Ақпараттық портал

Таңшолпанның тәттілері

Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда жұрт арасында «жұмыс жоқ» деген желеумен мемлекет тарапына айтылатын базына көп. Бажайлап қарасақ, қолы қимылдағанның аузы қимылдап, талаптанғанға нәпақа табылып жүргеніне куәміз.
Демек, елімізде әлеуметтің әл-ауқатын арттыруға арналған саясат дұрыс жолға қойылған. Солардың қатарында «Ауыл аманаты» жобасының берері мол.
Аталмыш бағдарлама бойынша шағын кәсіпке қадам басқан жанның бірі – Таңшолпан Мадияр. Бүгінде Бірлік ауылында тұратын кейіпкеріміз жолдасы Фархат Тулебаевпен бірге ұл-қыз өсіріп, шағын кәсіпті жүргізіп отырған ана.
Таңшолпан жылдың басында тиісті құжаттарды рәсімдеп, «Ауыл аманаты» жобасының 5 бағыты аясында 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. 5 млн теңгеге жуық қаржыға пісіру пешін, қамыр илейтін құрылғы, ет турағыш, тоңазытқыш пен мұздатқыш, үстелдер мен өзге де қажетті жабдықтарды сатып алған.
Наурыз айынан бастап іске кіріскен жас кәсіпкер жерлестеріне кондитерлік өнімдер мен жартылай дайын өнімдерді ұсынып келеді. Жемісті жобаның қатысушысы несиенің төлемі ыңғайлы, пайызы да төмен екенін айтып отыр. Әрі жұмысты үздіксіз атқару үшін 2 адамды жұмыспен қамтуға ниет білдіріп отыр.
Оң жамбасқа оңтайлы кәсіп тапқан кейіпкеріміз жұмыстың бастамасы жақсы екенін айтуда. Себебі, Ораза айындағы ауызашар дастарханына тәттілер көптеп қойылатынына байланысты тапсырыстар арта түскен. Әрі дәмі тіл үйіретін балғын бәліш, басқа да ұн өнімдері сұранысқа ие.
Одан бөлек тұшпара, шұжықтар да қолы жұмыстан босамайтын тұтынушылар үшін таптырмас тағам. Сондықтан ауыл ішінен ашылған сауда нүктесі бірліктік тұрғындарға барынша қолайлы.
-Қазіргі таңда кәсіпке ынталы жандар үшін мемлекет бар мүмкіндікті ұсынып отыр. Оны тиімді пайдалану, сол арқылы табысты арттыру қажет. Мен де жолдасымның қолдауымен кондитерлік және жартылай дайын өнімдерді әзірлейтін кәсіпті бастап, «Ауыл аманаты» жобасына жүгіндім. Қажетті қаражатты алғаннан кейін барлық құрал-жабдықтарды түгендеп, наурыз айында іске кірістік. Тәттілерді қызымыз Мединаның атымен ұсынсақ, жартылай дайын өнімдерді «Аяна» брендімен дайындау үстіндеміз. Құжаттарды әзірлеуде кеңес берген кісілерге, аудан басшылығына алғысымды білдіремін,-дейді жас кәсіпкер Т. Мадияр.
Бірлік ауылдық округінің әкімі Нұрбек Қарауловтың айтуынша, елді мекенде 5 азамат аталмыш жобаның бесінші бағыты бойынша өз істерін бастап, тағы бірі құжаттарын әзірлеу барысында. Осылайша кәсіптен нәсіп теріп, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып отырған тұрғындардың саны біртіндеп артып келеді. Бұл орайда ауыл әкімінің іскерлігін атап өткен жөн. Ауылдастарының тұрмысының түзелуін тілейтін әкімі барда әлеуметтің тірлігі тіктеле бермек.
Сонымен қатар тәтті кәсіп бастап отырған жерлесімізге сәттілік пен табыс тілегіміз келеді.
Еске сала кетейік, жоба аясында шағын несие мерзімі 5 жылға дейін беріледі. Сондай-ақ шағын несиеге берілетін соманың жоғарғысы ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 2500 АЕК-ті құрайды. Бұл дегеніміз, 9 млн теңгеден астам қаражат.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.