Ақпараттық портал

Диагностикалық қызмет медицинаның маңызды бөлігі

Ауданымыздағы халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан мемлекеттік және жеке меншікті медициналық мекемелер арасында 2019 жылы өз жұмысын жолға қойған «Daumed-2019» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де маңызды рөлді иеленіп келеді. Аудан халқына Айдар Мұқатаев атындағы медицина орталығы атауымен белгілі аталмыш серіктестік жергілікті тұрғындарға түрлі бағыттағы диагностикалық зерттеулер бойынша қызмет көрсетеді.

Атап айтқанда, басы ауырып, балтыры сыздаған жұртшылық өкілдері бұл жерден магнитті резонансты томография (МРТ), компьютерлік томография (КТ), ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) аппараттары арқылы диагностикадан өтеді. Қазіргі уақытта мұнда екі дәрігер, бір медбике бар. Ол кардиолог және УДЗ аппаратының дәрігері.
Егер, өз денсаулығыңыздан төмендегідей белгілерді байқасаңыз, «Daumed-2019» медициналық орталығында МРТ диагностикасынан өту үшін барлық жағдай жасалғандығын назарға салғымыз келеді:
-жиі бас ауруымен, есте сақтау қабілетінің төмендеуімен, бейхабарлықпен, ұйқысыздықпен, есту мен көрудің күрт төмендеуі;
-жамбас аймағындағы ауру сезімі, қанды бөліністер, несеп-жыныс және ұрпақты болу мүшелерінің ауырсынуы;
-бедеулік, әйелдердегі циклдің жүйелілігіне байланысты проблемалар;
-арқада, мойында, белде, кеуде омыртқасында ауырсыну;
-омыртқа аралық жарық (грыжа) жойылғаннан кейінгі тексерілу;
-сүт бездерінде түйіршіктер болса;
-кез келген мүшеде ісік сезілсе;
-операциядан кейінгі жараның жазылуын және ісіктердің қайталанбауын бақылау.
Көптеген емделушілер МРТ аппаратының зиянды жақтары жайында жиі сұрайтын көрінеді. Бұл бойынша орталық дәрігерлері нақты жауаптар берді. МРТ аппаратының рентген сәулелері мен компьютерлік томографиядан (КТ) айырмашылығы пациенттер МРТ кезінде сәулеленудің нөлдік дозасын алады. Өйткені бұл зерттеу иондаушы сәулеленуге емес, электромагниттік әсерге негізделген.
МРТ сканерінің әсерін ұялы телефонның немесе қысқатолқынды пештің радиациясының әсерімен салыстыруға болады. МРТ тіндер мен мүшелердің құрылымында, күйінде және жұмысында бұзылуларды тудырмайды, сонымен бірге диагностиканың дәл әдісі болып табылады. Сондықтан МРТ кезінде радиациялық әсердің жоқтығына сенімді бола аласыз.
Компьютерлік томография (КТ) пациенттің сүйектері, мүшелері мен тіндерінің жағдайы туралы нақты ақпарат алуға мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық әдіс. КТ кезінде пациент денесінің таңдалған аймағы әртүрлі бұрыштардан рентген сәулелерінің шағын дозаларымен, дәлірек айтқанда, «қабат бойынша» жарықтандырылады.
Тексеру «Hitachi Medical Corporation» (Жапония) фирмасының заманауи «Eclos» компьютерлік томографында жүргізіледі.
КТ ми, орбита (көз), параназальды синус, самай сүйектерінің пирамидалары, көмей (қалқанша без), мойын омыртқа, Thoracins, Lumbums, мүшелер және ретроперитонеальді кеңістік, жамбас мүшелері (әйел және еркек), жамбас буындары, иық буыны, клавикул, шынтақ буын, тізе буындары, тобық буыны, зәр шығару жүйесі (бүйрек, несепағар, қуық), бүйрек үсті бездерін түсіреді.
Орталықтағы медициналық қызмет үшін тағы бір маңызды аппарат – іш қуысын тексеретін ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) аппараты. Сапалы диагностикалық жабдықта жүргізілетін ультрадыбыстық зерттеу бауырды, бүйректі, көкбауырды және қуықты толық медициналық тексеруге мүмкіндік береді. Ішкі органдардың мөлшері мен пішінін, құрылымы мен орналасуын талдау ауытқуларды уақытында анықтауға және тиімді емдеуді тағайындауға көмектеседі. Жоғары тиімділік, қолжетімділік ересектерді де, балаларды да кеңінен тексеруге бағытталған. Бұл процедура бауыр, бүйрек, көкбауыр, ұйқы безі, өт қабы, несеп-жыныс жүйесі сынды ішкі ағзаларды кешенді тексеруден өткізеді.
Сонымен қатар, эхокардиография қызметі жүрек жұмысында қандай да бір бұзылулары бар, жүрек ауруы бар немесе осындай бұзылуларға күдікпен емделушілерге тағайындалады. Эхокардиограммадан кеуде аймағы мезгіл-мезгіл немесе жиі ауыратындар, ентігуден зардап шегетін немесе жиі ауа жетіспейтіндер, басы жиі ауыратын, денесі ісініп жүретін адамдар, гипертониялық науқастар өтуі қажет. Сонымен қатар, жүректің жиі соғуы және жүрек ырғағының бұзылуы, естен тану және дене қызуының ұзаққа созылуы, анықталған жүрек аурулары (жүрек ақаулары, жүректің ишемиялық ауруы және оның түрлері) кезінде осы аппараттың қажеттілігі туындайды.
Күнделікті (Холтер) мониторинг – портативті құрылғы (Холтер) көмегімен ЭКГ-да жүрек динамикасын үздіксіз жазуға, жүрек жұмысындағы өзгерістерді бақылауға және науқастың қызметі жағдайында тәулік бойы қан қысымын бақылауға мүмкіндік беретін зерттеу әдісі.
Күнделікті жүрек бақылауының арқасында аритмия (жүрек ырғағының бұзылуы), стенокардия, гипертония (қан қысымының жоғарылауы немесе төмендеуі), жүректің ишемиялық ауруы секілді жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтауға немесе оның дамуын болдырмауға болады.
Мұндағы келесі қызмет- спирометрия. Бұл өкпе қызметін зерттеу әдісі.
Спирометрия тыныс алу жүйесінің, атап айтқанда, бронхтардың бұзылу дәрежесін диагностикалау үшін жүзеге асырылатын сыртқы тыныс алуды функционалдық зерттеу, тыныс алу кезінде олардың көлемінің уақыт бойынша өзгеруін тіркеу. Бұл тұста зерттеу үшін диагностикалық бөлімде арнайы спирографтар (спирометрлер) құрылғылары қолданылады. Спирография өкпенің жұмысын бағалауға мүмкіндік береді. Зерттеуден кейін алынған қорытынды деректерді талдау арқылы тыныс алу жеткіліксіздігінің түрі мен ауырлығын анықтауға және терапияның сапасын бағалауға болады.
Өкпенің спирографиясының қажеттілігі ұзақ курспен сипатталатын кеуде қуысының ыңғайсыздығы байқалған, дәстүрлі дәрі-дәрмекпен емдеу жеткілікті нәтиже бермеген жағдайда, жиі қайталанатын бронхит және пневмония кезінде, бронх демікпесін емдеу сапасын бақылауда, лас ауамен үнемі байланыста болу себебінен (шахтада, химиялық зауытта жұмыс) тыныс алу жолдарының бұзылуына генетикалық бейімділік кезінде, тағы басқа өкпе қызметіне қатысты жағдайларда туындайды.
Серіктестік иелігіндегі бас құрылысын тексеруге арналған электроэнцефалография аппараты да ауданымызда тапшы әрі аса қажетті аппараттардың бірі.
Сондай-ақ, орталықта бірінші және екінші типті қант диабеті: түзету және емдеу, қалқанша безінің аурулары, бүйрек үсті бездерінің патологиялары, нейроэндокриндік аурулар, остеопороз, семіздікті емдеу бойынша қызмет көрсететін эндокринолог маман бар. Алайда, қазіргі уақытта бала күтімінде болғандықтан, әзірге бұл қызмет тоқтап тұр. Сол себептен серіктестікке басшылық етіп отырған марқұм Айдар Мұқатаевтың жұбайы Костутинова Жаннат Ермахамбетқызы орталыққа бірқатар мамандар қажет екендігін алға тартып отыр. Өзінің мамандығы бухгалтерлік қызмет бағытында болғандықтан, бүгінгі таңда орталыққа бас дәрігер, ЛОР, невропатолог сынды мамандар ауадай қажет. Мысалы, невропатолог маманы МРТ аппаратымен тығыз байланыста жұмыс жасайтындықтан, оның маңыздылығы ерекше.
-Біз аудандық орталық ауруханамен және қалалық ауруханамен келісімшарт арқылы жұмыс жасап, сол мекемелерден келген пациенттерді қабылдаймыз. Оған қоса, бізге көршілес Мойынқұм ауданының тұрғындары да көптеп келеді. КТ мен МРТ аппаратына күніне шамамен 60-70 адам қабылданады. Тіпті, Алматы қаласынан келген қонақтар да осы аппаратқа түсіп, нәтижесін алып жатады. Өйткені, бізде баға Алматы қаласына қарағанда әжептәуір арзанырақ. Ал, мұндай аппараттарды Алматы қаласынан өзінің арнайы мамандары келіп, ай сайын ішкі бөліктерін тазартып, жүйелі жұмыс жасауын тексеріп тұрады,-дейді Жаннат Ермахамбетқызы.
Тағы бір айта кететін жайт, МРТ аппараты қалалық ауруханада және аудан бойынша Айдар Мұқатаев атындағы медициналық орталықта ғана бар көрінеді. Келушілер қарасының қалың-дығы да сол себептен болса керек.
Аталмыш медициналық орталық қызметімен танысу барысында ғимараттың ішкі бөліктерін аралап, арнайы аппараттарды да байқап көрдік. Байқағанымыздай, мұнда пациенттер үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Ғимараттың іші мұнтаздай таза, көгілдір отымен жылытылады. Жылы су ағып тұр, дәретхана ғимараттың ішінде орналасқан. Бұл әсіресе, жасы үлкен адамдар мен балалар үшін маңызды. Бес күндік жұмыс режимінде қызмет көрсететін орталық шұғыл көмек қажет болған жағдайларда сенбі, жексенбі күндері де қызмет көрсетуді жолға қойған.
Ал, дәрігерлердің біліктілігі туралы айтар болсақ, олар мемлекеттік ауруханада қызмет етіп жүрген дәрігерлер болғандықтан, сол жақтың басшылығы ықпалымен тиісті уақыттарда біліктілікті арттыру курстарынан өтіп отырады.
Алайда, орталық жетекшісі УДЗ аппараты бойынша кардилог пен іш қуысының УДЗ аппаратының маманын қысқа мерзімді, яғни айлық курс бойынша оқытып, біліктілік санатын жоғарылатуға сеп болған. Алдағы уақытта да қажетті дәрігерлерді оқытуға барынша күш салатынын жеткізді.
Осындай ілкімді істерімен аудан халқына лайықты қызмет көрсетіп келе жатқан орталық жұмысы әрі қарай да сәтті жалғасады деп сенеміз.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.