«Біртұтас тәрбие» атаның өсиетін, ананың қасиетін сіңіруге бағытталды
Әр ұлттың болашағы – оның жас ұрпағының тәрбиесінде. Қазақ халқы үшін отбасы тәрбиесінде әженің алатын орны ерекше. Әже – отбасының берекесі, ұрпақтар арасындағы алтын көпір, ұлттық салт-дәстүр мен тәлім-тәрбиенің бастауы.
Осыған орай, Түймебай Әшімбаев атындағы орта мектепте «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Даналық мектебі» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Әжелердің өшпейтін үлгі-өнегесі» атты шеберлік сынып сағаты өтті.
Әжелер – ұлттың тәрбие мектебі, сондықтанда қазақ ұғымында «Әже – отбасының ұйытқысы» деген сөз бар. Себебі әжелер немерелеріне ертегі айтып, шежіре шертіп, салт-дәстүрді үйреткен. Бүгінде заман өзгергенімен, ұлттық тәрбие маңызын жойған жоқ. Әжелеріміздің өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолы – бүгінгі ұрпақ үшін сарқылмас қазына. Олар немерелеріне ата-баба дәстүрін үйретіп, туған жерге деген сүйіспеншілікті сіңіріп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге баулиды. Ұлттық құндылықтарымызды сақтау мен келер ұрпаққа жеткізуде олардың рөлі аса зор.
Бүгінде көптеген мектептер мен білім ордаларында «Даналық мектебі», «Әже тағылымы», «Әжелер кеңесі» сияқты рухани-танымдық шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл игі бастамалар жастарды ұлттық құндылықтарға баулып, оларды адамгершілік пен мейірімділікке тәрбиелеуге үлкен үлес қосуда.
Кездесу барысында ақ жаулықты әжелеріміз өз өмір жолдары туралы сыр шертіп, өткен дәуірдің тәрбиесі мен бүгінгі қоғамдағы отбасы құндылықтары туралы ой қозғады. Оқушылар әжелерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, халқымыздың асыл мұралары мен салт-дәстүрлері жайлы мол мағұлмат алды.
Әжелеріміз қазақтың ұлттық тағамдары, қолөнері, салт-дәстүрлері туралы да қызықты ақпараттармен бөлісті. Кейбір оқушылар әжелерінің үйретуімен құрақ құрау, кесте тігу, қазақтың салт-дәстүрлерінен үзінді секілді өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, әжелер халық әндерін шырқап, ақ баталарын берді.
Мақпал Абайханова,
Т.Әшімбаев атындағы орта мектеп директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.