Ауылдық жерлерде білім беруге қол жеткізу мен білім сапасын арттыру жобасы кеңейеді
«Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев ауылдық мектептерді дамыту мәселелері жөніндегі Үкімет отырысында Қор ауылдарда білім беруге қол жеткізу мен білім сапасын арттыру шеңберінде іске асыратын жобалар туралы хабарлады.
Оның айтуынша, алдымен Қордың қолдау көрсете алатын бағытын анықтау үшін білім беру саласындағы ағымдағы проблемаларға талдау жүргізілді. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, ең осал тұс – ауылдағы білім, себебі мектептердің 71 пайызы (5 245) ауылдық мектеп, олардың жартысы – шағын жинақталған мектептер (2564 мектеп).
Шағын жинақталған мектептерде білікті мамандардың жоқтығы, материалды-техникалық базаның ескіруі сияқты факторлар білім сапасының төмендеуіне әсер етеді.
«Барлық қазақстандық балалар үшін сапалы білім алу қолжетімді болу керек. Осы мақсатта қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған «Ауылдық жерлерде тірек мектептерінің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы бастау алды. 3 жыл ішінде 135 тірек мектебі құрылды, 2025 жылы 56 мектеп жоспарланған. Барлығы 191 тірек мектеп болады. Тірек мектептерін жабдықтауға Қор 33,5 млрд теңге бөлді. Біз барлық жобаларымызды серіктестермен бірлесіп жүзеге асырамыз», — деп мәлімдеді Болат Жәмішев.
«Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің және оның ведомстволық бағынысты мекемелерінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
«Білім беруді тұрақты дамыту қоры» ҚҚ жобасының операторы жобаны жалпы үйлестіруді жүзеге асырады. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ – әдіснамалық сүйемелдеуді, облыс әкімдіктері мектептердің инфрақұрылымын (жөндеу, интернет) қамтамасыз етеді. ШЖМ дамыту үшін «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы іске асырылды.
Балалардың санына байланысты жабдықтың 2 түрі болды:
– 80-нен астам бала контингенті бар 21 ШЖМ-де 2 кабинет: онлайн оқытуды, робототехника бойынша сабақтарды ұйымдастыруға арналған «цифрлық» кабинет және биология, химия, физика пәндері бойынша ғылым пәні кабинеті жабдықталған.
– 80-нен кем балалар контингенті бар 113 ШЖМ-де онлайн оқытуды ұйымдастыруға, робототехника және биология, химия, физика пәндері бойынша сабақтар өткізуге арналған 1 әмбебап кабинет.
Жобаны іске асыру барысында оқу процесін ұйымдастырудың 4 моделі сыналды, 12 мың онлайн-сабақ өткізілді.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.