Ақпараттық портал

Егемендік – ең қастерлі ұғым

Құрметті аудан тұрғындары!
Қадірменді халайық!
Баршаңызды ең қастерлі мереке – ел егемендігінің 33 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Азаттығымыздың ақ таңдары таусылмасын!
Тәуелсіздік – елімізге еркіндік пен дербестік сыйлаған, еңсемізді тіктеп, етек-жеңімізді жиған тәңірдің тәтті сыйы! Бұл құндылық бізге қасқалдақтың қанындай қымбат екені сөзсіз. Себебі еркіндік жолында ата-бабаларымыздың қаны мен аналардың көз жасы төгілген. Алаш арыстары мен желтоқсан боздақтарының басы да бостандық үшін бәйгеге тігілген.
Тәуелсіздіктің ұлы жолы – бүкіл халық жүріп өткен жол. Бәрімізде бір ғана мақсат бар, ол – болашақ ұрпаққа ең қымбат нәрсе – Тәуелсіз Қазақстанды мұра етіп қалдыру. Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсап, армандаған азаттықтың арайлы таңын көру, оның шуақты шұғыласына бөлену – бізге бұйырды.
Еншімізге егемендік бұйырған күннен бастап экономикалық ахуалымыз жақсарып, сыртқы саясаттағы мәселелер реттеліп, көршілермен қарым-қатынас жолға қойылды. Берекелі тіршіліктің себебімен бүгінде бақуатты тірлік кешіп, ел ішіндегі мәселелер біртіңдеп шешіліп келеді. Оны ширек ғасырдан астам уақытта түрленген өңірімізге қарап аңғаруға болады.
Осы бір 33 жылда ауданымыздың көпұлтты халқы әлеуметтік-экономикалық даму жолында талай биіктерді бағындырып, талай асуларды алды десек, артық айтқандық емес.Кәсіпкерлік нысандардың саны артып, халықтың күн көрісі түзелуде. Ең бастысы, еңбек еткен адамның бейнеті еш болмайтынын білдік. Еліміздің барлық жеңістері мен жетістіктері әрбір қазақстандықтың табанды да тынымсыз еңбегінің жарқын көрінісі.
Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды ұрпаққа мұра ету. Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Алдымызда да әлі талай қыруар шаруалар бар. Оны біз бұқарамен бірлесіп шешетін боламыз!
Тәуелсіздіктің тәтті ұғым ғана емес, қасиетті де қастерлі құндылық екендігін шынайы сезініп жүрміз. Еркіндік пен бостандықты бар жақсылығымыздың бастауы деп білеміз.
Тәуелсіздік жылдарында білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек көрсету және тағы басқа салаларда қомақты табыстарға қол жеткізілді.
Біздің тірегіміз –- тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік!
Ардақты ағайын!
Қымбатты жерлестер!
Сіздерді тағы бір мәрте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 33 жылдық мерекесімен құттықтаймын! Баршаңызға бақуатты ғұмыр, берекелі тіршілік тілеймін! Ұрпағымызға біліммен қуаттанып, елдің ертеңгі ту ұстар тұлғасына айналуына тілектеспін! Көк аспанымыз тұнық күйде тұрсын! Мамыражай күніміздің шуағы сөнбесін! Әрбір азаматтың дені сау, отбасы аман, ошағы бүтін болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз мәңгілік болғай!
Бақытжан ЖӘНІБЕКОВ,
Шу ауданының әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.