Ақпараттық портал

Билік пен бұқараның алтын көпірі

Биыл мінбелерден елдің мұңын жеткізіп, көптің көкейіндегі сауалды мәселені қозғайтын алаң – Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл толып отыр. Тарих таспасын кері айналдырсақ, 1993 жылғы 10 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Заң қабылданып, 1994 жылғы наурызда алғашқы мәслихат депутаттары сайланған болатын.

Содан бері тәй-тәй басып, түрлі баспалдақтан өткен мәслихаттар заман көшіне ілесіп, реформаларды бастан кешірді. Сайлаушылардың сенімін арқалаған депутаттар жергілікті атқарушы органдармен қоян-қолтық жұмыс істеп, берген уәделерін барынша орындауға тырысып жүргенін де байқаймыз. Қайткенде бұқара мен биліктің арасына алтын көпір орнататын халық қалаулылары аудан тағдырына қатысты оң шешімдердің қабылдануына белсене қатынасып жүр.
Республика көлемінде кеңінен тойланып жатқан мерейтой Шу өңірінде де аталып өтті. Жұма күні аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шараға аудан әкімі Б.Жәнібеков, аудандық мәслихаттың депутаттары мен аппараты, сонымен қатар ардагер депутаттар қатысты.
Салтанатты шараның шымылдығы мемлекеттік Гимннің орындалуымен түріліп, Бақытжан Оразалыұлының құттықтауымен жалғасты. Аудандық мәслихаттың аудан өміріндегі маңызына тоқталған өңір басшысы мандат иелерін мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
-Аудандық мәслихат – елдің дамуында, өңірдің өркендеуінде, халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруда ерекше рөл атқаратыны ақиқат. Өткен 30 жыл ішінде мәслихат қызметі арқылы маңызды шешімдер қабылданып, ауданымыздың тұрақты дамуы үшін қомақты үлес қосылды.
Бұл мерейлі белес – мәслихаттың қызметіне ғана емес, оның құрамында болған барша азаматтардың ерен еңбегіне құрмет көрсетуге тамаша мүмкіндік. Әсіресе, алғашқы депутаттар мен ардагерлердің тәжірибесі мен ұстанымы кейінгі буын үшін үлгі болып қала бермек,-деді аудан басшысы.
Шулық халық қалаулыларын мерейтоймен құттықтаған Бақытжан Оразалыұлы бірқатар азаматтарға Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарды салтанатты түрде табыстады.
Мұнан кейін экс-депутат, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев аудандық мәслихаттың кешегісі мен бүгініне тоқталып, мереке иелеріне жүрекжарды лебізін білдірді. Сондай-ақ, өткен шақырылымдардың депутаттары Т.Халық пен В.Лыткин де өз құттықтауларын жеткізді.
Ақжарма тілектерден соң сахнаға аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов көтеріліп, спикер 30 жылдыққа орай өз баяндамасын жария етті. Аудан депутаттарының жетекшісі үш он жылдық барысындағы мәслихаттың даму сатысын сөз етіп, бұрынғы әріптестерінің еңбектеріне тоқталды. Сондай-ақ үзеңгілестерімен бірге атқарған жұмыстардың қысқаша есебін берді.
-Депутат – халық қалаулысы. Халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, мүддесі мәслихатқа депутат арқылы жеткізіледі. Сондықтан да аудандық мәслихатта атқарушы органдар мен құзырлы мекемелерге депутаттық сауалдар жолдау мен жоғары тұрған органдарға ұсыныстар енгізу сияқты пәрменді және ұтымды жұмыс формалары да кеңінен пайдаланылады.
Бекітілген перспективтік жоспарларға сай мәслихат сессияларында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер қаралып отырды. Өткен екі жылды сараптайтын болсақ, аудандық мәслихаттың 31 сессиясы өткізілді. Бұл сессияларда ұзын саны 169 мәселе қаралып, 169 шешім қабылданды. Сонымен бірге 2023-2024 жылдары аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларында 76 мәселе қаралып, талқыланса, ұзын саны 73 қаулы қабылданды,-деді Жасұлан Әлкенұлы өзінің баяндамасында.
Баяндамадан соң кезек марапаттау рәсіміне беріліп, 63 азаматтың кеудесіне Қазақстан мәслихатының 30 жылдығына арналған мерекелік медаль тағылды. Бұдан соң аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұсынған сазды бағдарламаға кезек берілді.
Сазды бағдарлама барысында вокалды-инструменталды ансамблі, Мәдениет саласының үздігі Бақытжамал Қосыбаева, «Шу серілері», Мерей Жадыра, Гүлім Бесіншібай, “БиАрт”студиясы әуезді ән, әсем би ұсынды.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.