Ақпараттық портал

Жоба аясындағы жиын

Өткен бейсенбіде аудандық мәдениет үйінде «Ішімдіксіз ауыл»
жобасы аясында жергілікті тұрғындармен жиын өтті. Аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаевтың
бастамасымен ұйымдастырылған бұл басқосуға ауданымыздың белсенді жастары,
мекеме басшылары, ардагерлер кеңесінің, аналар алқасының мүшелері шақырылды.

Жалпы, ауданымызда соңғы жылдары ішімдіктен бас тарту жұмыстары өз кезегімен жүргізіліп келеді. Мұның нәтижесі ретінде ауданымызда алғашқылардың бірі болып Тасөткел және Бөлтірік ауылдарының халқы ішімдіктен бас тартқаны бәрімізге белгілі. Аталмыш жоба бір адамның емес, бүтін бір қоғамның, ауылдың ішімдіктен бас тартуы. Ауыл тұрғындарының ішімдіктен бас тартуы арқылы құқықбұзушылықтың алдын алумен қатар салауатты және қауіпсіз қоғамды қалыптастыруға жол ашылмақ. Ал, басқосудың мақсаты – осы үрдістің ауданымыздың өзге де елді мекендерінде лайықты жалғасын табуына ықпал ету, тұрғындарды «Ішімдіксіз ауыл» жобасын қолдауға шақыра отырып, солар арқылы көпшілік арасында насихатты күшейту.
Маңызды тақырыпқа негізделген жиынның шымылдығы арнайы дайындалған бейнебаянмен түрілді. Оның мазмұнында арақтың адам санасы мен денсаулығына зияны, жүректен иманды өшіріп, адамды азғындыққа апаратындығы, ата-анаға құрмет көрсетуден қол үздіретіні, бұзақылық, қатыгездік, қанішерлік қасиеттерді қоздыратыны, қылмысқа итермелейтіндігі, шаңырақтың берекесін қашырып, кедейшілікке жеткізетіндігі, адамды өтірік айтуға итермелеп, опасыз жанға айналдыратыны, отбасы мен ағайын-туыс, көпшілік арасында абыройдан айыратыны, адал доспен араздастыратыны, жалпы қоғамға кері әсері туралы айтылып, «Арақ – атаңнан қалған ас емес» үндеуін жастар арасында лайықты насихаттап, түсіндіруді көпшілік орындарда жүзеге асырып, онымен көп болып белсенді күрес жүргізгенде ғана орынды нәтиже көрініс беретіндігі айтылды. Сондай-ақ, ішімдіктен бас тартқан Бөлтірік ауылы мешіті имамының ізгі қадамға Жаратушы иеміздің тек сәттілікті нәсіп етуін тілеген видеосы да назарға ұсынылды.
Мұнан кейін аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Б.Мусакулов ішімдікті мөлшерден тыс тұтынудың адам өміріне және қоғамға келтірген зияны, осы тұста ішімдік салдарынан ауданымызда орын алған қылмыстық істерге тоқталды. Оның мәлімдеуінше, масаң күйде жасалған қылмыстар біздің өңірде де көптеп орын алуда. Мысалы, өткен жылы масаң күйде жасалған қылмыстар саны 34-ке жеткен. Оның ішінде денсаулыққа қасақана зиян келтіру бойынша 7, отбасы-тұрмыстық қатынас саласында 5, ұрлық ісіне қатысты 6, масаң күйде көлік айдап кету бойынша 2, бұзақылық бойынша 2, жол көлік оқиғасы бағытында 3, билік өкіліне күш көрсету бойынша 1, адам өлтіру бойынша 5 факт тіркелген. 2024 жылдың 12 айында ҚР ӘҚБтК-нің баптарында көрсетілген әкімшілік құқықбұзушылық жасаған 531 тұлғаға қатысты хаттама толтырылған.
Ал, 2025 жылдың екі айында алкогольдік өнімдерді сату бойынша 6, қоғамдық орында масаң күйде жүру бойынша 77, көлікті масаң күйде басқару бойынша 11 әкімшілік хаттама толтырылған. Масаң күйде тіркелген ірі қылмыстар орын алған жоқ. Баяндамашының айтуынша, «Ішімдіксіз ауыл» бастамасы арқылы құқықбұзушылықтың алдын алып, отбасылық дау-жанжалдарға да жол бермей келеді. Ауданға қарасты Балуан Шолақ, Бөлтірік, Тасөткел ауылдарының тұрғындары спирттік ішімдіктерді сатудан және пайдаланудан бас тартқандықтан, бұл ауылдарда осы уақыт аралығында ешқандай қылмыс тіркелмеген. Яғни, басты себеп учаскелік полиция инспекторларының жүйелі жұмысы мен тұрғындардың ащы судан бас тартуы болып отыр. Осы және өзге де ақпараттардан хабардар еткен Б.Мусакулов «Ішімдіксіз ауыл» жобасы аясындағы жұмыс әрі қарай да жалғаса беретіндігін жеткізді.
Жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев түсіндіру жұмыстары тиімді жүргізілетін болса, көздеген мақсат та әрі қарай оң нәтиже беретінін айтып, ауданымызда ішімдіктен бас тартқан ауылдардың бары қуантатындығын, осыдан бірнеше уақыт бұрын қолға алынған қандай да бір мейрамханаларда өтетін тойды ерте бастап, ерте аяқтау үрдісі бүгін де жолға қойылып келе жатқандықтан, осы секілді «Ішімдіксіз ауыл» жобасы да әр ауылдың аға буын өкілдерінің ықпалымен дәл осылай жалғасады деген сенімін білдірді. Сонымен қатар, ол өз сөзінде соңғы уақытта бір ғана Төле би ауылында 3 үй тонау фактісі тіркеліп отырғандығын, бұдан өзге жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік, ерлі-зайыптылардың ажырасуы, төбелес сынды оқиғалардың соңында арақ тұратындығын айтып, көпшілікті тың бастаманы жұмыла көтеріп, қолдау білдіруге шақырды.
Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Ж.Бәйтереков, ауданымызға белгілі асабалар Нариман Сүндетұлы мен Мақсат Шомаев, Ғабит Есдәулетовтер, Алға ауылдық округінің қариясы Р.Райсов тақырып төңірегіндегі өз ойларымен бөлісіп, маңызды ұсыныстарын ортаға салып, «Ішімдіксіз ауыл» жобасын қос қолдап қолдайтындықтарын жеткізді.
Мысалы, Ғ.Есдәулетов жуырда анасының мерейжасына арналған тойды кешкі сағат алтыда бастап кеткендігін және ішімдіксіз өткізгендігін, ал тойға кешігіп келген адам өз әрекеті үшін ұялу керектігін, бұл тойды уақытылы бастап, уақытылы аяқтауға негіз болатын бір жол екендігін алға тартты. Сонымен қатар, ол соңғы уақытта орынсыз тойлар көбейіп отырғандығын, тойдағы ойын тәртібі облыста құрылған асабалар қоғамының ережесіне сай болу қажеттігін де назарға салды. Сондай-ақ, айтуынша, әлеуметтік желіде жергілікті жердегі той төңірегінде жүрген қауыммен ашылған «Шу той» тобына жергілікті билік өкілдерін де қосып отыр. Мұндағы мақсат – артық сөзден тыйылып, бір ережеге бағынуға дағдылану.
Ал, Нариман Сүндетұлы осындай жиындар жиі өткізіліп тұрса деген ниетін білдіріп, уақыт жағынан той иесі мейрамхана иесімен келіскендіктен, асабаға бағынбайтындығын, сол себептен, әр мейрамхананың есігінде, кіреберіс тұста жұмыс режимі жазылып тұрса деген ұсынысын айтты.
Алға ауылдық округінің қариясы Р.Райсов та өз кезегінде бұл мәселе төңірегіндегі бар салмақты аға буын өкілдеріне ысырып қоймай, мешіт, әкімдік, полиция, тағы басқа жауапты мекемелердің өкілдері бірлесіп жұмыс жасау қажеттігін мәлімдеді.
Маңызды тақырыпқа негізделген жиын аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының орындауындағы «Арақ пен қазақ» термесімен аяқталды.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.