Ақпараттық портал

Тұрғындардың «медиацияға» деген түсінігі артуда

Дауларды шешудің баламалы түрі ретінде медиация институты (мәмілегерлік, бітімгерлік рәсімі) заңды түрде енгізілген. «Медиация» сөзі бізге таңсық болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Дауды осы жолмен шешу қажетті шешімге қол жеткізуге күштемейді, сондықтан да сыбайлас жемқорлықтың орын алуына жол берілмейді.
Заңгерлер медиацияның қазақ даласы үшін жаңалық, таңсық емес екенін біледі. Расында да өткен тарихқа зер салсақ, жеке адамдар арасындағы, бір қауым ел ішіндегі жер дауы мен жесір дауы сияқты келелі тартыстарды билер алқасы шешіп отырған. Ендеше бүгінгі таңда да қоғамның демократиялық жаңаруы қағидатына дәлме-дәл келетін осы араағайындық делдалдықтың, яғни медиацияның түп тамыры өзіміздің дана бабаларымыздың саясатынан бастау алады.
Өз кезегінде медиаторлар екіге бөлінеді. Олардың бірі медиация мәселесі бойынша арнайы білім алып, тәжірибе жинақтаған кәсіби медиаторлар, ал екіншісі – кәсіби емес медиаторлар.
Азаматтар өзара туындаған дау-дамайларды іс сотқа жолданғанға дейін шеше алады. Медиатор араздасушы екі жақпен де жеке-жеке әңгімелесіп, ушыққан жағдайды реттеудің, сауықтырудың барынша әділетті, ұтымды амалдарын қолданады. Қандай да бір тарап ымыраға келуден бас тартса, медиатор бұл күрделі жағдайды өзінің парасат-пайымы мен біліктілігі арқасында шебер шешуге тырысады. Атап айтқанда, келіспеуші тұлға үшін істі бұлайша насырға шаптырудан көрі өзара тиімді, татуласу келіссөзіне бару оңтайлы болатындай жағдай қалыптасуы тиіс.
Осы заңның аясын кеңінен қолдану мақсатында Жамбыл облысы Шу аудандық сотының ғимаратында медиация бөлмесі ашылып, өкіммен бекітілген татуластырушы судья сотқа келіп түскен талап қоюлар бойынша тараптармен алдын ала сұхбат жүргізіп, бітім-келісімнің екі тарапқа да тиімді шарттарын талқылап, ол бойынша сотқа дейінгі хаттаманы жасақтап, келісімді бекіту туралы ұйғарым қабылдауды жүзеге асырады, бұл іс-шаралар Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің талабына қайшы келмейді.
Осыған байланысты аудан тұрғындары өздерінің отбасылық жағдайында не басқа да мәселелерге байланысты туындаған кез-келген дау-дамайын медиация бөлмесіне келіп, кәсіби немесе кәсіби емес медиатордың, ауыл билерінің және де татуластырушы судьяның көмегін пайдаланып, дауды медиация тәртібімен шешудің екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына немесе тараптардың дауласушылық деңгейін төмендетуге дейін қол жеткізуіне болады.
Бірқатар шетелдерде азаматтық дау-дамайлардың 90 пайызы сотқа жүгінбей-ақ, кәсіби медиаторлардың араласуы арқылы шешіліп отыр.
Біздің қоғамдағы азаматтардың көбі өздері байқамай қалса да, кей жағдайларда медиатордың рөлін атқарып жатады.
Сондықтан, бұл заңды халыққа жете түсіндіріп, дауларды сотқа жеткізбей-ақ бітімгершілікпен шешу мәселесін көтеріп, жергілікті атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынас орнатып, жұмысты оңтайландыра түскенді жөн деп санаймыз.

Б.Мырзалипов,
Шу аудандық сотының судьясы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.