Коммуналдық қызмет жаңа көліктермен толықты
Қазіргі таңда қала мен дала тазалығы күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселелердің бірі. Онымен күресуде билік тарапынан қажетті қадамдар жасалуда. Тұрғындардың тұрмыстық қалдықтары мен қоқыстарын жинауда «Төле би» коммуналдық көпсалалы кәсіпорны қарқынды жұмыс атқаруда. Мұндай құзыретке бұл мекеме жыл басынан ие болған. Тірлікті жолға қоюда техника аса қажет. Осы сұранысты қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық қызметке жаңа техникалар берілген.
Аталмыш мекеменің бас инженері Алмаз Әлімбаевтың айтуынша, қоқыс жинауға арналған 2 КамАЗ жүк көлігі, 1 бульдозер және қызметкерлерді тасымалдауға арналған УАЗ көлігі сатып алынған. Бұл өз кезегінде көлемді жұмыс атқаруға мүмкіндік беретінін айтады маман.
Сонымен қатар бас инженердің айтуынша, көппәтерлі үйден 3 мыңға жуық, жеке сектордан мыңға тарта тұрғынмен келісімшарт бар. Жеке үйлердің иелері айына 1700 теңге төлеп, айына 4 мәрте қоқыстарын шығартады. Ал көпқабатты пәтер иелерінен адам басына 450 теңге төлемақы алынып, сұраныстарының санына сай қоқыстар шығарылып тұрады. Сондай-ақ заңды тұлғалардан 3500 теңге төлем алынады.
-Біздің көпсалалы мекемеде қоқыс жинауға арналған 4 техника бар. Оның екеуі жаңадан алынған көліктер. Одан бөлек, меншігімізде 4 трактор, 1 жүк тиеуіш, 2 КамАЗ бен 1 бульдозер бар. Аталған техникалар Шу қаласы мен Төле би, Сауытбек ауылдарында қызмет көрсетіп, қоқыстар жиналуда. Келешекте өзге де ауылдар қамтылады деп жоспарлап отырмыз. Жиналған тұрмыстық қалдықтар шаһардағы полигонға төгілуде. Тұрғындарды тазалық сақтауға, біздің мекемемен келісімшарт жасауға шақырамыз. Тазалық саулық кепілі екенін ұмытпайық,-дейді Алмаз Қазақбайұлы.
Қоқыс жинау жұмыстарына күнделікті көлік жүргізушілерінен бөлек 10 жұмысшы тартылған. Шағын жүк көліктер күніне 6 тонна, үлкені 12 тоннаға дейін тұрмыстық қалдықтарды жинауға мүмкіндігі бар.
Тағы бір айта кетерлік жайт, «Төле би» коммуналдық көпсалалы кәсіпорнының әлеуеті жыл сайын артып келеді. Оның ішінде техникаларға арналған арнайы тұрақ салынып, техникалық парк жаңалануда.
-Біздің жергілікті коммуналдық қызметке көңіліміз толады. Көппәтерлі үйдің тұрғыны ретінде 900 теңге төлеп, қоқысты шығартып тұрамыз. Қызметкерлер уақытылы келіп, жәшіктердің айналасына дейін тазалап кетеді. Сондықтан сала мамандарына алғысым шексіз,-дейді Төле би ауылының тұрғыны Д.Нұржанқызы.
Байжан Емберді.