Біздің міндет – халық мүддесі
Тәуелсіздікпен бірге толысып, билік буынымен берік, ел-жұртпен етене қызмет атқарып келе жатқан мәслихаттарға биыл 30 жыл толып отыр. Әрине, бұл тарих үшін қас қағым сәт болуы мүмкін. Бірақ, өткен күндердің өлшемімен қарағанда осы уақыт аралығында халық игілігі үшін қыруар тірлік атқарылғанын аңғару қиын емес.
Тәуелсіздік жылдарында ауданымызда жарқын жобалар жүзеге асты. Бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеріп, пайдалануға берілді. Елді мекендерге ауыз су, газ құбырлары тартылуда. Жолдар жөнделіп, көшелер абаттандырылуда. Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, жұмыссыздық деңгейі біршама төмендеді. Мұндай мысалдарды әр ауылдан кездестіруге болады. Міне, осындай оңды істердің бәрінде аудандық мәслихат депутаттарының да өзіндік қолтаңбасы жатыр.
Алғашқы сайланған депутаттарымыз ең бір қиын кезеңде халық аманатын арқалап, ел-жұрттың қам көңілін көтеруде қолдан келгенше еңбек ете білді. Қызыл империя жүйесі қирап, жекешелендірулер жүргізіліп, зауыт-фабрикалар тоқтап, кеңшарлар таратылып, жұмыссыздықтың белең алған тұсында көптің сеніміне селкеу түсірмеуге барын салып бақты. Егемендігіміздің алғашқы жылдарында мемлекетімізде орын алған осы бір кезеңде маңызды салалардағы тоқтап тұрған жұмыстарды жандандыру, бюджеттің әр тиынын мақсатты жұмсап, керек жеріне жеткізу, оның орындалуын бақылау, жұмыссыздықты жою, жаңа бастамаларды қолдау сынды түрлі саяси-экономикалық, әлеуметтік маңызды жұмыстардың бел ортасынан әрдайым мәслихат депутаттары табыла білді.
Аудандық мәслихат өз қызметін ұйымдастыруда еліміздің ата Заңында, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңында және өзге де заңнамаларында, мәслихаттың регламентінде белгіленген өкілеттіктерді, құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырып келеді.
2023 жылдың 19 наурызында өткізілген ҚР барлық деңгейдегі мәслихаттары депутаттарының сайлауында Шу аудандық мәслихатқа 17 депутат сайланды, оның 8-і «AMANAT» партиясынан, ал 1-і «Ауыл», 4-і «Ақжол»партиясынан ұсынылса, 4-і өзін-өзі ұсынған. Ұлттық құрам бойынша 17-і депутаттың барлығы қазақ ұлтынан. Депутаттардың сапалық құрамына келетін болсақ, 14 депутат ер адам болса, 3 депутат әйел немесе 17,6 пайызды құрайды. Депутаттардың орташа жасы – 43. Білімдері бойынша 17 депутаттың барлығы жоғары білімді.
IХ шақырылған Шу аудандық мәслихатының бірінші ұйымдастыру сессиясында 3 тұрақты комиссия құрылып, олардың мүшелері сайланды. Комиссия мүшелерінің арасынан тұрақты комиссиялардың төрайымы, төрағалары болып №14 сайлау округінен сайланған мәслихат депутаты Л.Жүнісәлиева, №7 сайлау округінен сайланған депутат М.Сұлтанғазиев, №8 сайлау округінен сайланған депутат Н.Разимбеков сайланды.
Маслихаттар – халықтың қалауын білдіретін жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың маңызды бөлігі, ал депутат халық пен биліктің арасын жалғап тұратын алтын көпір. Олардың мақсаты – халықтың мүддесін қорғау, үкілі үмітін ақтау, сенімнен шыға білу. Бұл, әрине өте жауапты да сауапты міндет.
Қорыта айтқанда, аудандық мәслихат, оның ішінде депутаттық корпус қолданыстағы заңдылықтарды басшылыққа ала отырып, ауданды өркендетуге барынша ықпал жасай бермек.
Билік тармақтарының алдында тұрған ең басты мақсат – мемлекетімізді одан ары нығайту. Ендеше, бірлігіміз бекем, тірлігіміз түзу болып, Тәуелсіз еліміздің абыройы асқақтай берсін, құрметті ағайын!
Үзеңгілестерімді және бұрынғы әріптестерімізді Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді органдары-мәслихаттарына 30 жыл толу мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!
Жасұлан ӘБЕНОВ,
Шу аудандық мәслихат төрағасы.