Ақпараттық портал

Аудандық кәсіподақтың абыройы еселенген күн

Бағзыдан бастауын алған тарихымызға жүгінсек, «білім” ұғымының аясы кең, арқалар жүгі ауыр екені белгілі. Қай кәсіпті, қай саланы болмасын сөз етсеңіз, бастауында әманда білім саласы тұрары ақиқат. Дана халқымыз “Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар” деп текке айтпаса керек. Білікті болуы үшін де діттеген межеге дейін күн-түн демей шынығып, жаттығып, өзіңнің күшіңді арттырасың, ал білімді болу үшін өміріңнің ақырына дейін аянбай, ерінбей білім қуасың. Білікті болу мен білімді болудың ара-жігін ажыратудың, салмағын таразыға салудың да өзіндік мәні бар. Соңғы жылдары ұсзтаздар қауымының қаншама рет ұлықталып, мұғалім мәртебесінің биіктегенін сан мәрте баспа беттерінде жазып-ақ жүрміз. Ал, осы білім саласы қызметкерлерінің мүддесін қорғап жүрген арнайы ұйымдардың да еселі еңбегі тасада қалған емес. Айтпағымыз, Қазақстан оқу-ағарту ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының да білім саласына төккен тері телегей.
Биыл атаулы, даталы жылдарымыздың қатарында салалық кәсіподаққа да 100 жыл толып отырғанын жыл басынан бері жарыса жазып жатырмыз. Ғасыр жасаған ұйымның бір тамыры саналатын біздің аудандық кәсіподақ ұйымының да жеткен жетістігі мен жеңісі, бағындырған белесі өз алдына бір төбе. Аида Бекмурзина бастаған аудандық кәсіподақ комитетінің сүйіншілер жаңалығы да жоқ емес. Ағымдағы жылы Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының құрылғанына 100 жыл толуына арналған «Ғасыр жасаған ұйым» атты мақалалар байқауында осы жолдардың авторы “Ғасыр жасаған ұйымның даңқы ғасырларға жалғассын” атты мақаласымен бас жүлде иеленсе, республика бойынша сайдың тасындай іріктелген 40-қа жуық балуанның ішінен 90 кг-ға дейінгі салмақ бойынша 40 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бақдәулет Қазыбек “Кәсіподақ барысы-2024” атанып, Шу ауданының абыройын асқақтатты. Міне, аудандық кәсіподақ комитетінің осындай еселі жетістігінің нәтижесі ретінде ауданымызда жергілікті кәсіподақтың Шу аудандық филиалының ұйымдастыруымен “Кәсіподақтың Шу аудандық филиалының кәсіподақ оқуларын ұйымдастыру мен ақпараттық жұмысты жүргізу тәжірибесі туралы” атты облыстық семинар-кеңес өтті. Оған облыстық кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен аудандық кәсіподақ ұйымының активі қатысты.
Семинар-кеңестің ашылу салтанатында психологиялық тренинг өткізілді. Мұнан кейін Шу аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Аида Бекмурзина Шу аудандық кәсіподақ ұйымының жарғылық міндеттерді іске асыру бойынша жалпы ақпараты туралы баяндамасын оқыды. Сондай-ақ, М.Х.Дулати атындағы орта мектебінің Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы С.Шевченко “Кәсіподақ оқуларын ұйымдастырудағы кәсіподақ үйірмелерінің рөлі”, М.Әуезов атындағы орта мектебінің директоры Д.Татибеков “Кәсіподақ ұжым мүддесін қорғап жүр ме?” атты баяндамаларын оқыды.
Бұған қоса, семинар-кеңесте оқыту әдісі рөлдік ойындар, “Кейс” әдісі, техникалық сұрақтар арқылы көрініс тапты. Сонымен қатар сұрақ-жауаптар алмасу арқылы да шараның мән-мазмұны ашылды. Әрі жиын соңында Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы ҚБ-нің төрағасы Ерұлан Мағзымбеков аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Аида Рашидқызына Алғыс хат пен арнайы сыйлық табыстады.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.