Ақпараттық портал

сынақ алаңында от кешкен

Ағымдағы аптаның мәресінде аудан әкімі Б.Жәнібеков 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күніне орай жиын өткізіп, сынаққа қатысқан жерлестерді құрметке бөледі.
Аталған жиында Бақытжан Оразалыұлы атаулы күннің мән маңызына тоқталып, басын бәйгеге тіккен батыр шулықтарға өз алғысын білдірді.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, 2009 жылы Қазақстан Республикасының бастамасымен БҰҰ Ассамблеясы 29 тамызды – Семей полигонының жабылған күні – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялаған. Бір мүшелден аса жылдар бойы біз осы күні сіздермен кездесуді дәстүрге айналдырып келеміз.
Небір зобалаңды бастан кешірген байтақ даламыз үшін Семейдегі жойқын жарылыстан үлкен сынақ болғаны рас. 1949 жылы 29 тамызда Қазақ топырағында тұңғыш рет атом бомбасы сыналған екен. Сол сәттен бастап тоқтаусыз 40 жыл бойы жасалған сынақтар Шәкәрім, Абай, Мұхтар аталарымыз туған жерді аяусыз жаралады. Біз білетін мәлімет бойынша кем дегенде 468 ядролық сынақ жүргізілген. Оның салдары әлі күнге дейін көз алдымызда.
Сіздер өз бастарыңызды қатерге тігіп, денсаулықтарыңызды құрбан етіп, зардаптарды жоюға атсалысып, адамгершілік тұрғысынан асқан жанкештілік таныттыңыздар. Халқымыздың қайсар ұлдарына тән қасиеттеріңіз жас ұрпаққа үлгі екені ақиқат. Сол үшін сіздерге шексіз ризашылық білдіреміз.
Әрине, Семей полигоны туралы көп айтуға болады. Алайда, жүректегі жараны тырналамауды жөн көріп, сіздерге саулық тілегім келеді. Өздеріңіздей Отанды сүйіп, қажет кезде аянбай қызмет еткен жандарды еліміздің шынайы патриоттары деп қабылдауымыз керек,-деген аудан басшысы мереке иелеріне ақжарма тілегін айтып, дендеріне саулық тіледі.
Сондай-ақ, «Ядролық сынақ ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бектен Қарғабаев сынақ алаңындағы басынан өткерген қиындықтарға кеңінен тоқталды. Мұнан соң марапаттау мезетіне кезек беріліп, сынаққа қатысқан жандардың біразына аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Н.Разимбеков бірқатар азаматтарға Шу ауданының Құрмет грамотасын табыс етіп, өз құттықтауын жеткізді. Оған қоса жиынның құрметті қонақтарына естелік сый-сияпаттар табыс етілді.
Өздеріне көрсетілген құрметке ризашылық білдірген батыр буын көкейдегі сұрақтарына жауап алып, денсаулықты сауықтыру бойынша қажетті ақпаратқа қанықты.

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.