Ақпараттық портал

«Біртұтас тәрбие» атаның өсиетін, ананың қасиетін сіңіруге бағытталды

Бір ұлттың бір мүддеге ұйысып, бірлікте тірлік етуінің астарында бір ойдың жетегіне ілестіретін ілкімді жоспары болуы керек. Соның жарқын көрінісі бола алған “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы барлық қазақстандықтарды бір мақсатқа жұмылдырғандай. Аға буын, орта буын, жас буынның тектілік, тұлғалық негізін қалыптастыруда тәрбиенің біртұтастылығы үлкен маңызға ие. Содан болар, еліміздің білім ошақтарында “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында тәрбие жұмыстары үйлестірілуде. Осыған орай, аталған бағдарламаны іске асыру бойынша медиа жоспарды орындау мақсатында Шу ауданының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдарында “Атадан-өсиет, анадан-қасиет” тақырыбында ата-аналардың қатысуымен шеберлік сынып сағаттары өткізілді.
х х х
Жамбыл атындағы орта мектебінің ұжымы мен оқушылары Әз Наурыз мейрамын ойдағыдай тойлап, көктемгі каникулдан сергіп келгеннен кейін төртінші тоқсанның алғашқы сабағын шеберлік сынып сағатына арнады. Яғни, “Атадан-өсиет, анадан-қасиет” шеберлік сынып сағатын жүзеге асыру мақсатында “Ата жолы-ізгі жол” атты танымдық іс-шара өтті. Оған ауданның қадірлі азаматы, тыл ардагері Тұрсын Жетпісбаев арнайы шақырылып, оқушылардың бойына ұлттық рухты ұялату арқылы ізгілікке жол салуға жол ашты.
Тұрсын Жетпісбаев ақсақал тұтқиылдан соғыс өрті лап берген екінші дүриежүзілік соғыс басталған 1941 жылы небәрі 5 жастағы бала болған. Оның әкесі Рахымбай фронтқа аттанарының алдында өзінің әйелі Секерге ұлы Тұрсын мен қызы Бибігүлге бас-көз болуын тапсырады. Жарының құрсағында жатқан баланың ұл боларын сезген Рахымбай өмірге келер перзентінің есімін Қадір деп қоюын айтып, “Атына лайық, еліне қадірлі азамат болсын!” депті қоштасар сәтінде. Айтса айтқандай-ақ, Тұрсын ағамыздың туған бауыры Қадір Жетпісбаев Қазақстанға кеңінен танылған театр тарланы, атақты режиссер болады. Тұрсын Жетпісбаев ақсақал да ауданның ілгерілеуіне үлес қосып, игі істердің басы-қасынан табыла біледі. Тоқсанға табан тіреген текті жан Тұрсын атамыздың кейінгі буынға айтар ақыл-кеңесі арындап аққан ағын судай екен.
Әңгіме тиегін ағытқанына қарап Тұрсын атамызға оқушыларымыз таңданудан танбады. Нағыз парасат иесі осындай болса керек деп бас шайқадық. Өзіндік болмыс-бітімі, сөз саптауының өзі бір ғажап. Міне осындай өресі биік, өнегелі жолы бар жандардың айтар өсиетін өскелең ұрпақтың бойына дарытуға бағытталған шеберлік сынып сағаты өзіндік бағасымен өтті.
Атап өтерлігі, Тұрсын атамыз ел аузында қажы атанған жан, имандылығы өз алдына бір төбе. “Жақсы бір адам қартайса, көкірегі хат болар” деп Майлықожа бабамыз жырлағандай, жасында байқары болған, қартайғанда айтары көп Тұрсын атамыздың әрбір сөзінің салмағы басым. Сара жолы, дара дәстүрі бар халқымыздың ұлттық құндылықтары өлшеусіз екені күллі әлемге аян. Заман озған сайын дәстүр-жоралғыларымыз жоғалмай, қайта жаңғырып отыруы үшін ұлт болып ұлы мақсатқа жұмылуымыз қажет. Осындайда Тұрсын Жетпісбаев секілді аталарымыз жөн көрсетіп, жол сілтесе, құба құп. Өткеніңнен қол үзбеуге талпындыратын, сыйластыққа жетелейтін, адам бойына жақсы қасиеттерді дарытатын мұндай шеберлік сағаттарын жиі өткізіп тұрсақ, өзегімізден алыстамайтынымыз анық.
Гүлнар ӘМРЕНОВА,
Жамбыл атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.