Наурыз айы – ұлттық құндылықтар бастауы
«IQ URKER SCHOOL» бастауыш мектебі Шу қаласында алғашқы болып ашылған заманауи жеке меншікті мектеп. Мектепте балалардың жан-жақты білім алып, жеке тұлғалық дамуына барлық жағдай жасалған. Білім беру мемлекеттік стандартқа сай жүргізілумен қатар, ағылшын тілі пәні сингапурлық әдіспен оқытылып, балалар қосымша шахмат, футбол, шешендік өнер, қол өнер, би өнері, домбыра үйірмелеріне қатысып, әр күндерін сапалы да, қызықты өткізеді.
Бір ерекшелігі мұнда тәрбие сағаттары әр сыныпта тақырып бойынша мағлұмат беру бағытында жүргізіліп, әр сыныптың зерттеген бағыты мен берілген тапсырмаларына байланысты апта соңында жалпы мектепішілік қорытынды тәрбие сағаты өтеді. Сол арқылы әр сынып ізденіс бағыттарына машықтана алады және тақырыпқа да бірлескен түрде тұжырым жасалып, оқушылар апта сайын жасаған жұмыстарының сапасына қарай тиісті марапатқа ие болып отырады. Сонымен қатар мектепте ұлттық тәрбиеге аса мән беріліп, «Ұлттық құндылық» арнайы пән ретінде өткізіледі.
Алғыс айту күні мерекесімен басталған наурыз айы айналамызды бірден ажарландырып жібергендей әсер берді.
«IQ URKER SCHOOL» мектебінде бастауыш сыныптармен өткізілген «Алғыс – ақ тілек, бата – ізгі ниет» атты тәрбие сағатының тақырыбын тек алғыс айтуға ғана арнамай, көнеден халқымызға серік болып, күні бүгінге дейін әрбір қадамымызға шуағын төгіп отырған, ұлттық құндылығымыздың бір түрі бата сөзбен байланыстыруды жөн көрдік. Себебі, қазақ халқы әр істі батамен бастап, ннүктесін де батамен қоятын халықпыз. Тәрбие сағатында балаларға үлкендерден бата алудың келешегіне тигізер пайдасын, алғыс алған балаға ғана бата берілетінін, батаны көп алған бала өскенде еліне пайдасын тигізетін азамат болып өсетінін ұғындыру мақсаты қойылды. Тәрбие сағаты балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкестендірілген әдеби-музыкалық композиция түрінде, би-шешендер, бататанушылар, мақалтанушылар, алғыс айтушылар атты топтардың қатысуымен жүргізіліп, тағылымымен балалардың есінде қалды.
Мұнан кейін Ж.Қозыкөрпе-шованың Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай, әр баланың өз қолдарымен алдын ала бидай дәнінен өндіріп, аналарына балғын көкті сыйға тартуын ұйымдастыруы да балалардың бойына анаға деген сүйіспеншілік құндылығын дарытқандай болды.
Ал, Ұлыстың ұлы күні мектебімізде көптен күткен әрі ұлттық құндылықтарды ұлықтауға арналған «Даналық мектебі» тәрбие орталығының ашылуымен есте қалды. Даналық мектебінің ашылуын директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шамшат Байбосынқызы Смағұлова жүргізіп, лентасын қию құрметі ардагер ұстаздар Манат Сатова мен Жұмакүл Қозыкөрпешоваға берілді.
Орталықтың ашылу салтанаты «Абай жолы» роман-эпопеясынан «Абай алған ақ бата» атты көрініспен басталды. Қойылым Зере әже рөлінде ойнаған Манат Сұлтанқызының әуезді үнімен айтылған ертегі, Барлас ақын рөлінде ойнап, Ақтамберді, Жиембет жыраулардың жырларымен сусындата отырып, жас Абайға бата берген шешендік өнер пәні мұғалімі Маратбек Қазбекұлының, Абай рөлінде ойнаған 4 сынып оқушысы Ерлан Санжардың ұлы ақынның жастық шағындағыдай ықылас қоя тыңдауын шынайы көрсете білуімен әсерлі өтті.
Сонымен қатар 2-сынып мақалтанушылары, 3-сыныптың Мұхтар Шахановтанушылары, 4-сыныптың Абайтанушылары ұлылардың ұлағатты сөздерін, 2-орыс сынып оқушыларының наурызға арналған өлең-тілектерін қимылдармен көрсетуі бастауыш сынып оқушыларының бойларында ұлтына, туған еліне, жеріне деген патриоттық сезімінің оянуына ықпал еткені сөзсіз.
Шара соңында Наурыз мерекесінде ойнатылатын «Селтеткізер», «Діреткізер» ойындары ойнатылып, балаларға ұлттық бұйымдар, әшекейлер сыйлыққа берілді.
Мектеп директоры Айжан Қалқабаева, Жұмакүл Қозыкөрпешова, шақырылған қонақтардан Манат Сатова, Ирина Батырбекова жүрекжарды пікірлерін жеткізді. Құрметті қария Қазыбек ата батасын беріп, жалпы жиналған көпшілік, ата-аналар, мұғалімдер, оқушылар наурыз көжеден дәм татып, мектеп құрылтайшысы Хамит Ахунбаевқа, мектеп әкімшілігіне ізгі ниеттерін білдіріп, ризашылықпен тарқасты.
Мерекелік іс-шара барысында мектеп алаңына көкөністер егіліп, көшеттер отырғызылды, ұлттық ойындардан эстафеталық жарыс та тартысты өтті.
Қорыта айтқанда, наурыз айында өтетін мерекелердің жасөспірімдерді ізгі ниет пен армандарға, биік мақсаттарға жетелейтін, бағыттайтын ұлттық тәрбиенің бастауы ретінде маңызы зор.
Маратбек Джантаев,
«IQ URKER SCHOOL» мектебі шешендік өнер үйірмесінің жетекшісі.