Ақпараттық портал

«Біртұтас тәрбие» атаның өсиетін, ананың қасиетін сіңіруге бағытталды

Әл-Фараби атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімдері ата-аналармен «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді.
Мақсаты – ұлттық тәрбие мен құндылықтарды насихаттау, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін айқындау, отбасылық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге ықпал ету.
Іс-шара барысында қатысушылар халқымыздың салт-дәстүрлері, ата-ана тәрбиесі, адамгершілік қасиеттері туралы терең мағлұмат беріп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Алғашқы бөлімде қатысушылар «Өсиет дегеніміз не? Қасиет дегеніміз не?» деген сұрақ төңірегінде ой бөлісіп, шағын әңгіме арқылы ұлттық тәрбиенің маңызын көрсетті. Атадан қалған асыл мұра – өсиет сөздердің маңызын түсіндіріп, ана тәрбиесінің рухани құндылықтарын ұғындырды.
«Өсиет сандығы» бөлімінде мақал-мәтел, нақыл сөздердің жалғасын тауып, өмірлік білімдерін көрсетті.
«Ананың қасиеті – отбасының киесі» бөлімінде «Менің анамның ерекше қасиеті» атты шағын естеліктер айтып, аналарынан алған ерекше қасиетті жазып, ортақ қасиет ағашына ілді. Әрқайсысы өздеріне берілген баталарды оқып, мағынасын ашты.
«Сиқырлы жіп» ойыны ойнатылып, ата-ана мен бала арасындағы байланыс пен тәрбиенің маңызы көрсетілді. «Ұрпаққа хат» бөлімінде жастарға айтқысы келген ең маңызды тәрбиелік сөзін жүрекшеге жазып, «Ата-ана тілегі» атты қабырғаға ілді. Ата-аналар шеберлік сағатына белсене қатысқаны үшін Алғыс хаттармен марапатталды. Қорытынды бөлімде ән шырқалып, ата-аналар алғысын білдірді.
Толқын Джобалаева,
Әл-Фараби атындағы орта мектептің бастауыш
сынып мұғалімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.