Ерлігі ескеріліп, көше атауына есімі берілсе…
Шу ауданының орталығы – Төле би ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектептің 1998 жылғы түлегі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғаныс күштеріндегі 47762 әскери бөлімнің әскери қызметшісі Райымқұлов Ерлан Тоқтарбайұлының 2019 жылғы 10-мамыр күні Астана қаласының Есіл өзені бойында суға батқан 12 жасар қызды құтқарып, өз өмірін құрбан еткен ерлігі жайында сол уақыттарда бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған еді. Адам өмірін құтқаруда өз өмірін тәуекелге тігіп, мерт болған боздақтың ерлігі лайықты бағаланып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерлігі үшін», Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың бұйрығымен «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
-Атасы мен әжесінің тәрбиесінде болған Ерланның бойында біз білмейтін тылсым күштің, түрлі қасиеттердің қалыптасқанын біз кешірек білдік. Оқушы кезінде көгершін, тауық, ит сияқты үй жануарларымен тез тіл табысатын. Кейде ауылдастардың қабаған иттері босанып кетіп, иелерінің өздері әбігерге түсіп ұстай алмай жатқанда тайыншадай төбеттерді «кә, кә» деп өзіне шақырып, көздеріне тік қарағанда құйрығын бұлғаңдатып, бірден жуасып, өздері жанына келетін. Ал көгершіндерге аузынан су беретін қылығы тіпті таңқаларлық болатын. Көгершіндердің даусын айнытпай салып, қолын көтерсе ұшып келіп иығына қонып, аузына толтырған суды ішкізетін. Қорадағы тауықтардың өзі Ерлан біраз күн көрінбей қалса, қыт-қыттап шулап, мазасызданып, әбігерге түсетін еді. Ерланның бойындағы табиғат дарытқан ерекше тылсым қасиеттер болғанын байқасақ та, аса мән бермеген едік,-деп күрсіне отырып, таусылмас қылықтарын айтқан ана жүрегінің ұлына деген сағынышын сөзбен жеткізу қиынның қиыны екенін сезіндік…
Адамға деген сүйіспеншіліктің қайнары жақсы тәрбие мен тектен жұғатын асыл қасиет екенін ғылым жолы да әлдеқашан дәлелдеп қойған. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, Ерланның анасы Ризагүл қырық жыл тарих пәнінен ұстаздық еткен ана. «Адам бойындағы жақсы-жаман қасиеттер ана тәрбиесі мен адам ағзасының ең қоректі заты сүтпен, тұқым қуалайтын тектен дариды» деген тағлым бекер айтылмаса керек. Ризагүл Дүкенбайқызымен әріптес болған мұғалімдердің бәрінің айтары тек қана жақсы лебіздер. Ерліктің үлкен-кішісі болмайды. Бірақ кез келген адамның өз өмірін қатерге тігіп, атым қалсын деген оймен оқыс іске баруы екіталай. Бұл жастықтың жалындаған албырт қызуы мен қайсарлық, тектіліктен даритын қасиет болса керек. Ерланның атасы Райымқұлов Кенжебек туған жері Бірлікүстем ауылында елеулі еңбегімен кеңес кезіндегі Чкалов колхозының маңдайалды жылқышысы болып жұмыс жасап, аудан бойынша мал шаруашылығы саласында екі орденді иеленіп, еңбегімен елге танылған қадірлі кісі болған.
Қазіргі таңда аудан көлемінде көше аттарының кейбір атаулары қайталанып, мағыналық жағынан ақсап тұрғандығын көзі қарақты көпшілік жақсы біледі. Мәселен, Шу қалалық ауруханасы ғимаратының жанындағы көше маңдайшасына «Қарасу» деп жазылып тұрғанын және аудан орталығы Төле би ауылында «Дәулет» мейрамханасының маңынан өтетін жолдың да «Қарасу» аталып тұрғанын байқадық. Осындай қайталама атауларды өзгертіп, өзіміз сөз қылып отырған қыршын боздақ Ерлан Тоқтарбайұлы Райымқұловтың есімін екі көшенің біріне қойса, көпшіліктің көңілінен шыққан игі іс болар еді әрі батырдың есімі мен ерлігі өскелең ұрпақтың тәрбиесінде үлгі болары анық. Айтылмақ ой: «Өз елін, өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» демекші, ұлы істердің бастауы болатын бейбіт күндегі жастардың ерлік істерін неге дәріптеп, насихаттамасқа? Ел басына күн туған заманда ғана емес, тіршілік түйткілінде кездесетін жанқиярлық әрекеттерді жасап, мерт болған азаматтар рухына тағзым етіп, кейінгі ұрпақ бойына жігер сыйлайтын істерді жасау рухани патриоттық құндылықтарымызды биіктете түсетіні сөзсіз. Өз ортамыздан шығып жатқан жастардың ерліктері кейінгі толқынға өнеге болып қалуы осындай істерден бастау алары да анық. Көше атауына есімі беріліп жатса, бұл кейінгі буын – жастардың бойына рухани күш берілетініне кәміл сенуге болады. Адамгершілік пен қайырымдылықтың символы ретінде өзгеге істеген жанашырлықтың асқақ белгісіндей ұлттық құндылықтарымыздың тарыдай болса да ескерілгені жөн болар еді.
Несіпхан Қоңырбаев,
журналист.