Ақпараттық портал

Қос ауылдағы қуаныш

Грек ойшылы Платон бір сөзінде «Судың таза болмағы – өмірдің таза болмағымен тең» деген екен. Бұл лебіздің астарына үңіле отырып, біз судың маңызын терең түсінеміз. Сондықтан осы ауыз су мәселесіне аса мұқият қараған абзал.
Елімізде халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылды. Мәселен, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы 2025 жылға дейін қазақстандықтарды толықтай сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін көздейді. Жергілікті атқарушы органдардың жұмысына қарасақ, Шу ауданында бұл меже өз деңгейінде орындалатын сыңайлы.

Олай дейтініміз, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Төле би мен Жаңақоғам ауылдық округінде су шығару мұнараларының ашылу салтанаты өтті. Осылайша, өңірдегі аталмыш мәселе мәресіне жақындап қалды.
Ең алдымен аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов ауыл қарияларымен бірге аудан орталығының сол жақ беткейін ауыз сумен қамтитын нысанда болып, жиналғандарды қуаныштарымен құттықтады. Сондай-ақ тұрғындарға тәуелсіздік мерекесіне орай ізгі лебізін жеткізді.
Аудан басшылығынан бұрын Төле би ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзахан Оразымбетұлы мен алқа билер кеңесінің мүшесі Балықбай Көпжанов жүрекжарды тілегін жеткізіп, игі іске ақ баталарын берді.
Басты түйткілі тарқаған тағы бір ауыл – Көктөбе елді мекені болды. Бұл ауылда су жүйелерін тарту және су шығару мұнарасының құрылысы біраз уақыт бұрын басталғанымен нәтижесі ел күткендей болмаған. Кейін іске басқа мердігер кірісіп, кемшіліктерді қалпына келтіріп, жұмысты тиянақты аяқтаған.
Нысанның ашылу салтанатына ауылдың тайлы тұяғы жиналып, қадірлі қариялар ұлттық мереке таңындағы қуанышқа үн қосып жатты. Атап айтқанда, ауыл ақсақалы Тарақша Қырықбаев білегін көтеріп бата берсе, жергілікті ардагерлердің жетекшісі Ілебай Күздеубаев ауылдастары мен аудан басшылығына өз лебізін жеткізді.
Сонымен қатар Бақытжан Оразалыұлы жаңақоғамдық тұрғындарды Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген қуанышпен құттықтады.
– Бүгін еліміздің ұлттық мерекесі қарсаңында ауылдарыңызда айтулы шара өтуде. Бұл мерекеге орай тамаша тарту екені сөзсіз. Баршаңызды басты мейрамымызбен және бүгінгі қуанышпен құттықтаймын! Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында өңірімізде бірқатар жақсылықтар орын алуда. Оның ішінде бірнеше елді мекеннің ауыз су төңірегіндегі мәселелері шешімін тапты. Сәтін салса, 2025 жылы Шу ауданында халықты ауыз сумен қамту толығымен шешімін табады деген сенімдеміз,-деді аудан басшысы өз сөзінде.
Қорыта айтқанда, қордаланған шаруалар кезегімен шешімін тауып келеді. Бұл орайда өз мұңын мінбедегілерге жеткізе білген жұртшылық пен оған құлақ тоса білген жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысын атап өту керек.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.