Ақпараттық портал

Дәстүрлі дода

Спорттың адам өміріндегі алар орны ерекше әрі пайдасы орасан екені анық. Сондықтан салауатты өмір салтын қалыптастыру ісі мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі. Оны қолдау арқылы қоғамның саламаттылығын қалыптастырып, өскелең ұрпақтың болашағын жарқын етеріміз белгілі.
Осы тұста Шу қаласы, Абай атындағы орта мектеп ұжымының үстел теннисінен жарыс өткізуді игі дәстүрге айналдырғанына бірер жылдың жүзі болғандығын атап өткен жөн. Бас ақын атындағы білім ошағы биыл бұл үрдісті жалғастыра отырып, кезекті шараны Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арнады.
Доданың ашылу салтанатында мектеп директоры Еркін Ахметов пен бұқаралық спорттық жарыстарды өткізу орталығының басшысы Бақыт Ұзақбаев сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарыс барысында ұстаздар жас ерекшеліктеріне қарай екі санатқа бөлінді. Өтінім берген 50-ге жуық қатысушылар 40 жасқа дейінгі және одан жоғары болып өзара бақ сынасты.
Тартысты ойын нәтижесінде С.Шәкіров атындағы орта мектептің мұғалімі Нұрберген Әбіш топты жарып, ізіне Оқушылар сарайының үйірме жетекшісі Қуаныш Сауқымбековты ілестірді. №36 БЖСМ жаттықтырушысы Мэлс Ералиев пен қонаевтық Фархат Абдулов үздік үштікті түйіндеді.
Аға буын арасында Т. Рысқұлов атындағы білім ошағының өкілі Дәурен Ақшабаев оқ бойы озып, мойынқұмдық Ермек Ермегияев екінші орынды иеленді. Еңбекші орта мектебінің мұғалімі Асылхан Жапсарбаев пен шоқпарлық Бауыржан Әшімбаев үшінші орынды еншіледі.
Шапшаңдық пен мергендікті шыңдайтын бәсекенің жеңімпаздарына кубоктар мен медальдар, мақтау қағаздары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
-Үстел теннисі аса танымалдылыққа ие спорт түрі. Оны Мемлекет басшысы шебер меңгергенін жұртшылық жақсы біледі әрі ауданымызда спорттың осы түрімен шұғылданушылардың қатары қалың. Сондықтан осы жарысты ұйымдастырып отырмыз. Осы орайда қолдау көрсеткен мектеп басшысы Еркін Тұрарбекұлына, әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін,-дейді жарысты ұйымдастырушы Бауыржан Искаков.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.