Ерлік елге – мұра, ұрпаққа – ұран
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық Кеңесінің II Пленумында қабылданған Қ.Тоқаевтың «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» тапсырмаларын жүзеге асыруға арналған іс-шаралар жоспары негізінде әрі Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ерлік-елге мұра, ұрпаққа – ұран» атты іс-шара өтті. Нақты айтар болсақ, Сәду Шәкіров атындағы орта мектепте Ұлы Отан соғысында ерлігімен көзге түсіп, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері атанған, 1959-1979 жылдары Шу мектеп-интернатының директоры, 1979-1985 жылдары М.Әуезов мектебі директорының орынбасары қызметтерін атқарған, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» төсбелгісінің иегері Нәмет Бәзіловтің 100 жылдығына орай тағылымы мол кездесу өтті.
Кездесуге Шу аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшелері, С.Шәкіров мектебінің ардагер ұстаздары, 1959-1979 жылдарда бітірген мектеп түлектері, Алматыдан, Астанадан, Қостанайдан, Тараздан, Меркіден, Отардан, Мойынқұм ауданынан, Шу қаласы мен Шу ауданының ауылдарынан келген қонақтар қатысты.
Кездесу турасында баяндамас бұрын Нәмет Бәзілов туралы аз-кем толғасақ. Нәмет Бәзілов 1924 жылы 23 қараша күні Жамбыл облысы Красногор ауданында Ворошиловка ауылында дүниеге келген. Жетіжылдық мектепті бітіріп, еңбек жолын 1941 жылы маусым айында бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. 1942 жылы қыркүйек айында сұрапыл соғыстың өрті лаулап тұрғанда Кеңес әскерінің қатарына қабылданады. Жауынгерлік борышын №42546 әскери бөлімшеде өтейді.
Соғыс ардагері Қали Үсенбайұлының естелігінен: “Қарғыс атқыр соғыс әбден өршіп тұрған тұста, 1942 жылғы 12 қарашада облыстың барлық ауданынан жиылған кілең көгөрімдей жігіттер бір состав болып Жамбыл стансасынан батысқа қарай жол тарттық. Ішімізде Нәмет те бар. Содан Саратов облысының Воробьевка стансасына келіп түстік. Петровка дейтін деревнясына әкеліп әскери киім, қару-жарақ берді. Біз кескілескен ұрыстарда қатары қатты сиреген 35-ші дивизияны толықтырады екенбіз. Бөлгенде соның 233-ші полкына түстік. Бір айдай жаттығудан соң айтулы Сталинград қырғынына кірдік те кеттік. Бұл тұста немістердің фельдмаршал Паулюс басқарған 320 мың адамдық тобы толық қоршауға алынған. Күндіз-түні кескілескен ұрыс… Ондай қып-қызыл тозақтан тірі шығамыз-ау деп ойламаған кездер де көп болды ғой. Соның қалың ортасында Нәмет бауырым да жүрді. Батылдығымен қоса сабырлы да еді. Кішіпейілділігін, мейірімділігін айтсаңшы, азаматтың!”.
Соғыс ардагері Дыбыс Алмаханұлының естелігінен: “Жаңа қандыкөйлек жолдасым Қали айтқандай, Нәмет өзінің білімімен, зор адамгершілік қасиетімен қатардағы жауынгер, атқыштар ротасының саяси жетекшісі-политрук болды. Әрбір солдатқа қамқоршы еді. 1943 жылдың қаңтарында құрсауда қалып, қансыраған жауға шешуші шабуыл басталды. 23 қаңтарда біздің полк та сол қып-қызыл отқа қойып кетті. Жан алып, жан беріскен шайқаста оң аяғымнан ауыр жараландым. Ауғанбаев Байболат та жараланып, екеуіміз медсанбатқа түстік. Екі-үш күннен кейін Нәмет келіп жағдайымызды білді. Сол сәт өмірі есімнен кетпейді… Госпитальдан шыққаннан кейін де майдан жолы жалғаса берді. Ендігі бағыт – батыс еді. 1944-1945 жылдары батыс Украинаны босатып, Польшаға кірдік. Соның Санок дейтін қалашығында болған шайқаста мен тағы да қатты жараланып, ес-түсімді білмей жатыппын. Кейін естідім, санитарлық ұшақпен Мәскеудегі госпитальға жөнелтіліпті. Оған салып жіберген де Нәметтің өзі екен. Қайран, бауырым-ай десеңші! Жеңіс күнін Мәскеуде госпитальда қарсы алып, елге 1946 жылы оралдым. Кейін арада біраз жыл өтіп, Нәметпен Шуда кездескенімізде екеуіміздің қуанғанымызды айтсаңызшы! Көпке дейін құшағымыз ажырамады… Ұзақ жыл ұстаздық қызметте қатар еңбек еттік. Әттең, айтулы азамат ертерек кетіп қалды ғой”.
Нәмет Бәзілов аты аңызға айналған Сталинград майданына қатысады. 1941-1945 жылдары болған теңдесі жоқ соғыста Ұлы Жеңіс күнін Батыс Украина жерінде қарсы алады. Жеңістен кейін жауынгерлік жолын сол кездегі НКВД органының Львов қаласындағы бөлімінде жалғастырып, 1950 жылғы наурыз айында елге оралады. Ворошилов атындағы орталау мектепке мұғалім болып орналасады. Бұдан кейін Красногор аудандық партия комитетінің хатшысының көмекшісі қызметін атқарады. 1951 жылдың маусым айынан 1955 жылдың тамыз айына дейін Қаратау кен байыту комбинатының партия комитетінің меңгерушісі қызметін атқарады. 1952-1957 жылдары Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының жағрафия факультетін сырттай оқып, жоғарғы білім алып, мұғалім мамандығын игереді. 1955 жылдың тамыз айында Шу аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. 1959 жылы маусым айында Новотроицк (Төле би) ауылында жетім және шалғай малшы қауымының балалары дәріс алатын сегізжылдық мектеп-интернаттың 20 жыл директоры болады. 1979 жылы Әуезов атындағы орта мектепке ауысып, өмірінің соңына дейін директордың оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
Мектептегі кездесу… Біздер, интернаттың ардагер ұстаздары ұстаздық жолымызда қиындығы мен қызығы мол жылдарды өткердік. Ол кезде біздер жиырма жаста едік. Әр ұстаз өзіне тапсырылған 42-45 баланың тағдырына жауапты екенін, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен тіршілік жасауға болмайтынын түсінген едік. Бүгін 100 жылдық мерейтойын өткізіп отырған Бәзілов Нәмет ағайдың жарқын бейнесі, өмір жолы, адамгершілігі, адалдығы, қамқорлығы туралы «Шу өңірі» газетінде жарық көрген «Адамгершілігі бар адам болу – зор бақыт», «Ұстазым, менің ұстазым!», «Учитель от Бога», «Первые выпускники интерната», «Дәйектер мен деректер», «Шу мектеп-интернатының алғашқы қарлығаштары», сондай-ақ, «Ғұмыр дария» газетінде «Адамгершілігі бар адам – арлы адам» атты мақалаларда толық баяндалды. Нәмет ағайдың адамгершілігі, адалдығы, абыройы, мейірімі туралы естеліктер Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам, адал еңбек, адал табыс» атты Жолдауында айтылған жастар тәрбиесіндегі азаматтың мәңгілік тақырыбы екендігін дәлелдеп отыр. Өйткені, ерекше айта кететін жағдай, кездесудегі түлектердің ең үлкені 77-де екен. Рысбай, Серік, Жеңісбек ортаға шығып, балалық шақтарын еске алып, Нәмет ағайдың әкелік қамқорлығын, ақылын, өсиетін өз өмірлеріне үлгі еткенін, ер балалар мен қыз балалар арасында ешқандай да жаман ниет, жағымсыз қылық, жаман сөз интернатта атымен болмағанын, бұл тәрбиенің күштілігі екенін баяндағанда тебіренбеген тыңдаушы қалмады. Орманқұлов Қуат іс-шараны өзі басқарып, Нәмет ағайдың өткізген дайындық сабағын еске алып, әр тақырыпқа мән бергенін, сонысы өзінің өмірлік жолына азық болғанын ризашылық сезімімен білдірді. Ағай сабақ берген география пәнінен балалар тек қана 4 пен 5 ке оқитын еді.
“Нәмет ағайдың шәкірттерінен кімді ерекше атар едіңіз?” деген сұраққа “Ең бірінші «Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековті» атар едік. Қайраттың алаңда «Жігіттер үш күнге шыдайық, үш күнде бізді БҰҰ естиді» деген сөзінің өзі Қайраттың мектептен алған тәрбиесі еді. Қайрат мектепте комсомол ұйымының хатшысы болды. Социалистік елдердің пионерлері мен комсомолдарына хат жазып хабарласып тұратын еді. Екінші Жамбыл облысында төрт ауданда, яғни Шу, Меркі, Мойынқұм, Талас аудандарының әкімі болған ағайдың үздік оқушысы Рысмендиев Болат Қанатбайұлын атаймыз. Нәмет ағайдың шәкірттері барлық салада еңбек етуде. Олар дәрігерлер, кәсіпкерлер, теміржол мамандары, ұстаздар, мектептің директорлары Жанпейісов Ғабиболла және өзіміздің Сәду Шәкіров мектебінің директоры Иманқұлова Құндызай Жұмаханқызын мақтанышпен айта аламыз” деді.
23 қараша күні Нәмет ағайдың ұл-қыздары Лиза, Салтанат, Асқар-Рахат, Қарлығаш, Айболат, Ерболат, Айгүл ағайын-туыс, бауырлары, нағашы-жиен, құда-жекжат, жора-жолдастары мен көршілеріне ата-анасының рухына Құран бағыштап, ас берді. Ниеттерің қабыл болсын!
Мектеп-интернатты 1959 жылдан 1979 жылға дейін басқарған Бәзілов Нәмет ағай жетім балаларға әке болған, интернатқа басшы болған, ұстаздардың ұстазы, ақылшысы болған, интернатты аудан бойынша ең алдыңғы қатардағы оқу-тәрбие ұясына айналдырған ағайдың жарқын бейнесін, ерекше ықыласын ұмытпаймыз. Бұл кездесуден көңілге түйгеніміз, елге мұра болған аталар ерлігі, келешек ұрпаққа ұран боларына сенімдіміз!
Дәнен Бейсенбаева,
Шу аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі.