Ақпараттық портал

Е.Қарашөкеев жедел штаб отырысын өткізді

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жер сілкінісі орын алған Меркі және Т.Рысқұлов аудандарындағы табиғи апат салдарын жою бойынша жедел штаб отырысын өткізді.
Басқосуға азаматтық қорғау қызметінің, жергілікті атқарушы органдардың, тиісті ведомстволардың басшылық өкілдері қатысты.
Жиында Меркі және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдері ағымдағы жағдай бойынша есеп берді.
Аудандарда зардап шеккен азаматтар тіркелмеген. Тіршілікті қамтамасыз ету нысандары қалыпты режимде жұмыс істеуде.
Жалпы Меркі және Т.Рысқұлов ауданында 14 әлеуметтік нысан ішінара зардап шеккен. Оның ішінде 9 білім беру, 2 денсаулық сақтау, 1 әлеуметтік қорғау, 1 спорт және 1 мәдениет нысаны бар.
Қосымша бүлінген нысандарды анықтау, зерделеу жұмыстары жалғасуда.
– Мемлекет басшысы өңірдегі жағдайды жеке бақылауында ұстап отыр. Президент әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті көмек көрсетуді жүктеді.
Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Төтенше жағдайлар вице-министрі бастаған үкіметтік жұмыс тобы облысқа жіберілді.
Әлеуметтік және тіршілікті қамтамасыз ету, өнеркәсіп нысандарының жай-күйі, жол қатынастары тұрақты бақылауда болуы қажет.
Тұрғындардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды, – деген Ербол Қарашөкеев шығын көлемін анықтау үшін кешенді шаралар қабылдап, тұрғындардың талап-тілектерін барынша назарға алуды тапсырды.
Сонымен бірге аудан әкімдеріне ауылдық елді мекендердегі нысандарды толық аралап, ахуалды көзбен көруді, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, қажеттілігіне қарай психологиялық көмек көрсетуді ескертті.
Жамбыл облысы әкімінің
баспасөз қызметі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.