Ақпараттық портал

Жерлесіміз республикалық байқаудың бас жүлдесін еншіледі

Өмірдің сан түрлі салаларының ішінде өнер саласының да қоғамдағы рөлі ерекше. Ғылыми негіздерге сүйеніп айтар болсақ, өнер дегеніміз көркем образдар жүйесі арқылы адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі құбылыстарды бейнелейтін қоғамдық сана мен адам танымының формасы. «Өнер» терминін екі мағынада анықтауға болады. Кең мағынасында өнер адам баласының жасампаздығын білдіреді де, “ендіру”, “жасау”, “құру” деген негізден өрбиді. Тар мағынасында “өнер” деп көркем шығармашылық үдерісін және оның нәтижелерін (бейнелеу, поэзия, әуен, би және т.б.) айтуға болады. Жалпы, өнердің көркем әдебиет, музыка, мүсін, театр, кино, би, сәулет секілді тағы басқа сан түрлі қырлары бар. Соның ішінде музыка өнері халық арасында кең тараған, танымал бағыт деп айтуға болатындай. Өйткені, «Әу демейтін қазақ жоқ» деген халық арасындағы нақыл сөздің өзі ән өнерінің өрісі кеңге жайылғандығын айғақтап тұрғандай. Ал, осы өнер түріне жаны жақын жандар біздің ауданымызда да жетіп артылады. Арнайы музыка мамандығының иелерін былай қойғанда, қарапайым азаматтар арасында да өзінің тума талантымен танылып, аталмыш өнердің аясын кеңейтіп жүргендер жоқ емес. Солардың бірі – Ескі Шу ауылдық округі, Белбасар ауылының тұрғыны Арғынбеков Көшкінбай Құстүтінұлы.

Бұл азамат музыка мамандығы бойынша арнайы оқу орнынан білім алмаса да, өзінің ән өнеріне бейімділігімен мектеп қабырғасынан нақты айтқанда, екінші сыныптан бастап ауылдағы көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі болған екен. Ол мұнда ән мен хор бағыты бойынша талантын шыңдап, осы өнерді өміріне серік етіп өседі. Ал отбасында ән өнеріне өзінің анасының жақын болғандығын айтады. Ауылда қарапайым ғана көлік жүргізушісі болып жұмыс жасағанымен, бүгінгі зейнеткер қоғамдық істерде белсенділігімен көзге түсіп, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелігіне өтіп, «Әкелер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде жергілікті халықпен етене жақын еңбек етіп келеді.
Жуырда кейіпкеріміз аудандық газеттің редакциясына ақжолтай ақпаратпен келіп, өзінің жуырда ғана қол жеткізген шығармашылық жетістігі туралы мәлімдеді. Жағымды жаңалықты біз де оқырман қауыммен бөлісуді жөн санадық. Жалпы, Көшкінбай Құстүтінұлы республикалық қазақ радиосының, «Шалқар» радиосының тұрақты тыңдаушысы көрінеді. Мұндағы жағымды жаңалықтарды, «Құттықтау» сазды бағдарламасы сынды өзге де бағдарламаларды қалт жібермейді
– Өзіме «Шалқар» радиосы ұнайды. Бағдарламалары да тартымды. Осы радиодан түскі мезгілде «Құттықтау» сазды бағдарламасы беріледі. Бірде осы бағдарламаны тыңдап отырып, бағдарлама барысында айтылған телефон нөміріне әйелімді туған күнімен құттықтауға арналған хат жолдадым. Артынша, сүт пісірімдей уақыт өтпей жатып, бірден радиодан берілді. Сол уақыттан бері «Шалқар» радиосымен байланысым нығая түсті. Мұнан кейін де баламның туған күнінде, Қарттар күні мерекесінде құттықтаулар жөнелтіп отырдым. Телефон нөмірін де жазып, сақтап қойдым. Бірде ұялы телефонымды қарап отырып, “Шалқар” радиосы қызметкерінің статусына көзім түсті. Мұнда аталар мен әжелерге арналған республикалық байқау өткізілетіні туралы хабарландыру жазылып тұр екен. Дереу хабарласып, байқау талаптары туралы біліп, оның ән бағытына қатысатын болып шешім қабылдадым,-дейді К.Арғынбеков.
Жалпы, «Мереке» продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен ән, хормен ән салу – дәстүрлі ән, мәнерлеп оқу, ақындық өнер, аспапта ойнау, би өнері, қолөнер, бата беру, суретшілік өнер, сән шеруі сынды аталымдар бойынша өткен «Өнерлі елдің өресі биік» деп аталған республикалық байқау 50-90 жас аралығындағы талантты ата-апалардың өнерін шыңдауға бағытталған. Біздің кейіпкеріміз байқау талаптарымен таныса сала, бірден дайындыққа кірісіп кетеді. Осылайша аз уақыттық дайындықтан соң, «Grand parк» сауда ойын-сауық кешені ғимаратының арнайы залында өткен байқау төрінен бір-ақ шығады. Сахнада «Атамекен» патриоттық әнін орындап, бірнеше қатысушылар арасынан оқ бойы озып шығып, байқаудың бас жүлдесін иеленеді.
Марапаттау рәсімінде жерлесіміз ұйымдастырушылар тарапынан арнайы диплом және кубокпен марапатталып, ауылға мерейі үстем болып оралады. Көшкінбай атаны біз де жеңісімен құттықтап, өнерімен өрлей беруіне тілек білдіреміз. Өйткені, жерлесіміздің жетістігі ауданымыздың абыройы.
«Ел іші – өнер кеніші» демей ме?! Ендеше, өнерлі ата-апалар жасай берсін!

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.