Құмар ойын – ғасыр дерті
Балаларымыз қауіпсіз қоғамда өмір сүрсін десек, оны өзіміз жасауымыз керек. Осыған орай, аудандық ардагерлер кеңесі қазіргі қоғамды алаңдатып отырған жастар арасындағы құмар ойынға тәуелділік, әлімжеттік, бұзақылықтардың алдын алу мақсатында жастар арасында іс-шаралар өткізуде. Аға буын өкілдері бұл мәселеге тек ата-ана ғана емес, бүкіл қоғам болып атсалысып, баланың болашағына балта шабатын сын-қатерлерден сақтану жолдарын айтып, бұл дертпен үздіксіз күресу қажеттігін алға тартты.
Қоғам дерті – құмар ойынға жол бермеуіміз керек. Өйткені, құмар ойын бизнесімен айналысатын букмекерлік кеңсе қызметіне біздің елде тосқауыл қойылмай тұр. Оны ашу үшін керекті құжаттарды жинап, жауапты мекемеге тапсырады. Сондай-ақ лицензия алу құнын төлесеңіз жеткілікті. Тіпті, бұл орталықтарға қолжетімділік арта түскені соншалық, ұялы телефон арқылы да ұтыс тігуге мүмкіндік бар. Ал, бұл ойын аппараттары мен орталықтар қаншалықты бақылауда? Мұны ешкім де дөп басып айта алмайды.
Мамандар лудомания ауруы баланың тәнінен гөрі жанына кері әсерін едәуір көп тигізеді дейді. Құмар ойын жастарға нашақорлық пен алкогольге тәуелділіктен де зиян деп дабыл қағуда. Себебі, құмар ойынға салынған адам жеңілген сайын депрессияға ұшырап, жүйкесі жұқара береді. Тіпті, есінен адасатындар да кездеседі. Құмар ойынға салынған адамды арашалап алу оңай емес. Құмар ойынға бір бас сұққан жастар букмекерлік кеңсеге қайта-қайта барғысы келіп тұратын психологиялық дертке ұшырайтыны белгілі. Алдымен қолындағы барын берсе, уақыт өте үйіндегі заттарға қол салады. Жастар арасында ұялы телефон арқылы логинмен ойнайтындар бар. Онлайн ойынның жетегінде жүргендер қаншама?!Мәселен АҚШ-тың құмар ойындар проблемаларымен күрес жөніндегі қауымдастығының зерттеуіне сүйенсек, әлемдегі кез-келген қала тұрғынының маскүнемге айналуы 34 пайыз, нашақорлыққа салынуы 32 пайыз, ал құмар ойынға үйір болуы 48 пайызға жетеді екен.
Жамбыл облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметіне сүйенсек, Тараз және Шу қалаларында біршама заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру деректері анықталған, оның ішінде Шу ауданында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру бойынша 10 дерек анықталған. Мектептерде әр баланың тағдыры – ел тағдыры екенін ескере келіп, қоғамның өзекті мәселесі – буллингке қарсы оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымдары «Кел, дос болайық» жобасы бойынша тиісті жұмыстар жүргізуде. Бұл жобаның мақсаты – балалар арасында бірін-бірі түсінісуі мен қолдаудың және бірлік пен мейірімділіктің іске асуын насихаттау. Жастардың құмар ойынға білместіктен, түсінбегеннен баруын болдырмас үшін қоғам дертімен көпшілік болып түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет.
Ержан Өмірәлиев,
Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.