Ақпараттық портал

Шуға тоғызқұмалақ ойыны қалай келді?

1989 жылдың күз айы. Мен Шу ауданы, Киров совхозында бас экономист болып қызмет істеймін. Кабинетке совхоздың спорт жөнінде нұсқаушысы Айтқазы Майлыбаев жиі келіп, екеуміз спорт жөнінде және өтіп жатқан жарыстарды талқылап, әңгімелесіп отыратынбыз. Кейде кешке Ахметжан деген жігіт екеуі біздің үйге келіп, шахмат ойнап қайтатын. Бір күні Айтқазы кабинетке келді де, қолында өзіміздің Қазақстанда шығатын кішкентай «Спорт» газеті бар, үндемей оқып отырды. Қайта-қайта қарап қоямын, беріліп оқып отыр.
-Айтан, сонша ұзақ оқитын не жаңалық бар екен?-деп сұрап едім:
-Қазір тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр екен, сонда біздің жамбылдықтар жақсы нәтиже көрсетіп, топ бастап келеді, соны оқып, тоғызқұмалақ қандай ойын, қалай ойнайды екен деп ойланып отырмын,-деді.
Мен оған біздің үйде Талап Сұлтанбековтың «Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ» деген кітабының бар екенін айтып, ертең сол кітаптан бірге қарап, қандай тақтада, қалай ойнайтынымен танысайық деп ұсыныс жасадым. Ол да ертең ауданға жиналысқа баратынын, сонда әріптестерінен ауданда кімдер бұл ойынмен таныс екенін сұрастыратынын айтты.
Ертеңіне мен жұмысқа кітапты алып келіп, жұмысымды жасай жүріп, Айтқазыны күтіп отырдым. Бір тапсырма беруге совхоз директоры Ербол Жаманбалаев кіріп келді де, келген жұмысын айтып болған соң, үстелде жатқан кітапты көріп:
– Мына ойындардың қайсысын ойнап жүрсіңдер,-деп сұрады.
Мен оған Айтқазы екеуміздің арамыздағы тоғызқұмалақ туралы әңгімемізді, Айтқазы мұны қандай тақтада ойнайтынын, ауданда ойнайтын адамдар бар-жоғын білуге кеткендігін айтқан едім, Ерекең жалпы жаңалықты қоштап жүретін азамат еді, жаңағыны естіді де:
– Ой біздің үйде тақтасы бар ғой, ойнаймыз, үйренеміз десеңдер, алыңдар,-деді.
Ауданға жиналысқа барып келген Айтқазы ауданда ешкімнің тоғызқұмалақ ойынын білмейтінін, тоғызқұмалақ тақтасының қандай болатынын да білмейтінін айтып келді. Сол күні кешке екеуміз Ербол Жаманбалаевтың үйінен тақтаны алып, кітап бойынша ойнап үйренуге кірістік. Қанша оқып, кітап бойынша ойнап көрсек те толықтай түсіне алмадық. Екеуміз де ойынға құмартып, ойнағымыз келгенмен, ойнау тәртібін толық түсіне алмай, әбден қиналдық. Бірақ қалай да үйренеміз деп шешіп, директор рұқсат беріп, іссапарға жіберсе Айтқазы Жамбылға немесе тоғызқұмалақ ойыны дамыған Қаратауға барып келуге дайын екенін, сондықтан маған директормен сөйлесіп, іссапарға рұқсат алып беруін өтінді.
Келесі күні мен директорға кіріп, ұлттық ойынды үйренсек деген ынтамыз бар екенін, сондықтан Айтқазыны іссапарға жіберуін сұрап едім, директор: «Қазір жиын-терін біткен кез, қыстай ойнауларыңа болады. Барсын!»-деп бірден қолдай кетті.
Сонымен, Айтқазы 3 күн іссапарда болып, қазір анық есімде жоқ, Қаратаудан ба, Жамбылдан ба сол жақта айналысып, жарыстарға қатысып жүрген ойыншылардан тоғызқұмалақ ойынын үйреніп келді және жылда өтетін облыстық «Алатау таңы» спартакиадасын да тоғызқұмалақ спорты да енгізілгенін, әзірге облыстан алты-ақ команда қатысып жүргенін, сондықтан спартакиада ұйымдастырушылары үйреніп, жаттығып, қатысуды сұранып, команда құрамы 3 ер адам, 1 әйел адам болу керектігін айтып, жарысқа шақырғандарын жеткізіп келді. Мұны аудандағы спорт жөніндегі өзінің басшысына айтқан кезде ол да қуанып, қоштағанын айтады.
Содан Айтқазы екеуміз күн де ойнап, ойынды меңгерген соң, құрамға ауылдағы шахмат ойынымен айналысатын Ахметжан Құрманалиев пен мектеп оқушысы Нұрзия Түсіпбекованы тартып, оларды үйретіп, толық құрам жасақтап, спартакиадаға дайындықты бастап кеттік. 1990 жылы ауданның басқа спорт түріндегі спортшыларымен бірге тұңғыш рет тоғызқұмалақтан Талас ауданы, Ақкөл ауылында өткен облыстық спартакиадаға қатысып, 7 команда ішінде төртінші орынға ие болып, тәжірибе алдық.
1991 жылы Байзақта өткен спартакиадада тоғызқұмалақтан қатысқан 8 команданың ішінде жүлделі екінші орынды еншілеп, командалық есепте ауданның үшінші орын алуына өз үлесімізді қостық.
Осылайша, ауданымызға ұлттық ойын тоғызқұмалақ бірінші рет Бәйдібек ауылы арқылы келді және тұңғыш жүлделі орын алған аудан құрамасы Балықбай Көпжанов, Айтқазы Майлыбаев, Ахметжан Құрманалиев, Нұрзия Түсіпбековадан тұратын толықтай Бәйдібек ауылының азаматтарынан құралды.
Әрмен қарай ауданда тоғызқұмалақ ойыны кеңінен дамып, М.Мәметова атындағы ауыл мектебінде Қайсар Төлеуов, Ерлан Әлиакбаров, Ғазиз Тұрысқұловтардың, Көктөбе ауылында Елтоқ, Еңбекші ауылында Айдар, Төле би ауылында Аббас Нашарбеков есімді азаматтардың жалғастыруымен қарқынды дамып, талай аудан оқушылары облыстық жарыстардың жеңімпаздары, жүлдегерлері атанды.
Осының нәтижесінде қазір ауылымыздың азаматтары Спорт және туризм академиясының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, PhD докторант Ғалымжан Көпжанов академияда ұлттық спорт түрлерінен дәріс беріп (ішінде тоғызқұмалақ та бар), студенттерді жаттықтырады. 2024 жылы Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында өткен ғылыми конференцияда қазақтың ұлттық спорты туралы баяндама жасады. Ал Азамат Қалдыбаев сол көшпенділер ойынында тоғызқұмалақ ойынына төрешілік етті. Қазір Алматы қалалық тоғызқұмалақ федерациясының төрағасы болып қызмет етеді, екеуі де елімізде ұлттық спортымыз – тоғызқұмалақтың дамуына өз үлестерін қосып жүр.
1993 жылдың тамыз айы. Егінді жинап біткен кез. Ауылда Киров атындағы совхоздың және Киров ауылының атын өзгерту жөнінде жиналыс шақырылды. Мен жиын-теріннің қорытындысы бойынша директордың тапсырмасымен есеп дайындап отырғанмын. Кабинетім кеңсенің көше жақ бұрышында орналасқан болатын және сыртта менің кабинетіме жақын жерде жеміс ағаштарының көлеңкесіне арнайы орындықтар орнатылған еді. Жаз кезі, кабинет терезесі ашық, жиналғандар Кировтың, Андреевканың тұрғындары. Олар ауыл аты, ұжым аты-жөнінде өз ұсыныстарын айтып, әрқайсысы өз аталарына, ауылдарына тартып, бір шешімге келе алмай, қызу талқыға салып жатқандарын естіп отырдым.
Осының аз алдында мен 1973 жылы шыққан Қазақ Совет энциклопедиясының 2-томынан Бәйдібек баба жайында оқып, бабамыздан кімдер тарағанын анықтап, білейін деп Балуан Шолақ ауылындағы Зейнекүл Зауірбекова жеңгемізден Сауран ата шежіресін алып танысқанмын.
Тапсырманы бітірген соң директорға алып кірдім. Кірсем кабинетінде партия комитетінің хатшысы З.Рахымбекова, жұмысшылар комитетінің төрағасы Т.Бекназаров үшеуі терезені ашып қойып, елдің пікірталасын тыңдап, өздері де ауылға, ұжымға ат беру жөнінде кеңесіп отыр екен.
Директор мен жұмысшылар комитетінің төрағасы Сәмбетке күйеу, ал парторг маған нағашы болып келеді.
Қағаздарды қарап болған соң, директор маған қалжыңдап:
– Терезеңнің түбінен естіп отырсың ба, ауылға, ұжымға ат қоюға сенде қандай ұсыныс бар,-деп осы жас жігіттен қандай ұсыныс болар екен дегендей, қулана сұрады.
Мен олардан Киров ауылына ат қоюға өзге екі ауылдың қандай қатысы барын сұрап едім: «Ол ауыл совхоз орталығы болғандықтан, ұжымға қарасты үш ауыл тұрғындарымен кеңесіп шешкенді дұрыс деп санадық»-деп жауап берді.
Мен:
-Иә, бағанадан бері барлық пікірталасты тыңдап отырмын, ауыл жұрты негізі Ысты және Сәмбет ағайындардан тұратындықтан, ауылға да, ұжымға да ортақ бабамыз Бәйдібектің атын берейік деп ұсынсақ, ешқандай қарсылық болмайды деп ойлаймын,-дедім де, шығуға бет алғанда үшеуі ойлана бір-біріне қарап қалды.
Біраздан кейін жұмысшылар комитетінің төрағасы Т.Бекназаров шақырды. Кіріп едім, ол кісі менің ұсынысымды қолдағандарын, сондықтан қазіргі жиналыста осы ұсынысымды айтуымды сұрады. Мен оған «сіз жұмысшылардың атасысыз ғой, сондықтан ұсынысты сіз айтыңыз»-деп едім, ол кісі қуана келісті.
Сөйтіп, жиналыс барысында ауылға және ұжымға Бәйдібек баба есімін беру жөніндегі шешім бірауыздан қолдау тауып, директорға ұжым атын өзгерту, селолық кеңес төрағасына ауыл атын өзгерту, әрмен қарай тиісті орындармен жұмыстар жүргізу жөнінде шешім қабылданды.
1994 жылдың ақпан айының басында мені директор шақырды. Кіріп едім, ол өзінің ауданда жиналыста болғанын және онда ауылдық кеңестердің ауылдық округтер болып қайта құрылатыны жөнінде әңгіме қозғалғанын айтты. Соңынан аудан әкімі шақырып, ауылымызға Бәйдібек баба есімін беру жөнінде былтыр шешім қабылданғанымен, ол жөнінде аудан әкімшілігі жанындағы ономастикалық комиссияға ешқандай құжат өткізілмегенін, сондықтан бұл жөнінде жұмыс жүргізу үшін қазіргі ауылдық кеңес төрағасының орнына, ауыл әкімі қызметіне жаңа кандидатура ұсыну жөнінде ұсыныс беру керектігін, осы жиында өзінің ауылға Бәйдібек баба атын ұсынған бас экономист, осы жолдардың авторы еді.
Екі күннен кейін аудан әкімшілігінің аппарат басшысы Бақытжан Нұркенов шақырып:
-Ауыл әкімі қызметіне сені лайық деп ұсынып отырмыз, ойланып жауабыңды айт,-деп жіберді. Мен ойланып, ертеңіне оған келісетінімді айттым.
Осылайша, аудан әкімінің 1994 жылғы 17 ақпандағы қаулысымен ауыл әкімі болып тағайындалдым.
Жұмысқа кіріскен соң ономастикалық комиссияға барып, шынымен ауылдан ешқандай құжат түспегенін анықтадым.
Осыған байланысты Наурыз мейрамы өткеннен кейін 1994 жылдың 25 наурызында ауыл тұрғындарының жиналысы шақырылып, ауылға Бәйдібек баба есімін беру жөнінде шешім қабылданып, жиналыс хаттамасын аудан әкімшілігі жанындағы ономастикалық комиссияға ұсындық. 1994 жылдың 15 маусымында ұсынысымыз комиссияда қаралып, мақұлданып, аудан әкіміне жолданып, әрі қарай олардың тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп, ауылға жоғары тұрған органдардың шешімімен 1995 жылдың сәуір айында ресми түрде Бәйдібек баба аты берілді.
Балықбай КӨПЖАНОВ,
Шу аудандық ардагерлер кеңесінің
төралқа мүшесі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.