Инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты
Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министр Олжас Бектенов бірқатар жоба аясында Президенттің экономиканы әртараптандыру, өнеркәсіп өндірісі көлемін ұлғайту және экономиканың түрлі салаларында қайта өңдеу қарқынын арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.
Премьер-министрге Jibek Joly арнайы экономикалық аймағының аумағында химия, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, металлургия салаларындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ қажетті инфрақұрылымның дамуы туралы баяндалды. Мұнда барлығы 18 қатысушы тіркелген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірге салынған инвестициялар көлемі 506 млрд теңгені құрады, 2025 жылы 9 жобаны салу нәтижесінде шамамен 850 млрд теңгеге дейін артады деп күтілуде.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек АЭА инфрақұрылымын, оның ішінде газ және электрмен жабдықтауды, су құбырын, теміржол кірме жолдарын дамыту туралы баяндады. Қабылданған шаралар салынып жатқан өндіріс орындарының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға негіз қалыптастырады.
Сонымен қатар Премьер-министр жаңадан қолға алынған өнеркәсіп нысандарының, атап айтқанда, толық циклді металлургиялық кешен мен жүгеріні терең өңдейтін зауыт құрылысының барысымен танысты. Аталған жобалар былтырғы қараша айында Олжас Бектеновтің ҚХР-ға жұмыс сапары аясында өткен кездесулер мен қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде жүзеге асырылуда.
Қазақстан темір рудасының қоры бойынша әлемде 9-шы орын алады. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, өндіріс көлемі 37 млн тоннаға жетті. Толық циклді металлургия кешенінің жаңа жобасы отандық металлургияның дамуына айтарлықтай үлес қосып, экологиялық таза технологияларды қолданудың үлгісіне айналады.
ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.