Комиссия жұмысы жүйелі
Ауданымыздағы аудандық аумақтық сайлау комиссиясы бірнеше жылдан бері жергілікті билікпен біте қайнасып, табысты қызмет етіп, өңірдің саяси өміріне елеулі үлес қосып келе жатқандығы белгілі. Бүгінгі таңда оған Ошанов Азамат Серікұлы төрағалық етіп келеді.
Жуырда біз Азамат Серікұлымен тілдесіп, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы өзара сұхбат жасаған едік. Мұны оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
-Азамат Серікұлы, бүгінгі таңда Шу ауданында қанша сайлау комиссиясы бар және ондағы комиссия мүшелерінің саны қанша?
-Қазіргі кезде еліміздің саяси өмірінде сайлау маңызды рөл атқаруда. Мемлекеттің болашағы саяси науқанға байланысты екені де жасырын емес. Сондықтан, әрбір мемлекет өзінің Ата заңында оны жүзеге асырудың ережелері мен нормаларына ерекше басымдық береді.
Соңғы алты жылда әлемнің озық тәжірибесіне сүйене отырып, еліміздің сайлау жүйесіне оң өзгерістер енгізілгені белгілі. Сол өзгерістердің бірі – комиссия мүшелерін кәсібилендіру.
Аталған өзгерістерге сәйкес, Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 3 мүшесі өз міндеттерін тұрақты кәсіби негізде атқаруда. Бұл өзгерістердің негізгі себебі – еліміздегі сайлау процестерінің тұрақты әрі үзіліссіз жүргізілуі және қос тараптың жауапкершілігін едәуір күшейтті. Межеленген міндеттер мерзімінде, өзекті мәселелер өз уақытында орындалады.
Жалпы, ауданда 63 сайлау комиссиясы бар. Аумақтық-1, округтік-18, учаскелік-44. Оларда 399 комиссия мүшесі жұмыс атқаруда. Учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің 75 пайызы (302 адам) сайлау жүйесінде екі жылдан астам тәжірибесі бар азаматтар.
-Мүгедектігі бар азаматтарға сайлау учаскелерінде қаншалықты жағдай жасалған?
-Мүгедектігі бар азаматтардың аудан бойынша саны-2586. Дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін мүгедектігі бар сайлаушылардың саны-256. Оның ішінде арбаны пайдаланатындар-128, зағиптар-104, нашар еститіндер-24.
Барлық сайлау учаскелері бірінші қабатта орналасқан, пандустар қарастырылған, мүгедектігі бар азаматтарға арналған орындар талапқа сай жабдықталған. Сайлау науқандарында 1 сурдоаудармашы және 2 инватакси қызмет көрсетеді.
-Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылы І жарты жылдықта атқарған жұмыстары бойынша қысқаша анықтама беріп өтсеңіз?
-2025 жылдың бірінші жарты жылдығында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Ақсу, Шоқпар ауылдық округтері әкімдерінің өкілеттілік мерзімі аяқталуына байланысты Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2025 жылғы 22 қаңтардағы №1 қаулысына сәйкес 2025 жылғы 02 наурызға Шу ауданының Ақсу, Шоқпар ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы тағайындалды.
Сайлауға 1 аудандық және 4 учаскелік сайлау комиссиялары- жалпы 27 комиссия мүшелері тартылды.
Ақсу ауылдық округіне 4 үміткер ұсынылып, 3-і кандидат ретінде тіркелді, ал Шоқпар ауылдық округіне 7 үміткер ұсынылып, 3-і кандидат ретінде тіркелді.
Сайлаушылар тізіміне Ақсуда 1348, Шоқпарда 1322 азамат енгізілді. Дауыс беруге – Ақсуға 865, Шоқпарға 857 сайлаушы, оның ішінде есептен шығару куәліктері бойынша – 0, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс жалпы екі округ бойынша – 18 сайлаушы қатысты.
Сайлау қортындысы бойынша Ақсу ауылдық округінің әкімі болып Айтбай Айдар Ермаханұлы, Шоқпар ауылдық округінің әкімі болып Ильясов Нұрлан Мырзақұлұлы сайланды.
2025 жылдың 22 қаңтарында Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының 2024 жылы атқарған жұмыстары және 2025 жылы жүзеге асырылатын міндеттер туралы есептік кездесуі аудандық мәдениет үйінде өткізілді.
Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен «Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің сайлауын ұйымдастырудың теориялық және практикалық негіздері» тақырыбында аумақтық және 58 учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыруға арналған оқыту-семинар өтті. Оқыту-семинарында Қордай аудандық сайлау комиссиясының мүшелері бағдарламада көрсетілген тақырыптар бойынша дәріс оқып, оқылған тақырыпқа қатысты кейстік сұрақтармен практикалық жұмыс жасады.
-Жалпы сайлау мәселесі бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін қайдан көрсек болады?
-«Шу өңірі» газетіне сайлау комиссияларының жұмысы бойынша І тоқсанда 18 материал басылымға шықты. Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының ресми Facebook әлеуметтік желі парақшасында 12 хабарлама мен материал жарияланды. Сонымен қатар, сайлаушылардың жедел ақпарат алып отырулары үшін «Call-орталығы» тел. 3-29-20 жұмыс жасайды. Келіп түскен өтініштерге дер кезінде, яғни өтініш берілген күні жауаптар беріліп отырды. Одан бөлек сұрақтар туындап жатса, есігіміз әрдайым ашық. Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жеке және заңды тұлғаларды жеке сұрақтарымен қабылдау кестесіне сәйкес тіркеліп, кез келген азамат туындаған мәселесіне толықтай ақпарат алуына мүмкіндігі бар.
-Алдағы жоспарларыңыз қандай?
-Биылғы ІІ-ІІІ тоқсандағы жоспар бойынша ағымдағы жылдың 18 мамырына Қорағаты және Өндіріс ауылдық округтері әкімдерінің өкілеттілік мерзімінің аяқталуына байланысты сайлау өткізу жоспарлануда.
2025 жылға арналған іс-шаралардың маңызды бөлігі комиссия мүшелерінің сайлау жүйесіндегі білімі мен кәсіби біліктілігін арттыруға арналған кезеңдік оқытулар, семинар-тренингтер, іскерлік ойындар ұйымдастырылатын болады.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Айғаным Асқарбек.