Ауылдың абыройы болған Абиров
Ауылдың шаңына аунап, жүйріктің жалына жабысып, асау желімен жарысқан жігіттің рухы асқақ болары ақиқат. Алтын бесік саналатын аядай мекенде академияға бергісіз білім алуға болады. Оның ішінде ұлттық спорт түрінен жауынгерлік жігер, жігіттік мінез бен көшбасшылық қасиет қалыптасатыны белгілі.
Қазіргі уақытта – ойынның қызығы, тойдың тұздығы, жігіттің сыны, ел намысының қайрағына баланған «Көкпар» ойынынан Балуан Шолақ ауылының командасы аудандық, облыстық және республикалық ірі турнирлерде жүлделі орындар алып, әлеуетті команда екендігін дәлелдеп үлгерді.
Сол сақа спорттың басында жүріп, шабандоздардың басын қосып, осынау шыңдарды бағындыру екінің бірі емес біраздардың қолынан келе бермейтін шаруа екендігі айтпаса да арлы азаматқа түсінікті жәйт.
Әрбір игілікті істің артында жомарт жүрек, ашық қол бір батырдың тұратындығы анық.
Дәл осы тұста осынау жүгі ауыр жұмысқа бар ынта-шынтасымен кірісіп, ауыртпалығын азаматтығымен арқасына көтеріп жүрген ағамыз Жасұлан Абиров туралы ерекше атап өтуді жөн көріп отырмыз.
Бірнеше жылдан бері ауданда салмақты спорттың сағын сындырмай, оның ұлттық ойын ретінде жоғары деңгейде дамуына, жастар арасында кеңінен дәріптелуіне ең асылы уақытын да, денсаулығы мен қаржысын да аямай, қомақты үлес қосып келе жатыр.
Оған дәлел, күні кеше өз қаржысы есебінен ауылдың көкпар командасының белді жігіттеріне қос бірдей арғымақты сыйға тартты. Бұл біздің осы ойымызды жазуға түрткі болған бір ғана жәйт. Бұған дейін де көкпарға қосқан елеулі үлестері туралы ел аузында аңыздайын айтылып жүргені көпшілікке мәлім.
Жалпы аудан көкпарын қазір осы Жасұлан Абировсыз елестету әсте мүмкін емес.
Көптеген іргелі жарыстарда командаға ұтымды ойын тактикасын қоя біліп, соның арқасында көкпаршыларды финалда шешуші салымдарды салып, жеңісті жұлып алғанына жанкүйерлер куә болған.
Спортсүйер қауым, әсіресе, ұлттық спорттың жанкүйерлері біздің сөзді растап қуаттайтынына кәміл сенімдіміз.
Жарыстарда жеңіп алған жүлделерін команда мүшелерімен бірге келісіп, ауылдағы мұқтаж отбасыларға үлестіріп, ел алғысына бөленген кездері де жоқ емес. Бұған қоса, ауылдың үлкенді – кішілі іс-шараларын (ас-су тарату, той-томалақ) ұйымдастыруда алғы шепте жастардың басын қосып, белсенді атсалысып жүретіндігі де жұртшылыққа аян.
«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» деген Ахаңның даналық сөзін қаперімізге ала отырып, осынау іргелі істердің басы-қасында жүрген ағамыздың қамал алар қырыққа толған сәтінде қолға қалам алуды жөн деп санадық.
Ұлттық өнерді дамытып, оны өз биігінде ұстап, жастарға жөн сілтеп жүрген ағамызға бар жақсылықтарды тілеп, мың алғыс айтамыз!
Данияр Сандыбаев,
Балуан Шолақ ауылдық округінің әкімі.