Мал өсірсең, қой өсір…
Малын жанының садағасы санайтын халқымыз ықылымнан төрт түлігін өсіріп, тіршілігін түлетіп отырған. Бүгін де сол ата кәсіпті жалғастырып отырған жандар жетерлік. Оның ішінде Шопан ата төлін көбейтуге, олардың тұқымын асылдандыруға асығатындар жетерлік.
Мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлетін мемлекетімізде қойды асылдандыру ісі жолға қойылған. Асылданған малдың әр басына субсидия төленіп, шаруаларды демеу ісі ұдайы жүргізіліп келеді. Алысқа бармай-ақ Шу өңірінде қой малын асылдандырып, кәсібін өрге домалатып жүрген шаруа қожалықтары жетерлік. Олардың көл-көсір еңбектерін ауданда өткізіліп жатқан көрмелерден көріп, жәрмеңкелерден байқап жүрміз.
Сондай асыл тұқымды қой көрмесі жуырда Шу ауданында өткізілді. Бұған дейін бірнеше мәрте өткізілген шаруалар шарасына қойдың аталық басын асырап, асылдандырып, оның төлдерін саудалап жүрген қауым жиналды әрі салмақты қошқарларға қызығатын малсақ ағайын да осы ортадан табылды.
Аталмыш көрме барысында қой өсіріп, қошқар баққан 20 шақты шаруа қожалықтарының 200-ден аса қошқарлары көпшілік назарына көрсетілді.
Бұл шараға аудан әкімі Бақыт-жан Жәнібеков, облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев қатысып, шаруа қожалықтардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар көпшілік алдында сөз алып, ата кәсіпті ардақтап жүрген жерлестерімізге алғысын білдірді.
-Қазіргі таңда мал басын асылдандыру ісіне ел Үкіметі жақсы көңіл бөлуде. Оның жемісін шулық шаруалар да көруде. Бұған дейін де өткізілген мұндай шаралар өзара тәжірибе алмасуға, жастарды еңбекке баулуға, қой шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретіні анық. Сондықтан Жаз-атаның кәсібін жалғастырып жүрген жерлестерге алғысымды айтамын. Еңбектеріңіз табысты болсын,-деді Бақытжан Оразалыұлы өзінің лебізінде.
Бұдан соң кезек марапаттау рәсіміне ұласып, Шу ауданында қой шаруашылығын жетілдіріп жүрген шаруаларға аудан әкімінің Алғыс хаттары табыс етіліп, есімдері елге таныстырылды.
Көрме барысында балуандардың бәсекесі өтіп, бабына сенген жігіттер 110 келілік қошқарды көтеруге тырысты. Бұл сын бәріне бірдей жеңіл болмағаны тағы белгілі. Дегенмен алып қошқарды 33 рет көтерген Түркістан облысының тұрғыны Құттыбай Сарыбаев 100 мың теңгелік сыйақыны олжалады. 50 мың теңгені бірлікүстемдік Кенже Қожи еншілеп, қошқарды 16 рет көтерді. Шопан ата төлін 15 мәрте көтерген далақайнарлық Данияр Шакиров үздік үштікті түйіндеді.
Одан бөлек, уақытқа қой қырқу жарысы ұйымдастырылды. Ептілікті сынайтын сайыста 8 қатысушы бақ сынап, өзара мықтыны анықтады. Қой қырқу сайысынан кейін қойды жіліктеу жарысы өтіп, үш қойдың еті қайырымдылыққа жұмсалды.
Айта кетерлік жайт, асыл тұқымды қой көрмесінде нарық бағасынан төмен құнмен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда ет, сүт өнімдері мен «Ауыл аманаты» жобасымен кәсіп бастаған кәсіпкерлердің тауарлары сатылды.
Байжан Емберді.