Ақпараттық портал

Абайды танытуда Атымтай жомарттығымен көзге ілінген азамат

«Абайды тану – өзіңді тану» деген тәмсіл тегін айтылмаса керек. Неге десеңіз, Абайдың пәлсапалық терең ойлары арқылы адам өз ойын мазалап, өз бойын тазалап, өлгенше өзімен күресіп, “Толық адам” болуға талпынуы бек қажет. Осы уақытқа дейін Абайдың әр сөзінің астарына үңіліп, кемел адам ілімін санамызға сіңіріп-ақ жүрміз. Мінез, қасиет турасында толғаған құнды дүниелерін оқығанда ой қорытсақ та, соны өз бойымызға жұқтыруға әлі де бірнәрсе жетіспейтіндей боп тұрады. Көптің ішінен көкейі сайрап, өмірде көрген-білгенін көңілге түйіп, кейінгілерге үлгі болуға талпынып, еңбекпен еңсе тіктеген жандарды көргенде Абай ілімінің сәуле шашқандығы сол болар дейміз. Шыққан тауы биік болса да кісі алдында да, кіші алдында да кішіпейіл қалпы бар, ақырын жүріп анық баса білетін, Абайдың бай шығармашылығы арқылы даналыққа бет алған бір жан болса,
ол – Оспанов Жұмахан Зәукетайұлы дер едім.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылды еңбек адамдарына арнап, жастайынан тынымсыз тіршілік кешіп, адами қасиеттерді тірнектеп бойына жинаған, елге, қоғамға үлесі тиген жандарды ардақтауды алға тартуда. Бүгін жазарымызға арқау болып, қолға қалам алуға түрткі жасаған кейіпкеріміздің сексеннің сеңгіріне шыққандағы адамдық болмысы негізгі басымдық болмақ. Шаруаны белден басқан Шу өлкесінің топырағында туып, ауылшаруашылығының алға жылжуына өз заманында елеулі үлес қосып, өз ұрпағына да еңбекті дәріптеген Жұмахан Зәукетайұлының кісілік қалпын, жомарттық қасиетін бір емес, бірнеше рет айтып та, жазып та, дәріптеп те жүрміз.
Сөз басын Абайдан бастауым тегін емес. Әрқашанда даталы, атаулы жылдарға иек артатын мен әлемге танылған хакім Абайдың биыл 180 жылдығы екендігін, ал Жұмахан Оспановтың 85 жас мерейтойы екендігін тілге тиек еткім келеді. Ал бұл арада не байланыс көруге болады десеңіз, өткен оқу жылында Жұмахан Зәукетайұлы Қонаев ауылындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектебінің оқушылары арасында “Абай оқулары” өтуіне ұйытқы болып, өскелең ұрпақтың дана Абайдың шығармашылығымен сусындауына септігін тигізіп, талапты балаларды ынталандыруға бақандай 500 мың қаражатты бергендігін атап өткім келеді.
Абай оқулары 5 кезеңнен, яғни “Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы”, “Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда”, “Абайдың қара сөздері”, “Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары”, “Көңілім әнді ұғады” атты аталымдардан тұрды. Қаржылай ынталандыру болғаннан кейін аталған байқауға мектеп оқушылары көптеп қатысты. Белгіленген уақыт ішінде оқушылар Абайдың ерекше сәулесіне шомылып, рухани азықтан нәр алып, Абайды тани түсті. Қазір сол оқушылардың кез келгенінен Абайдың бір өлеңін айтып берші десең, бір шумақ өлең айтып беруге дайын. Мұның өзі үлкен жетістік. Ал, сол нәтижелі жетістікке жетуде Жұмахан атамыздың еңбегі зор. Шындықтың алдаспаны Шерхан Мұртаза “Кітап жиған қазақтың жиһазы Абайсыз болмас, Абайы болмаса ол қазақ емес, жалпы ондайды саналы адам деу қиын. Төрінде Абайдың кітабы тұрған үйдің сәулесі де молырақ. Абай кітабынан ерекше сәуле шашырап тұрады. Сол сияқты Абайдың кітабы үйінде тұру бір басқа да, оның шапағатына шомылу бір басқа” деп тауып айтқан. Абай оқуларына қатысқан оқушылар кітапханадан Абайдың бір-бір кітабынан қолтығына қыстырып, үйіне алып барғанда қуанбаған ата-ана жоқ шығар?! Аз күн болса да сол үйге Абай кітабынан сәуле шашырап тұрса, оның шапағатына шомылған ұрпақты айтсаңызшы, сол ұрпақты Абайды тануға жетелеген жомарт жанды мың мәрте айтыңыз… Бұл бір деңіз. Жуырда ғана Жұмахан Зәукетайұлы Төле би ауылындағы қарашаңырақ – Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің оқушыларымен кездесіп, ол мектепте де “Абай оқуларын” өткізуге ниетті екендігін жеткізіп, бұл байқауға тағы да қомақты қаржы беретіндігін естігенде “Бәрекелді!” дестік. Ұлт руханиятын ілгерілетуге, білімнің салтанат құруына үлес қосып, Атымтай жомарттықтың үлгісін танытып жүрген Жұмахан атамыздың бұл ісі көпке үлгі. Өмірдегі жасаған жомарттық істердің ең биік шыңы өскелең ұрпақтың білім жолына шамшырақ жаға білу десек, осы жолда тарыдай мың дәні бар басын иген кең жүректі азаматтың ісін айтпай кету бізге сын.
Кейіпкерімізді Атымтай жомарт деуге толықтай негіз бар. Жұмахан атамыз дүниені жүрекке байламай, сұраған жанның қолын қайтармай, өзінің жиғанын кейінгі ұрпақтың саналы болуына сарп етіп жүргендігі кім-кімді де ойлантпай қоймайды. Бұған тағы бір дәлел. Өткен оқу жылын табысты аяқтап, алтын белгі иегерлері атанған оқушыларға, соның ішінде 10 оқушыға 20 мың теңгеден сертификат беруге өз қалтасынан 200 мың теңге бергендігі жомарттықтың нақ үлгісі. Осы бір игі іске мұрындық болса деген ниетпен үйіне іздеп барғанда Жұмахан атамыз қолмен жазылған бірнеше ақ парақтар мен кітаптарды сапырылыстырып, көзіне көзілдірік киіп алып ойға шомып отыр екен. Байқап қалғаным, кітаптардың арасында Абай кітабы ағараңдайды. Көңілге түйгендерін ақ парақ бетіне түрткенді әдетке айналдырған қолы ғана ашық емес, көзі де ашық азамат Абайдың философиялық ой-толғамдарын, көркем мінез үлгілерін, адами қасиеттерді толғаған ой саларлық сөздерін тізбектеп жазып отырады екен.
Бізге де бірнеше көркем ойларды оқып беріп, терең ойға батырғаны тағы бар. Осы тұста Қасым-Жомарт Кемелұлының “Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы.
Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет” деген сөзінің үдесінен шыға алған азаматтардың бірі әрі бірегейі ретінде Жұмахан Оспановты ойланбастан айтуға болатынын айтқымыз келеді. Шын мәнінде “қалың елі қазағы, қайран жұртының” қамын ойлаған Абайдың рухани бастауына бас қойсақ, дамыған елдердің көшінде алғы шептен көрінетініміз ақиқат. Бұған көреген басшымыздың “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” атты мақаласындағы “Озық отыздыққа қосылуды межеледік. Ол межеге де жетеміз. Сол межеге жетуге де бізге Абай мұрасы көмек бере алады” деген сөзі анық дәлел бола алады. Себебі, Абай әлемдік деңгейде танылған тұлға. Ал, осы Абайды дәріптеуде өз жолынан жаңылмай, кейінгі жастарды кемелдендіруге дәл Жұмахан Зәукетайұлындай үлес қосатын азаматтардың қарасы көбейсе, құба-құп.
Бүгінгі тағылымы мол мақаламызды “Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын” деген қанатты оймен түйіндегім келеді.
Бар қазаққа бас болған Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы тұсында көптеген игі шаралар бастау алып, өскелең ұрпақ “Толық адам” болып қалыптасуға қадам басып, әр баспалдаққа көтерілген сайын дана, дара Абайдың қуатты ойларынан, көркем сөздерінен нәр алсын деген тілегіміз бар.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.