Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері Ә.Қастеев пен О.Таңсықбаевтың туындыларын тамашалады
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейіне барды.
Мәртебелі меймандарға Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет берілді. Музей коллекциясында суретшінің шеберлігі шыңдалған негізгі кезеңдерді айшықтайтын 450-ге жуық туындысы мен графикалық кескіндемесі сақтаулы тұр.
Сонымен қатар мемлекеттер басшылары өзбек бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, ұлты қазақ суретшісі Орал Таңсықбаевтың шығармашылығына арналған ретроспективалық көрмені аралап көрді.
Көрмеге И.В.Савицкий атындағы Қарақалпақстан мемлекеттік өнер музейінен, Орал Таңсықбаевтың музей-үйінен, Өзбекстан мемлекеттік өнер музейінен және Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінен 76 жұмыс қойылған.
Президенттер қылқалам шеберінің ерекше қолтаңбасы мен ұлттық бейнелеу өнеріне үлес қосқан шығармашылық мұрасымен танысты. Алғаш рет Орал Таңсықбаевтың әр кезеңдегі картиналары бір кеңістікте орналастырылды. Бұл жұмыстардың арасында 1920 жылдардың соңы мен 1930 жылдардың басындағы алғашқы туындылардан бастап жылымық дәуірінің үлкен полотноларына дейін бар.
Сондай-ақ, жасанды интеллектінің дамуына арналған көрмеде мемлекеттер басшылары GovTech, Fintech, BigTech, Smart City бағыттарындағы озық шешімдермен танысты. Сонымен қатар IT-компаниялардың жетістіктері, инновациялық және білім беру жобалары қойылған арнаулы аймақты аралап көрді.
Өзбекстан Президентіне Аlem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл орталық мыңдаған маманның жасанды интеллект саласы бойынша білім алуына және стартаптарды іске қосуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевке Ұлттық жасанды интеллект платформасы таныстырылды. Оның көмегімен мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыруға болады. Сонымен қатар президенттерге ұлттық экономикадағы ЖИ әлеуетін арттыруды және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауды көздейтін AI-Sana білім беру бағдарламасы туралы мәлімет берілді.
Президенттерге Орталық Азиядағы ірі технопарктер альянсы –Central Asian Innovation Hubs қызметі жөнінде баяндалды.
Аkorda kz