Ақпараттық портал

Дәстүрлі жарыс жалауын көтерді

Желтоқсан айының 21-22 жұлдызында Шу ауданында таеквондо WT жекпе-жегінен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековты еске алуға арналған дәстүрлі XXV-ші республикалық ашық турнир өтті.
№38 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен додаға Қостанай, Алматы, Түркістан және Жамбыл облысынан, Алматы, Рудный, Қонаев, Тараз қалалары мен өзге де өңірлерінен, спорт клубтарынан 200-ден аса спортшы қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар дәстүрлі турнирдің маңыздылығы мен Қайрат Ноғайбайұлының егемендік жолындағы жанкештілігін жас ұрпаққа жеткізді.
Одан бөлек, Шу ауданының Құрметті азаматы, желтоқсантанушы М.Уақтегі, тағы бір Құрметті азамат, спорт ардагері С.Абдуманапов, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, дзюдодан спорт шебері Е.Жұмабай, Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін төсбелгісінің иегері, еркін күрестен ҚР спорт шебері, бапкер А.Абдиев, “Желтоқсан тағылымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы К.Ибраимов пен Ғ.Есболғанова, Г.Әділбаева сынды желтоқсаншылар жарыстың құрметті қонағы болды.
Жарыс басталмас бұрын ізгі лебіздер айтылып, шараға шақырылған бірқатар азаматтарға Шу қалалық таэквондо федерациясының төрағасы Марат Тілеуқұлов аталмыш федерацияның 25 жылдығына арналған мерекелік медальді табыс етті. Марапат алған тұлғалар жыл сайынғы жарыстың ширек ғасыр бойы өтуіне өзіндік үлес қосқанын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар Болатбек Әбішевтің әні мен сөзіне жазылған “Батыр Қайрат” әнін Мойынқұм аудандық Мәдениет үйінің әншісі Ерлан Айтқабыл нақышына келтіріп орындаса, Марат Тілеуқұловтың шәкірттері меймандарға өз өнерлерін көрсетті.
Аталмыш турнирде ҚР спорт шеберлері мен 5 дан қара белбеу иегерлері А.Байқоңыров, Н.Қабаев, А.Одилов, А.Абдикаиров сынды спорт саңлақтары төрешілік жасап, жүзден жүйрікті анықтауда қырағылық танытты.
Тартысты өткен таэквондо турнирінде командалық есепте Шу ауданы бас жүлдені қанжығаларына байлады. Тараз қаласы бірінші орынды, Қостанай облысы екінші орынды, Жамбыл облысы мен Алматы қаласы үшінші орынды еншіледі.
Ал жекелей салмақта Төле би ауылының №36 БЖСМ шәкірттері Алдияр Тұрсынхан, Дияр Тұрсынхан, Айбол Базарбек, Нұрислам Дәуренұлы, Бақытжан Әбжапар, Ақарыс Әбілхайыр, Ақтөре Әбілхайыр, Жаснұр Жалғасбек, Уәлихан Нұралбай, Елнұр Базарбек, Елнұр Талғат жарыстың жүлделеріне қол жеткізді.
– Қайрат Рысқұлбеков атындағы республикалық ашық турнирі осымен 25-ші мәрте Шу ауданында өткізіліп отыр. Жыл сайын еліміздің әр түкпірінен таэквондошылар мен спорт жанашырлары жиналуы дәстүрге айналған. Жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу бәрімізге жүктелген міндет. Осы орайда бізге қолдау көрсетіп жүрген аудан әкімдігіне, ата-аналарға, аудандық «Халық Банк» басшысы Нұрлан Көшербаев, кәсіпкерлер Аманбек Қойшыбеков пен Серік Асатов, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қасымхан Мәуленов, бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының басшысы Бақыт Ұзақбаев, Сайфидин Абдуманапов, Бақытжан Тұрғынбаев, Жұмахан Чекаев, Талғат Сәулебаевтарға алғысымды білдіремін,-деді Марат Тілеуқұлов.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.