрсетілетін қызметтер көп жағдайда осы тізбедегі жергілікті тұрғындарға тікелей байланысты.
-Өңіріміздегі түрлі мектептерді аралап, мұндағы 8-11 сынып оқушылары арасында АҚТҚ ауруы бойынша консультациялық сабақтарды жиі өткізіп тұрамыз. Өйткені, нашақорлықтың соңында АҚТҚ жатыр. Сондықтан, бірінші кезекте нашақорлықтың алдын алу маңызды. Тәжірибе көрсеткендей, нашақорлық ересектердің өз-өздеріне көктамыр арқылы екпе салып, осы дертке шалдығуынан кеңейіп отыр. Сондықтан, біз жастардың есейе келе осындай іс-әрекеттерге бармауы, яғни, нашақорлықтың алдын алу бағытында жұмыс жасаудамыз. Өйткені, балалар өсе келе айналасына қарап, темекі, насыбай, ішімдік сынды дүниелерге қызығушылық танытуы мүмкін. Бұл нашақорлықтың бастамасы болуы да ғажап емес. Қазіргі таңда энергетикалық сусындар мен электрондық темекі де бала үшін қауіпті. Мұның барлығы біртіндеп тәуелділікке алып келеді. Мұндайдың соңы адамға аурудан басқа ешқандай пайда келтірмейтінін әр адам жете түсінуі қажет. Біздің мақсат – қоғамдағы осындай теріс әркеттердің алдын алу, жастар мен жасөспірімдер санасының бұзылуына жол бермеу,-дейді бөлім меңгерушісі Е.Оспанова.
Осы мақсатты басты ұстанымға айналдырған бөлім қызметкерлері бірқатар маңызды шаралар өткізген. Мысалы, әлеуметтік маңызды аурулардың, диабеттің алдын алу бойынша кең көлемді акция, сыныптық сағат, сауалнама, тренинг, семинар, дәріс, денсаулық мектебі, дөңгелек үстел, АЕК, көрме, денсаулық бұрышы сынды 732 іс-шара өткізіліп, оған 8310 адам қамтылған. Ал, осы бағытта көпшілікке қажетті кеңеске негізделген баспа құралдарын тарату, бұқаралық ақпарат құралдарына материал жариялау, аудио-бейне ролик, баспасөз конференциясын ұйымдастыру, яғни халықты ақпараттандыру бойынша барлығы 671 шара қолға алынып, оған 5214 адам қатысқан.
Сонымен қатар, темекінің алдын алу бағытында 15 тренинг, 10 дәріс, 5 денсаулық мектебі, 3 көрме және денсаулық бұрышы сынды барлығы 33 іс-шара өткізіліп, оған жалпы саны 329 адам қамтылған. Нашақорлықтың алдын алу бағытында 11 тренинг, 5 дәріс, барлығы 16 шара өткізіліп, оған 225 адам қамтылса, маскүнемдіктің алдын алу бағытында 2 тренинг, 4 дәріс өткізіліп, оған жалпы саны 65 адам тартылған. Ал, осы зиянды әдеттерді болдырмауға негіз болатын ақпараттандыру жұмыстары жөнінде айтар болсақ, темекінің алдын алу бағытында радио, аудио-бейне ролик, баспасөз конференциясы және әлеуметтік желілер арқылы барлығы 15 ақпараттандыру жұмысы жүргізіліп, оған жалпы саны 186 адам қатысқан. Нашақорлықтың алдын алу бағытында 1 радио, 9 аудио-бейне ролик және әлеуметтік желілер арқылы барлығы 16 шара қолға алынып, оған 171 адам тартылды. Сондай-ақ, маскүнемдіктің алдын алу бағытында 2 аудио-бейне ролик дайындалып, оған 21 адам қамтылған.
Мұның барлығы үлкен ізденіс пен ерік-жігерді қажет ететін жұмыстар. Түрлі аурулар мен зиянды әдеттердің алдын алу жолында тер төгіп жүрген бөлім қызметкерлері алдағы уақытта да өз міндеттерін лайықты жүзеге асыра береді деп білеміз. Өйткені, дені сау ұрпақ – жарқын өмірдің кепілі болып қала бермек.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.