ҚАЛАНЫҢ БАС ҚАҚПАСЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРАДЫ
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу қаласының жүрегі саналатын теміржол вокзалы қалыпты жұмыс істеп тұр. Жұмыс істеп тұрғанда, қалай? Кескін-келбетінің ұсқыны қашқан, жолаушылар түсетін беті шаң мен тас, аяқжолға арналған тас төсеніштері езілген, жабайы дүңгіршектердің ортасында жолаушы қабылдауға мәжбүр.
Қалай десек те, ширек ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп тұрған бұл вокзал киелі шаһардың тарихи маңызын арттыра түсуден бөлек, қала тұрғындарының әлеуметтік ахуалына да айрықша әсер етіп отырған нысан. Неге десеңіз, мұнда тәулігіне екі мың жолаушы қажетті бағытына қатынап жатса, қала тұрғындарының бір бөлігі осында күндіз-түні сауданың көркін қыздырып отыр. Сондықтан да, қаламыздың кіреберіс қақпасы саналатын вокзалдың қасбеті мен айналасын ретке келтіру күн тәртібіндегі мәселелердің бірегейі деуге әбден негіз бар.
Шынын айту керек, аталған мәселе бұған дейін де бірнеше мәрте қозғалып, ара-тұра вокзалды күрделі жөндеуден өткізу қажет деген сыңайлы ұсыныс-пікірлер айтылып жүрді. Десе де, бұл әңгіменің барлығы белортасынан тоқтап, тек сөз жүзінде ғана қалып қойған еді. Енді міне, жылдар бойы айтылып келген ұсыныс ҚР Көлік министрлігі тарапынан қолдау тауып, үстіміздегі айдан бастап теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары басталмақ. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келіп, қайта жаңғырту жұмыстарының жоспарымен танысты. Өз кезегінде Қанатбек Қайшыбекұлы құрылыс жұмыстарын ертерек бастап, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау керектігін жеткізді.
– ҚР Көлік министрлігінің бастамасымен және облыс әкімдігінің қолдауымен облыстағы 5 теміржол вокзалына жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта Отар, Шу, Жамбыл, Түрксіб және Боранды стансасына қатысты жөндеу жұмыстарының жоспарлары құрылды. Жобалық-сметалық құжаттары белгіленіп, іші-сыртын абаттандыруға қатысты жоспары жасалды. Бүгінде мердігерлер анықталды, көп ұзамай жұмыс та басталады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Алғаш рет 1989 жылы пайдалануға берілген вокзалдың жалпы аумағы 7 мың шаршы метрді құрайды. Осы аумақ толықтай ретке келтіріліп, көзге оғаш көрінетін олқылықтардың орны толса, бұл ең алдымен аудан қонақтары мен жолаушылар үшін жасалған игі істің бірегейі болар еді. Сонымен қатар, жергілікті әкімдік тарапынан вокзалдың перроны мен алдыңғы бөлігін абаттандыруға қатысты жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттары жасалғанын да айта кеткен жөн. Қалай болғанда да сең қозғалды, ендігі меже – құрылысты сапалы орындап, жұмысты мерзімінде аяқтау ғана болып отыр.
Ерғали Қартайған.